• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.66
  • EUR:
    550.21
Басты сайтқа өту
Табиғат 09 Тамыз, 2023

Алтайды аралаймын десеңіз...

280 рет
көрсетілді

Жаз шықса болды, Алтайдың асқарына, ну орман, өзен-көліне көп­шіліктің аңсары ауады да тұра­ды. Олай деп отырғаным, алыс-жақыннан жыл сайын ат ары­тып келіп жатқан турист көп. Жуықта ғана туристер үшін Катон­қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жаңартылған «Орман жолдары» туристік маршруты ашылды.

Әдетте, Катонқарағайға ат басын бұрған ел әуелі Рахман көлін көруге асы­ғады. Одан ескі Аустрия жолына шығып, мүмкін болса, Марқакөл асып кетеді. Қаракөл, Көккөл, Мұзтауды бетке алатындар да аз емес. Ендігі кезекте табиғатқа тамсанып келген меймандар атқа қонып, Топқайың ауылының тұсынан тау асып, Алтайдың қойын-қолатын аралауға мүмкіндік алып отыр. «Орман жолдары» атты бұл жаңа бағыттың лентасы да салтанатты түрде қиылды.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен Қазақ­стандағы ең ірі табиғи парктердің бірі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жаңартылған «Орман жолдары» туристік маршруты ашылды. Бұл жолдың әдемілігі өз алдына, тарихи тұстары да бар. Сонысымен де туристерді тартады. Жаңа бағыт туризм саласына жаңа күш, тың серпін берсін, деп тілегін айтты аудан әкімі Ділдар Қалиханұлы.

Байқасақ, кейінгі жылдары Қазақ­станда ішкі туризмге деген үлкен қызы­ғушылық бар. Әсіресе, ұлттық саябақтар экологиялық туризмді дамытуда басты рөл атқарып келеді. Жалпы, Қазақстанда 14 ұлттық саябақ болса, былтыр парктерді 2 миллионға жуық турист аралаған екен. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары.

Катонқарағай ұлттық паркінің аума­ғы 643,477 гектарды құрайды. 2017 жыл­­дан ­бастап Катонқарағай ұлттық паркі Қазақстан-Ресей трансшекаралық биосфе­ралық резерват ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 680 шақырымнан асатын 10 туристік маршрут пен төрт соқпақ бар. Ал 2022 жылы Катонқарағай ұлттық паркіне 7 мың 61 адам келген.

– Климаттың жылдан-жылға құрғап бара жатқанын ескере отырып, Алтайдың таулы, орманды аймақтарын қорғауды күшейтіп жатырмыз. Экологиялық мар­шруттарды ашудағы мақсатымыз да сол, жа­нуарлар мен өсімдіктер әлеміне зиян кел­тірмей, табиғаттың бірегей бұ­рыш­тарын меймандарға көрсету, дейді Шығыс Қазақстан облыстық орман ша­руашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрамбеков.

«Орман жолдары» бағыты басталар тұсқа ұлттық парктің биологиялық әртүрлілігі туралы ақпараттар, навига­ция­лық белгілер орнатылды. 20 шақырымнан асатын маршрутты жаяу соқпақпен жүріп өту үшін шамамен бір-екі күн қажет.

Айта кетсек, БҰҰ Даму бағдарламасы жылдар бойы биологиялық әртүрлілікті сақтау және елдегі аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету шараларының бірі ретінде экологиялық туризмді да­мытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Табиғи аймақтардағы туристік маршруттар мен соқпақтарды жүйелей отырып, саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, табиғатқа төнетін қауіп-қатерлерді азайтады. Бұл дегеніміз – ең әуелі өрт. Сонымен қатар қо­қыс тастау, өсімдік әлеміне зиян кел­тіру деген секілді әрекеттердің алдын алады.

– Болашақ ұрпақ үшін табиғат пен адам­ның тепе-теңдігін сақтауымыз керек. БҰҰДБ ел экономикасы үшін эколо­гиялық туризмнің маңыздылығы мен әлеуетін түсіне отырып, осы саланы да­мы­туға жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Мұн­дай қолдаудың әртүрлі нысандарының қатарында озық тәжірибелер мен жал­пы­ға танылған халықаралық стандарттар­ды ескере отырып, экологиялық туризмнің заң­намалық базасын жетілдіру, сарапта­малық және әдістемелік көмек көрсету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін экотуризмді дамыту стратегиясын әзірлеу, туристік маршруттар мен жаяу жүргіншілер жолдарын ұйымдастыру, ЕҚТА-да «жасыл» бизнесті дамыту үшін күш саламыз, – деді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Кейінгі 14 жылда БҰҰДБ қолдауы­мен 8 жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тар құрылып, үшеуінің аумақтары кеңей­тілген екен. Сондай-ақ парктер­дің мате­риалдық-техникалық базасын нығай­­туға және қызметкерлердің білік­ті­лі­гін арт­тыруға ерекше көңіл бөлі­неді. Мәсе­лен, БҰҰДБ жобасы аясын­да Ғалам­дық эко­логиялық қордың қаржы­лық қолда­уымен Катонқарағай ұлттық паркіне жол тал­ғамайтын көліктер, радиотехника, орман өрт­теріне қарсы шағын кешендер, квад­ро­коптер, фотоаппарат, қар барысын ба­қы­лауға қажетті құрал-жабдықтар берілді.

Сөйтіп, жаңа бағыттың лентасы қиыл­ған соң іс-шараға жиналған мейман­дар мен БАҚ өкілдері атқа қонып, 20 ша­қы­рымды жүріп өтті. Жолай Кеңес өкі­меті кезінде істеп тұрған кен орнын кө­ріп, таңдай қағысты. Қариялардан есті­геніміз бар, мұнда соғыс жылдары қор­ғасын өндірген екен. Біз бет алған аңғар жайылған кілемдей қызылды-жасыл гүл­мен көмкеріліп жатты. Рас, асты кеніш, үсті пейіш Алтай тауының бүккен сыры шексіз. Бұдан былай Катонқарағайға келген турист бұл бағытта сапар шегіп, Алтайдың адам аяғы сирек басқан тұсын аралай алады.