• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Тамыз, 2023

Тамшылатып суару тиімді

316 рет
көрсетілді

Су тапшылығы Астана жұртын біраздан алаңдатып келеді. Бұл мәселе елордамызда ғана емес өзге аймақтарда да бар. Жалпы бұл – ХХІ ғасырдың ең өзекті мәсе­лелерінің бірі. Президент тұр­ғындарға күнделікті қол­да­ныста суды үнемдеу керек деген болатын. Ғалымдар да ауыл шаруашылығы саласы тамшылатып суару жүйесіне толық көшу керек деп дабыл қағып жатыр.

Су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделене түспесе, шешіле қоюы екіталай. Өйткені қала дамып, адам көбейген сайын қажеттілік те арта береді. Әзірге амалдай тұратын жалғыз жол – суды үнемдеу. «Судың да сұрауы бар» дегенді әбден түсінетін кез жеткен сияқты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа тех­нологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс», деп тапсырма берген. Ал БҰҰ мәліметінше, еліміз 2040 жылға қарай ауыз су тапшылығы қаупі өте жоғары 44 елдің қатарына кіреді. Демек қай салада болсын суды үнемдеуді қазірден бас­тау керек. Әсіресе еліміз үшін аса маңызды ауыл шаруашылығы саласында ғалымдарымыз ұсынып отырған тамшылатып суару әдісіне көшуді кеш қалмай қолға алған жөн.

Ауыл шаруашылығы ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Жұмағали Оспан­баевтың айтуынша, су тапшы болса, егіншілердің еккен егіні шы­ғынға ұшырайды. Сондықтан ауыл шаруа­шы­лығы саласында суды көл-көсір қол­дануды қойып, Мемлекет басшысы айтқандай, ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы үнемдеуді қолға алу қажет.

Ұлттық статистика бюросының де­­ре­гі бойынша, ауыл шаруашылығы да­қылдары 23 162,1 гектар егістікке егі­леді. Ал егілген егіннің бәрі бітік шығуы үшін су қажет. Қазіргі кезде шар­­уалардың қауіп етері де – қуаң­шылық.

– Қазақ егіншілік және өсімдік шар­уа­шылығы ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының ғылыми тобы осы мә­се­ленің шешімі ретінде еліміздің оң­түстік-шығысындағы негізгі суармалы дақылдарды – күздік бидай, қант қызылшасы, соя және жүгеріні өсіру технологияларын әзірлеу жөніндегі жобаны іске асырды. Жоба тамшылатып суару негізінде суармалы егіншіліктің өнімділігін арттыруға бағытталған. Нәти­жесінде, суармалы егістіктегі өнім шығымы едәуір артады. Алынған нә­ти­желер топырақтың құнарлылығын сақтау мен молықтыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ суармалы егіншіліктің жаңа жүйесін әзірлеу үшін негіз бо­ла алады, – дейді жоба жетекшісі Ж.Оспанбаев.