Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Қарағанды облысында балалардың жаппай улану жағдайы, сондай-ақ су тасқынына, көші-қон мәселелері мен бір жылда 1 000 мектепті жаңғыртуға қатысты проблемалар қаралды.
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысындағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына түскен 14 баланың бүгінде алтауы ауруханада және барлығы жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Олардың төртеуінің жағдайы – ауыр халде. Қалған екі баланың жағдайы – неврологиялық тапшылық, интоксикация синдромы және тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты өте ауыр. Бұған дейін 7 бала қанағаттанарлық жағдайда шығарылған, бүгінде олар – дәрігерлердің бақылауында.
Осы оқиға туралы ақпарат түскен сәттен бастап Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде республикалық жетекші балалар мамандарын осы іске жұмылдырған. Интенсивті терапия көрсетілді, республикалық және облыстық деңгейдегі білікті мамандардың кеңейтілген кеңесі ұйымдастырылды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы іс-шаралар мен тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерінің деректері, аурудың даму сипаты негізінде тағамнан топтық улану және жұқпалы аурулар алынып тасталады. Жаппай уланудың ықтимал себебі – улы затпен улану. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.
Премьер-министр балаларды барлық қажетті дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де олардың жағдайын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
«Ішкі істер министрлігі болған оқиғаның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуге тиіс», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктерінен интернаттық, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді талап етті.
Су тасқыны қателікті кешірмейді
Үкімет отырысының күн тәртібіне әуелі су тасқынына дайындық шаралары шықты. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың баяндауынша, бүгінде мемлекеттік су тасқынына қарсы бағдарламалар аясында атқарылған іс-шаралар 100 мыңға жуық үй орналасқан және 455 мыңнан аса тұрғыны бар 607 елді мекендегі қауіпті азайтып, 214 елді мекеннің қаупін мүлде жоюға мүмкіндік берген.
Оған қоса өңірлерде дайындық жұмыстары жалғасуда. Мәселен, жыл басынан бері 25 шақырым уақытша бөгет пен 57 шақырым дуал тұрғызылды, шамамен 5 мың шақырым канал мен 6 мың шақырым арық, су өткізетін 15 мың автомобиль, 3 мыңнан аса теміржол құрылыстары тазартылыпты.
Әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелердің тізіміне түзету жүргізілді. Нәтижесінде, олардың саны 24-ке көбейіп, 1 072-ге жетті. Бұл алдын алу шараларын уақытылы өткізуге мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі алдын ала арнайы қаралуда.
«Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен барлық дайындық шарасын қыс түскенше аяқтау қажет. Су тасқыны қателіктерді кешірмейді, орындалмай қалған жұмыстар мен бөлінбей қалған қаражаттың соңы төтенше жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін», деді Ә.Смайылов.
Ол биылғы көктем де оңай болмағанын айтып өтті. Оңтүстік және батыс өңірлерде су бұру каналдары мен арықтардың, ондағы елді мекендердің маңайында тасқыннан қорғайтын топырақ үйінділерінің болмауы жағдайды қиындатып жіберді.
«Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында дренаждық жүйелер қатты жауын-шашынға төтеп бере алмады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында бұрыннан бар бөгеттер мен топырақ үйінділерін су шайып кетті. Соның салдарынан тұрғын үйлерге су жайылып, олар опырылып құлады. Ал Қостанай облысының Шилі ауылында 2020 жылы ғана күрделі жөндеу жүргізілген тоған қирап қалған», деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындау және көп көлемде су келуіне дайындық барысын бақылау қажеттігін атап өтті. Ол Жол картасы уақытында іске асырылмаса, орындалмай қалатыны сөзсіз екенін айтты.
«Бұл өз кезегінде, материалдық шығын мен су басу қаупін арттыра түседі. Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауда ұстауы қажет», деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар ол күздің соңына дейін елді мекендерді қоршау, құбырлар мен арықтарды тазарту, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін тексеру және су бұру каналдарын дайындау жөніндегі жұмысты аяқтау қажеттігіне де назар аударды. Оның айтуынша, нысандарды салу кезінде нормалардың сақталмауынан да елді мекендерді су басу жағдайлары қайталанып жатыр.
«Биыл Атырау, Қостанай және Түркістан облыстарында су басқан үйлер су қорғау белдеуінің аумағында орналасқан. Мүдделі мемлекеттік органдар суға жақын маңда құрылыс салуға жер учаскелерін бөлу талаптарын күшейтуі қажет», деді Премьер-министр.
Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы қатты алаңдатады. Осыған байланысты тек республикалық нысандардың ғана емес, сондай-ақ көп жылдардан бері қараусыз жатқан коммуналдық және жеке меншік су қоймалары мен бөгеттердің де жөндеу жұмыстарын үйлестіру керек.
