• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Тамыз, 2023

Импорттық сүт өнімдері стандартқа сай емес

239 рет
көрсетілді

Еліміздің азық-түлік сауда орындары мен ірілі-ұсақты дүкендерінің сөрелерінен түспейтін Ресей мен Қырғызстанның сүт өнімдері ішкі нарыққа енгені қашан?! Өткен жылы Қазақстан Ресейден 157,9 млн долларға 59,2 мың тонна сүт өнімін импорттаса, солтүстік көршісіне 52,6 млн долларға 22,2 мың тонна сүт экспорттапты. Өнімдердің ішкі тұтынудағы импорттың үлесі құрғақ сүтке – 83,4%, ірімшікке – 51% және сары майға 27%-ды құраған.

Ал Қырғыз елінен біздегі оң­түс­тік өңірлерге 30 млн доллар шама­сында 28,6 мың тонна сүт өнімі жеткізілген екен. Сонымен, был­тыр еліміздің ішкі нарығында 1 млн тоннадан аса сүт өнімі сатылып, оның 15,4%-ы жалпы 163,1 мың тоннасы импорттық өнімдер құраған.

Өзімізде өндірілетін сүт өнім­де­рі жеткілікті түрде қамтамасыз етілген десе де еліміз шетелдік сүт өнімдеріне әлі де болса тәуелді. Өйткені біздегі түпкілікті өнім шетелдік шикізаттан жасалынатыны бар. Сүт өнімдерінің ішінде фермерлер мен өңдеушілер бір ғана өнім түріне, яғни отанық өндіріс сұранысты сұйық өңделген сүт пен кілегейге деген қажеттіліктің 94,8%-ын өтеп отыр.

Жалпы қуаттылығы жылына 2,5 млн тонна сүт өңдейтін 172 сүт зауытының іс жүзінде бар болғаны 1,7 млн тоннасы тауарлық сүт жеткізілетіндіктен және сапалы сүт-шикізаты көлемінің жетіспеуінен отандық сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 77%-дан аспай отыр.

Жақында Абай облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы АӨК дамыту жөніндегі кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Талғат Баймұрынов: «Ресейден келетін сүт өнімдерінің 70-тен аса пайызы – контрафакт. Құрамында сүттен хабары жоқ, мұндай өнімге әктен бастап бәрін қосады. Осы уды біз тұтынамыз, мұндай өнімнен кейін қандай ұрпақ туады? Болашағымыз не болады? Сондықтан азық-тү­лік­ қауіпсіздігі баса назарда болуға тиіс. Тәжірибесі бар және өзін дәлелдеген отандық кәсіп­орын­дарды 2-5 млрд теңгеге қаржы­лан­дыру керек. Олар бізге екі жылдан кейін-ақ осындай нәтиже береді. Белгіленген мерзімнен кейін олар қарыз ақшаны қайтарып, отандық эко­но­мика қуатты өндірушіні ала­­­ды. Осындай 10-15 жобаны қар­­­жы­­­ландыру арқылы елде екі-үш­ жылдан кейін сүт мәселесі ше­­ші­леді. Біз тіпті экспортқа шы­ғамыз. Міне, қандай тәсіл қажет. Қаражатты созбалақтамай, жұл­ма­ламай, кәсіпорын қызметіне араласпай, өлі жобаларсыз нақты көмек беру керек», деген еді.

Халық қалаулысының сөзінің жаны бар. Иә, тікелей ведомства қызметкерлерінің басым бөлігі инерция бойынша жұмыс істеп, тапсырма берілсе, оны тек есеп аясында орындайтыны жасырын емес. Қалай дегенмен, елдегі азық-түлік қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруға тиіс.

Өткен жылы Солтүстік Қазақ­­стан облысында сүт-та­уар­­лы­­ фермаларды құру жөнін­де­гі қанатқақты жоба сәтті аяқ­тал­ды. Ауыл шаруа­шылығы ми­нистр­лігінің мәлі­метінше, елі­міз­дің барлық өңірінде сүт-тауар фермаларының желісін құруда СҚО тәжірибесіне сай жоба жұмысы қолға алынып, оны жүзеге асыруға биыл 100 млрд теңге бөлінген. Облыс әкім­дік­терінің өтінімдеріне қарай, жылына 373 мың тоннаға дейін сүт өндіретін 65 жобаны қаржы­лан­ды­ру жоспарланған. Несиелеу қағи­да­ларының жобасы әзірле­­ніп, мерзімі 10 жылға дейін, несие­нің ең жоғары сомасы – 5 млрд тең­ге,­ сыйақының мөлшерлемесі 2,5 па­­­йыз болып белгіленді. Бұ­дан бөлек, 2025 жылға дейін жұ­мыс істеп тұрған сүт өңдеу кәсіп­орын­да­рын жаңғыртуда 20-ға жуық инвес­тициялық жобаны іске асыру көз­деліп отыр.

Республикалық сүт және құра­ма мал шаруашылығы пала­та­сының сарапшылары, елі­міз­ге­ сүт өнімдерінің импортын шек­тей­тін уақыт жетті деп есептейді. Өйт­кені кейбір, әсіресе шекаралас аймақтарда Ресейден әкелінген өнімдер біраздан бері ішкі нарықта басымшылық жасап, жергілікті өндірушілер ұсынған бағадан төмен бағамен сатылымға шығарып отырғандары бар.

