• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Еңбек 08 Тамыз, 2023

Ерінбеген адам – еңбекқор

247 рет
көрсетілді

Еңбек адамына анықтама беріп көрейікші? Біздіңше, еңбек адамы дегеніміз – ерінбеген адам. Мемлекетке алақан жаймай-ақ, өзінің идеясымен шағын кәсіп бас­тап, өзге де адамдардың басын біріктіріп, бір мақсат аясында жұмылдыра алған тұлға. Демек кез келген азамат қолынан келетін істі қорықпай бірінші бастаған жан. Ал Жетісуда – мұндай еңбек адамдары көп.

Мәселен, Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылының тұрғыны Айжан Артықбаеваны алып қарайықшы. Өз кәсібін шыр айналдырып, ауылдастарының көз қуанышына айналып отыр. Бала күнінен өзі сүйіп жасайтын тәтті тағамдарды халыққа ұсынып, кәсіптің көзі еткен. Кәсіпкер сүйген істің еш уақытта шаршатпайтынын, ке­рісінше, одан ләззат алып, іске деген құлшынысты арттыратынын ерекше сезім­мен жеткізді.

Айжан мектепті «Алтын белгіге» бітір­ген. Сөйтіп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, аяқтаған соң есепшілікті де оқыған. Екі жоғары білімі бар маманға бұл бизнесті жүргізуге қазір үлкен көмегін тигізіп жатыр. Ол мұны әңгімелесу кезінде айтты.

«Адам өзі қалаған іспен айналысқанда ғана үлкен жетістікке қол жеткізе алады. Мен оған сүйген кәсібіммен шұғылдану кезінде терең көз жеткіздім. Бизнестен бірден пайда табам деп ойлау – қате. Бұл үлкен шығынға ұшыратады. Сүйген істің барлық қиындығына жемісін көргенше шыдау керек. Бірде сүрінсең, бірде қайта тұрасың, кедергілерден де өтесің. Осылайша шыңдалып, ұшталып барып бір ізге түсесің. Әр істі өз маманына тапсырған дұрыс. Сонда ғана жұмыс жанданады. Бизнесте білімді, жан-жақты болу басты шарт екенін есте ұстаған жөн», дейді кәсіпкер келіншек.

Қазір ол – «Кәрібаева» жеке кәсіпкер­лігінің жетекшісі. Кәсіпкердің тағам өнімдері «Дастарқан» атты тауарлық брендпен шығарылады. Тағам дайындауға қажет өнімдері өздерінің «Нұрдәулет» шаруа қожалығынан әкелінеді. Бұл шаруашылықта 500-600 бас ұсақ мал, 100 бас ірі қара бағылады. Сондай-ақ 300 шақты тауық бар. Яғни ет, сүт, жұмыртқа өнімдерінің бәрі тағам­дарды әзірлеуге қолданылады. Ұнды сатып алады. Дайын өнімдері – 500-600 адам­ға шақталған той-томалақ, ас мәзірі сияқты іс-шараларды өткізуге сұраныста.

Тауық, сиыр етінен мәнті, тұшпара, котлет, самса, шұжық өнімдері дайындалады. Ал сүттен кілегей, ірімшік, құрт жасайды. Қол жаймасы мен бауырсақ, тоқаш, чебурек, басқа да нан түрлеріне тапсырыс көп. Тұрақты түрде сұраныс бере­тін­дері де аз емес. Басым бөлігі – Сары­өзек ауы­лының тұрғындары. Өнімдері әлеуметтік желідегі арнайы парақша арқылы жар­на­маланады. Тұтынушылар көбіне сол арқылы байланысып, Алматы, Талдықорған қаласынан тап­сырыс береді. Себебі олардың хи­мия­лық қоспасыз дайындалатын табиғи таза өнімдерге қызығушылығы жоғары. Яғни тауар өтімділігі талапқа сай.

«Бізде 6 адам жұмыс істейді. Бәрі – жер­гілікті тұрғындар. Олардың арнайы кәсіп­тік білімі болмаса да істегі тәжірибе­лері мол. Қыз-келіншектер әртүрлі іс-шараларға қатысып, тәжірибелі мамандардан білмегендерін үйреніп, біліктілігін же­тіл­діріп қайтуға мүмкіндік жасалады. Ақы­лы курстарға да қатысамыз. Тағам әзір­леу Оңтүстікте жақсы дамыған. Жасыра­тыны жоқ, қазір бізде тамақ өнеркәсібі бойынша маман табу қиын. Сол себепті жұмыс­пен қамту орталығына сұрау жібереміз. Ал осы салада білім алған жастар бізге келмейді, ірі қа­лаларға кетеді. Мәскеуден оқу бітірген ет тех­нологымен де тығыз байланыста жұ­мыс істейміз», дейді А.Артықбаева.

Кәсіпкер «Бір ауыл, бір өнім» жобасына ұсыныс берген. Алдағы уақытта тауар айналымын жақсартып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін нарықты кеңейту көзделіп отыр. Сондай-ақ дайын өнімдерді экспортқа шығару жоспарда бар.