Үкімет басшысы жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын тасқын суды өткізуге дайындау жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ республиканың барлық өңірі үшін су тасқынын модельдеу жөніндегі цифрлық платформаны әзірлеуді тапсырды.
Көші-қонға бірыңғай жүйе керек
Елімізде көші-қон үдерісін реттеудің бірыңғай жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Үкімет отырысында Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру барысы қаралды.
Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова тұжырымдама шеңберінде қабылданған шаралар кейінгі 10 жылда алғаш рет көші-қонның оң үрдіс қалыптастырғанын айтты. Шетелдіктер негізінен тұрақты тұруға ТМД, ҚХР және Моңғолия елдерінен келіп отыр. Бұл ретте техникалық, экономикалық, педагогикалық және медициналық жоғары білімі бар шетел азаматтары көбірек келе бастады.
Сонымен қатар бүгінде ішкі көші-қон ағындары да тұрақтанды. Жыл басынан бері 160 мыңнан аса адам ел ішінде қоныс аударды. Бұл ретте республиканың ірі қалалары ішкі мигранттарды тарту орталығы болып қала береді. Олардың үлес салмағы – 40% көлемінде.
Ол Көші-қон саясаты тұжырымдамасын жүзеге асырудың негізгі бағыттарына да тоқталды. Біріншісі – білім иммиграциясы, оның мақсаты – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру. Бұл үшін заманауи кампустары мен ғылыми зертханалары бар салалық университеттер ашу бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Екі жыл ішінде еліміздің жоғары оқу орындары базасында шетелдің ірі университеттерінің 6 филиалы құрылды.
Бизнес-иммиграцияны дамыту аясында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, А-5 санатындағы инвесторлар шетелден жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алмайтын болды. Жыл басынан бері 76 шетел азаматына осындай инвестор визасы берілді.
Сонымен қатар әлеуетті инвесторларға шетелдегі мекемелерден «бір өтініш» қағидаты бойынша ЖСН және ЭЦҚ беру рәсімі жеңілдетілді және шетелде табысты бизнестері бар этностық қазақтарға «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілді. Бүгінгі таңда «Ата жолы» картасын иеленген қандастардың алдын ала тізімі жасалды.
Тағы бір бағыт аясында Қазақстанға шетелдік білікті мамандар тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл 1 шілдеден бастап талап етілетін кәсіптердің бекітілген тізбесі шеңберінде нақты жұмыс басталды. Енді осы тізімдегі мамандығы бар шетелдіктер елімізде тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін жеңілдетілген тәртіппен өтініш бере алады.
Этностық иммиграцияны реттейтін бағыт шеңберінде «қандас» мәртебесін алуға бағытталған өтініштерді қабылдау тетігі қайта қаралды. Мәселен, 1 шілдеден бастап елшіліктер шетелдегі қандастарымыздың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады.
Сонымен қатар тұжырымдама шеңберінде шетелде еңбек етіп жүрген ел азаматтарының еңбек құқықтарын қорғауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірінші тоқсандағы есеп бойынша 194 мыңнан аса адам Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Түркия, БАӘ, Ұлыбритания және басқа да елдермен жаңа келісімдерге бастамашылық ету мақсатында қосымша шаралар қабылданды.
Премьер-министрдің орынбасары сөзін қорытындылай келе, жұмыс күші көп өңірлер мен жұмыс күші жетіспейтін аймақтар арасындағы демографиялық айырманы теңестіру жөніндегі жұмыстар, сондай-ақ босқындармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері туралы баяндады.
Премьер-министрдің айтуынша, 2027 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасы көші-қон үдерістерін басқаруда қолданыстағы тәсілдерді жетілдіріп, жаңа тәсілдерді дамытуға бағытталған. Құжаттың негізгі басымдықтарының бірі – елімізге біліктілігі жоғары мамандарды, соның ішінде кәсіпкерлерді, яғни әлеуетті инвесторларды тарту.
«Біз басқа елдерден бизнесмендерді, сұранысқа ие мамандарды тарта аламыз. Алайда азаматтарды өз еліміздің ішінде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуын ынталандыруға баса көңіл бөлуіміз қажет», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өңірлік квотаны орындау жұмыстары баяу екенін атап өтті.
«Еңбек ресурстарын тарту бойынша бұдан да тиімді шаралар қабылдап, жұмыс күші артық өңір әкімдіктерімен өзара іс-қимылды жолға қою керек. Барлық жерде тиісті бейімделу және интеграция орталықтарын құруды қамтамасыз ету қажет. Мұндай орталықтар Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында әлі күнге дейін құрылмаған», деді ол.
Бұған қоса Премьер-министр жетекші шетелдік университеттермен бірге академиялық ұтқырлықты кеңейту жөнінде пәрменді шаралар қабылдау, сондай-ақ шетелдік оқытушылар мен жас ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында іс-шараларды күшейту қажеттігін де айтты.