«Қазақстандағы сүт өнім­де­рі нарығына импорттық тауар­лар­дың демпингтік бағамен түсуіне байланысты жағдай кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты өңдеушілер сатыл­ған өнімнің өзіндік құнын төмен­детуге мәжбүр, бұл өз кезе­гін­де оларды өңірге байланысты ши­кі сүтті сатып алу бағасын 20%-30% төмендетуге әкеледі. Қазір ресейлік өндірушілерге шикі сүт­ті ішкі нарықтағыдан төмен баға­мен сатуға дайын екені туралы ұсы­ныс­тар түсіп жатыр», дейді Респуб­ликалық сүт және құрама мал шаруашылығы палатасының маман­дары.

Кейінгі жылдары біздегі өнді­рілген сүт көлемі 3%-ды құраса, былтыр небәрі 1,2% ғана өскен. 2020-2022 жылдары елімізде бұл өнімнен 6,3 млн тонна өндіріліп, биылғы бірінші жартыжылдықта 3,2 млн тонна өндірілді. Айта кетер­лігі, сүт өнімділігінің негіз­гі­ бөлігін, яғни 70%-ын жеке шаруа­шы­­лықтардан алынатын үй сүті құраған. Ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарында сүт өнімділігі небәрі 8,9%, әртүрлі шағын және орта шаруа қожалықтарында 21,1% ғана болған.

Сүт одағының директо­ры­ Владимир Кожевников: «Мұн­дай қолдан жасалған сүт өнім­дерін өнеркәсіптік өңдеу мәсе­ле­сінде оның техникалық рег­ла­мен­ті талаптарына сәйкес келмеуде. Шикізат тапшылығынан өңдеушілер импорттық құрғақ сүтті сатып алып, одан кез келген сүт өнімдерін жасауға мәжбүр», деп айтқан еді.

Биыл сүтті өңдеудегі ресурс­тық базаны ұлғайту мақсатында Үкімет жаңа сүт фермаларын ашуға ниет білдірген шаруаларға жеңіл­детілген несиеге 100 млрд теңге бөлу туралы шешім қабыл­да­ды. Жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасының шарттарында арзан несиені кепілі жеткілікті, негізі бар кәсіпкерлер ғана пайдалана алады деп көрсетілген. Егер бүкіл сома пайдаланылса, онда еліміздің мал шаруашылығының негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі бірден 45%-ға­ артуы ықтимал. Өткен жыл­дың­ қорытындысы бойынша, ет-сүт бағытындағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруа­шы­лығы кәсіп­орын­дарына салын­ған күрделі салымдардың жалпы көлемі 223,4 млрд теңгені құрап, бір жылдағы өсім 13,9% болды. Осы жылдың алғашқы бес айында инвестиция көлемі 62,2 млрд теңгені құрап, өсімі 13,2%-ды құрады.

Таяуда Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпиде­мио­логиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы тұтыну­­шылардың құқықтарын қор­ғау жөніндегі қоғамдық бір­лес­­тіктер сатып алған 13 түрлі им­порт­тық өндірушілердің 19 атау­дан тұратын сүт өнімдерінің сына­масына сараптама жүргізген. Нәти­же­сінде, жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктер арасында «Оңтүстік сүт зауыты», «Саратов сүт комбинаты», «А-7 Агро-Орынбор сүт комбинаты», «Энгельс сүт комбинаты» және РФ «ВБД» – осы бес кәсіпорында өндірілген сүт өнімдерінің құрамындағы май-қышқылы сәйкессіздігін анықтаған.

Шекарада күшейтілген зерт­ха­налық бақылауды жүргізу бары­сында Ресейдің «Саратов сүт комбинаты» өндірген майлы­лы­ғы 3,2% құрайтын «Добрая буренка» ультрапастерленген сүттегі май-қышқыл құра­мы­ның сәйкессіздігі қайта тек­се­рі­ліп, аталған кәсіпорынның өнім­дерін ел аумағына әкелу уақыт­ша шектетілді. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің Ветери­нариялық бақылау және қада­ғалау комитеті Ресейден жет­кі­зілген сүт өнімдеріндегі сәй­кес­сіз­діктер анықталғаны туралы Вете­­ринариялық және фито­­­са­ни­тариялық қадағалау жөнін­дегі фе­­дералды қызметті (Рос­сель­хоз­над­­зор) хабардар еткен болатын.

Бұл ретте Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті орын алған олқылықтарды ескере отырып, жоғарыда анықталған санитарлық-эпидемиологиялық са­рап­тама нәтижесіне, оның ішін­де­ май-қышқылының құрамы белгі­­ленген техникалық регламент талаптарына сай келмеуі және аккредиттелмеген сынақ зертханаларында немесе Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізіліміне енгізілмеген зерттеулер жүргізу бөлігінде рәсімдерді бұзғаны үшін «Сүт өнімдеріне сәйкестік» туралы қолданыстағы 42 декларацияның күшін жойды.