Бір қолымен бесікті, бір қолымен ғылымды тербеткен қазақ қыздары туралы үнемі айтылуға, жиі жазылуға тиіс. Өйткені олар отбасына, айналасына қандай мейірімді болса, өз ісіне де дәл сондай адал. Бүгінгі кейіпкеріміз балалық шақта үй жинауға көмектесетін роботтар болса деп армандапты.
Өйткені ауылдағы қарашаңырақтан жақсы-жайсаңдар, көрші-қолаң үзілмейтін еді. Анасына көмектесіп жүріп, «осы уақытымды кітап оқуға жұмсасам» деген бала қиял оны алға жетелеп, инновацияларды, жобалық қаржыландыруды басқару, энергетикадағы құрылыс, халықаралық және квазимемлекеттік ұйымдардағы инфрақұрылымды дамыту бойынша мол тәжірибесі бар жаһандық деңгейдегі білікті маман деңгейіне жеткізеді. Оның есімі – Әсел Аяпова.
Орал өңірінің тумасы өз білімін шыңдап, жасыл энергетика, тұрақты даму және климаттың өзгеруі, жасыл технологиялар инновациясын қаржыландыру саласында көшбасшы ретінде үлкен қызмет атқарды. Білімге деген ынтызарлық пен бойындағы күш-жігер оны АҚШ-тың AES корпорациясының энергетикаға арналған жаһандық дрондық инновациялық бағдарламасының директоры және Энергетикадағы дрондар мен роботтар халықаралық коалициясының, Америкадағы «Women and Drones» қауымдастығы кеңесінің мүшесі лауазымына көтерді.
Адамды алға жетелейтін арман болса, сол арманмен қауыштыратын табанды еңбек, жүйелі білім екені анық. Үнемі ізденісте жүретін адамдар туралы жиі естиміз. Бірақ олардың сол деңгейге қалай жеткенін, қаншама қиындық пен мехнатты бастан кешкенін көбіміз біле бермейміз. Біз сөз етіп отырған Әсел де өз саласының білгір маманы болу үшін көптеген қажырлы еңбек мен құлшыныстан алтындай уақытын аяған емес.
Экономика мамандығы бойынша Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген ол, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық жобаларының бас менеджері, «Астана-Недвижимость» АҚ жобаларды қаржыландыру департаментінің директоры болып, лауазымды әрі жауапты жұмыс атқаруға бел шеше кірісті. Аналитик, экономист болып жүрген оның энергетика саласына қадам басуы да бір реткі сәтті таңдауының жемісі еді. Сол сәтті есіне алған ол «әдепкіде AES корпорациясының қаржы бөліміне түйіндеме жіберген едім. Үш турдан өткен соң, компания өкілдері жоба басқаруға жауаптылардың резервіне тіркеп қойғанын айтты. Екі айдан кейін Шығыс Қазақстан облысында басталатын жаңа жобаның жетекшісі қызметіне тағайындалғанымды хабарлады. Сөйтіп, Өскеменге отбасыммен қоныс аударып, онда электр стансасының құрылысын кеңейту командасының басқарушысы болдым. Бүгінде энергетика саласында еңбектеніп жүргеніме 10 жылдан асты», деді.
Тыңғылықты жұмыс нәтижелері мен көпжылдық озық тәжірибесі оған AES корпорациясының бас кеңсесіне (Арлингтон қаласы, Вирджиния штаты, АҚШ) барып жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Жоғары білім мен жауапкершілікті қажет ететін мұндай жұмысқа қалай қол жеткізгенін Әселдің өзі айтып берді.