Оның айтуынша, елге перспективасы бар шетелдік бизнесмендерді тартуға бағытталған жобаларды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету маңызды.
«Біз біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды осындай кадрлар жетіспейтін салаларға тартуымыз керек, олар отандық мамандарға өз білгендерін үйретуге тиіс» деді Ә.Смайылов.
Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірге елімізде жоғары сұраныс бар мамандық иесі немесе шетелде табысты бизнес-жобалары болса, олардың мүмкіндіктерін әрі қарай Қазақстанда пайдалану үшін шетелдік азаматтардың елімізге жеңілдетілген тәртіппен кіруін қамтамасыз ету қажет екеніне назар аударды.
Сөйте келе ол заңсыз көші-қонмен күресті және шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, сондай-ақ жыл соңына дейін «Бүркіт» жүйесімен интеграциялай отырып, елдегі көші-қон үдерістерін реттеудің бірыңғай жүйесін енгізу қажеттігін айтты.
Шағын қалалар мен ауылдардағы мектептерді жаңғырту
Отырыста Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабта шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы мектептерді заман талабына сай жаңғырту, білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан биыл 1 000 мектепті жаңғырту көзделіп отырғанын айтты. Бұған күрделі жөндеу, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханалар мен қауіпсіздік жағдайларын жақсарту кіреді. Бүгінгі таңда 567 мектепте жұмыс аяқталды.
Бұл ретте биыл 1 000 заманауи пән кабинеттерін (роботтехника, химия, биология немесе физика) ашу жоспарланған. Қазір 16 өңірдегі 290 мектепте осындай 543 кабинет жабдықталған. Тамыз айының басындағы жағдай бойынша 74% білім беру ұйымдарының бейнебақылау камералары ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылғанын хабарлады. Білім беру ұйымдарының 79%-ы лицензиялық күзетпен, 78%-ы дабыл түймешесімен, 64%-ы турникетпен қамтамасыз етілген.
Премьер-министр өңірлерде көптеген баланың сапалы білімге қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Әсіресе Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарында күрделі жағдай қалыптасып отыр.
«Ауыл мектептерінде талапқа сай жабдықталған кабинеттердің жетіспеуіне байланысты физика, химия, биология пәндері бойынша көптеген зертханалық және тәжірибелік жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмейді. Мұндай мектептер педагогтерді де, оқушыларды да тартпайды», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, жағдайды жақсарту және ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайту үшін жыл сайын 1 000 мектептен жаңғыртып отыру қажет. Алайда Оқу-ағарту министрлігі жергілікті жерлерде осы міндеттерді шешу бойынша үйлестіру жұмыстарын тиісті деңгейде қамтамасыз етпей отыр.
«Мектептерді жаңғыртудың нақты стандартталған талаптары бекітілмеген. Әр мектеп жаңғыртуды өз бетінше түсінеді, өздеріне қалай ыңғайлы, солай бұрып алады. Мектепті кешенді жаңартудың орнына бір немесе екі жұмыс түрі бойынша есеп береді. Мектеп қабырғасын әктесе болды – жаңғырту жүргізілді, есеп беруге болады деп ойлайды. Нәтижесінде, жергілікті жерлерде не оқушылар, не ата-аналар, не қоғам өз мектебіндегі көзге түсетін өзгерісті байқамайды», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы есеп беру үшін жасалған мұндай формальды тәсіл білім берудің сапасын жақсартуға, мектептерде жайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Сөйтіп білім беру объектілерін қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстарында да осындай жауапсыздықтың орын алып отырғанын айтты.
«Қауіпсіздік талаптары бойынша бейнекамералардағы ақпаратты сақтау мерзімі кемінде 30 күн болуы керек, бірақ бұл барлық мекемеде орындала бермейді. Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті сақтау талаптарына тұрақты мониторинг жүргізілмейді. Нәтижесінде, камераларды, турникеттерді, дабыл түймешелерін есепке алу және оларды жедел басқару орталықтарына қосу тәртібі жоқ», деді Ә.Смайылов.
Сөйтіп білім беру мекемелерін кешенді жаңғырту бойынша стандартталған талаптарды және бақылау механизмдерін әзірлеуді және бекітуді, сондай-ақ 15 тамызға дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептердегі бейнебақылау камераларына толықтай инвентаризация жүргізуді тапсырды.
«Жедел басқару орталықтарына қосуға жатпайтын мектеп санын нақты айқындау қажет, бірақ олардың қауіпсіздігін бақылау механизмдерін пысықтау керек. Жаңа оқу жылына дайындық тақырыбын, оның ішінде осы мәселелерді де біз таяу уақытта Үкімет отырысында қарастырамыз», деп сөзін түйіндеді Ә.Смайылов.