– Елде жүргенде AES корпорациясының екі ірі жобасын іске асырдым. Америкадағы басшылық бірінші жобаны халықаралық стандартпен салыстыра отырып, жоғары бағалайтынын айтты. Бұл жобаны іске асыруда біраз ақша үнемдеп, анағұрлым қауіпсіз нысан етуге тырыстым. Ал басшылық ұсынған екінші жобаның жүгі мен жауапкершілігі біріншіге қарағанда ауыр болды. Мемлекеттен рұқсат алу, халықаралық банктермен байланыс орнату оңай болмады. Дегенмен мұның барлығын тиянақты орындап шыққан соң, Америкадағылар мені дарындылар пулына енгізіп, халықаралық жобаларға жұмылдыратын мамандар қатарына қосты. Мен айтқан екінші жоба біткелі жатқанда Еуропадағы түрлі ұйымнан ұсыныстар түсе бастады. Одан бөлек, еліміздегі нарықта бір-бірімізді жақсы танитындықтан, отандық холдинг басшылары да лауазымды қызметке шақырды. Мұны естіген Америкадағы басшылық белсенділік танытып, Арлингтондағы бас кеңсеге жұмысқа шақырып, дрондар мен роботтардың жұмысын бақылайтын, құрамында қызық та қиын жобасы бар бағдарламаның жетекшісі болу туралы ұсыныс айтты. Бұрын-соңды мұндай іспен айналысып көрмеген соң, қызығушылығым артып, ақырында 2017 жылы отбасыммен Америкаға көшіп келдім. Бірақ мұнда келгенде барлығын нөлден бастау қажет болды. Басшылық тың идеясы бар стратегияны іске асыру үшін команда жасақтауды міндеттеді. Сол уақытта 15-тен астам елге қызмет көрсететін бағдарламаның жұмысын бақылаумен болдым. Ақырында бізге жүктелген міндетті ойлағаннан да асыра орындап, бүгінде дрондар мен роботтар жөніндегі бағдарламалар арасында көшбасшы ұйымға айналдық. Осы ретте дрондар мен роботтардың тиімділігі жоғары екенін айтқым келеді, – дейді Әсел Аяпова.
Өзіне сенген талапты Әсел әлемнің 14 елінде 600-ден астам қызметкер тартылған жаһандық инновациялық бағдарламаны басқарып, өзін шыңдауға, жаңа идеялар ашуға талпыныс жасайды. Оның басты міндеті – 100-ден астам түрлі кәсіпке роботтехниканы енгізу. Аталған жобаның тиімділігі мен техника қауіпсіздігін арттыру үшін энергетика саласында дрон мен роботтехниканы қолданып, бірегей инновациялық шешімдер жасауға мұрындық болды. Ол жетекшілік еткен бағдарлама АҚШ энергетикасы мен ғаламдық ұшқышсыз авиация саласында жоғары бағаға ие болды. Соның нәтижесінде оның командасы «AUVSI Award 2018» халықаралық сайысында екінші орынды, тағы бір сайыста үшінші орынды иеленді. Ал халықаралық «S&P Platts Global Energy Award 2018» байқауының «Жылдың коммерциялық технологиялары» бағытында Әсел бастаған ұжымның жобасы топ жарды. Осының бәріне Әсел Аяпованың еңбегі сіңді. 2017 жылдан бастап ол 16 елді қамтитын энергетика саласында дрондарды қолдануды дамыту жөніндегі жаһандық инновациялық бағдарламаның (AES Innovative Global Drone Program) директоры міндетін атқарады.
Ол өз саласында білікті маман ғана емес, таңдаулы көшбасшы бола білді. Оған қолға алған жобаларының жемісті нәтижесі дәлел бола алады. Әсел осыған дейін AES корпорациясындағы APEX жаһандық байқауларының жүлдегері, Дүниежүзілік тұрақты даму қауымдастығындағы үздік жоба иесі (Аустралия), БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы жанындағы әйел кәсіпкерлерге арналған форумдағы үздік жоба иегері (Израиль) атанған талант иесі.
Осы мақаланы жазып отырып, кейіпкеріміздің әлеуметтік желілердегі парақшаларын шолып шықтық. Әр жазбасында ғылым мен білімге қол жеткізген қазақ қызының өмірге, өзінің айналасына, еліне деген іңкәрлігі менмұндалап тұр. Тіпті ол алып Американың астанасында жұбайымен бірге балаларын қазақы тәрбиемен өсіріп, ұрпақтарына ана тілін жетік үйретіпті. Қызметте білікті маман, отбасында жанашыр ана, қоғамда үлгілі әйел бола білген оның жүріп өткен жолы өз арман жолында күресіп жүрген әр адамға таптырмас сабақ. Айтпақшы, оның көз майын тауысып жазған «Өз мансабың – маңызды жоба» атты кітабы жақында қазақ тілінде жарық көргенін естіп, осы бір қазақ қызына деген сүйінішімізді жасыра алмадық. Бұл жетістігі туралы былай деді: «Қызмет жолымда түрлі жағдаймен бетпе-бет келдім. Бұл осы жолдың әр кезеңінде жаңа машық, жаңа ізденіс пен жаңа білімді қажет ететіні сөзсіз. Мен табысты мансап құруға көмектесетін ақпараттың барлығы бір кітапта болса екен деп ойлайтынмын. Алайда мұндай кітап қолыма түспеді. Сосын оны өзім жазуға бекіндім. Бұл кітапты жазудағы басты мақсатым – мансапты жоспарлау, көпшілік алдында емін-еркін сөйлеу, команданы дұрыс басқару және коммуникация сияқты біліктілікке қатысты барлық деректі бір жинаққа топтастыру. Сондай-ақ жылдар бойы жинаған тәжірибем бойынша мансапты жоспарлау мен басқара білудегі маңызды мәселелерді жүйелегім келді».
Аталған кітаптың артықшылығы оны кез келген оқырман өз қажетіне пайдалана алады. Жоғары сынып оқушысынан бастап, жас мамандар, кәсіби мамандар мен университеттегі оқытушыларға жақсы оқулық болары даусыз. Қазіргі таңда «Жобаларды басқару» тақырыбында екінші кітабын жазу үстінде.
Өзінің жемісті еңбегінің нәтижесінде Әсел Аяпова әлемнің 100 үздік жоба менеджерінің рейтингіне енді. Сонымен қатар 2019 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Ол ірі жобаларда лауазымды қызметтер атқарып қана қоймай, жас ғалымдарға, ғылым жолына түскендерге білімі мен тәжірибесін бөлісіп, тәлімгерлікке баса назар аударатынын айтады. Айта кетсек, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті экономика факультетінің арнайы тәлімгері және энергетика, проджект- менеджмент, жоғары технологиялар салаларында талантты Қазақстан жастарына, «Самұрық Қазына» корпоративтік университетінің жас мамандарына тәлімгерлік қызметін қосымша атқарып жүр. 2019 жылы Әсел дарынды қазақ жастарына өзінің жеке тәлімгерлік бағдарламасын ұйымдастырып, оларға үміт шырағын жағуға ниеттеніпті. «Мен әлеуметтік және қайырымдылық мақсаттағы жобамды мақтан тұтамын. Жеке тәжірибем мен білімімді ақысыз ұсына отырып, оларға кем дегенде 135-150 сағат уақыт бөлемін. Бұл – елімнің дамуына қосқан үлесім», дейді Әсел. Бізге таныс жобалардың бірі – «iQanat» білім беру қорында ауылдағы талантты жастарды қолдау мақсатында меценат рөлін абыроймен атқарып келеді. Бұл қор ауылдық жерлерден шыққан дарынды жастарға мүмкіндік беріп, оларды беделді жоғары оқу орындарына түсуге дәнекерлік жасауға бағытталған.
Бүгінгі таңға дейін жинақталған білім мен еңбектің арқасында Әсел америкалық ACPA және қазақстандық AREK жасыл энергетика, «Women in Energy», халықаралық жобаларды басқару IPMA қауымдастықтарының, жобаларды басқару институтының (PMI), энергетикадағы дрондар мен роботтар жөніндегі халықаралық коалицияның сараптамалық кеңесінің, AES жасыл технологиялар комитеті және АҚШ тағы Edison Electric Institute (EEI) ұшқышсыз авиациялық жүйелер бойынша (UAS) жұмыс тобының мүшесі саналады. Сондай-ақ Федералдық авиация агенттігінің саясатын әзірлеуге қатысқан.
2020 жылдың желтоқсанында Әсел Әлібекқызы АҚШ-тың Duke университетіндегі Duke Fuqua бизнес мектебін Executive MBA-мен аяқтады. Оның ендігі мақсаты – алып Америкадан алған тәжірибесін еліміздің ғылым саласын дамытуға арнау. «Елге қашан ораласыз?» деген сұрағымызға: «Үш жылдан кейін отбасыммен бірге елге ораламын. Сыртта алған білімімді қолданып, елімнің дамуына өз үлесімді қосамын» деп жауап берді. Еңбегі ерен, қадамы батыл, жоспары анық Әселдің алдағы уақытта еліміз үшін тың жобалар жасап, ғылымның зау биігінен көрінеріне сеніміміз мол.