Әнеубір жылдары Өскеменнің іргесіне Боран ауылынан қопарыла қоныс аударған тұрғындармен тілдескенбіз. Сондағы «неге көшіп келдіңіздер?» деген сұрағымызға мүдірместен «масадан қаштық» демесі бар ма? Ауылдың мазасын қашырған ол не деген маса деп, Күршім ауданындағы Боран ауылына бір емес, екі рет бардық.
Айтқандай-ақ, маса-шіркей буып тұр. Жергілікті халық далада жұмыс істегенді қойып, үйден шыға алмай қалған. Шілденің шіліңгір ыстығында үстеріне қалың күрті, бастарына торлы қалпақ киіп жүруге мәжбүр.
Ертіс пен Қалжыр өзенінің сағасынан қоныс тепкен Боран ауылының негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Айналасы – ну орман. Табиғаты көркем, жері қолайлы болғанымен, маса мазаны әбден қашырған. Шаруалардың тіршілігі тұралап қалған.
Боранның көшесі. Құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Оқтын-оқтын масаның ызыңы естіледі. Көлденең жүрген тірі пенде жоқ. Орталығына қарай жеткенде ғана тұмшаланып алған ауыл тұрғынын кездестірдік. Айтуынша, бір күн бұрын ғана масаларға қарсы улау жұмыстарын жүргізіпті.
«2019 жылдан бері осында тұрамын. Биыл маса былтырғыдан да қалың. Оның үстіне ірі. Шаққанда, оңдырмайды. Ауыл ішін буып тұр. Бақшадағы жеміс-жидекке де қарай алмаймыз. Жұмыс істеуге мұрша бермейді. Шарасыз үйде қамалып отырамыз. Балаларымызға да қиын болды. Басқа ауылдың балаларындай далада ойнамайды. Іргедегі суға да түсе алмайды», дейді Боран ауылының тұрғыны Болатқан Бақытқан.
Рас, Бораннан ойын баласын көзіміз шалмады. Балалар ойын алаңы да бос тұр. Үлкендер қабаттана киініп жүріп, сиыр сауады, бау-бақшасын баптайды. Қапырық ыстықта қалың киініп жүріп істеген жұмыс та өне қоймасы анық. Десе де, бос жатпаудың қамы.
«Ыстықтасақ та амал жоқ, масашіркейге таланғаннан жақсы. Мамыр аяғынан бастап, күзге дейінгі күніміз – осы. Басымыздан торлы қалпақ түспейді. Өмір сүру қиындап барады. Масадан мазасы қашқандар көшіп те жатыр. Бос үйлер көбейіп кетті», дейді Б.Бақытқан.
Айтуынша, улау жұмыстарын жүргізген соң маса азайыпты. Бірақ көп уақыт өтпей қайта көбейген. Улау жұмыстарын көлікпен ауылдың көшесіне ғана жүргізіпті. Дұрысы, тоғайдың ішіне, ұяларына тікұшақпен шашқаны дұрыс көрінеді. Кейбір тұрғындар, улау жұмыстарынан бәлендей пайда болмаған соң үйіне арнайы улы түтін тұтатып отыр екен. Оның өзі көршілес Қытайдан әкелінетін көрінеді. Шамадан тыс қолданса, адамның басын айналдырып, кері әсерін тигізеді екен. Алайда масаға таланғаннан гөрі басымыз айналсын деп түтінді күн ұзақ тұтатып отыратындар да бар.
«Мына түтінге маса жоламайды. Күні бойы қолданамыз. Бағасы да айтарлықтай арзан емес. Бір қорабының өзін бір-екі күнде тауысып тастаймыз. Қытайдың заты ғой. Бірақ көп пайдаланған жағдайда басты ауыртып, түшкіртеді екен. Кейбіреуі осыдан да ауырып жатады. Сонда да қолдануға мәжбүрміз», дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Шалша.
Әсіресе кешке маса ызыңы үдеп, аспанда тұтасып тұрды. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, Боран мен Қалжырдың масасы бұрыннан бар. Бұрын дер кезінде улап тастайтын. Ал кейінгі жылдары мүлдем көбейген.
«Масаның көбеюі шалшық суға байланысты. Көктемде іргедегі су көтеріліп, айналаға жайылады. Кейін су қайтқанда орны шалшыққа айналады. Шіркей теректен шығады. Ол масадан да қиын. Күндіз азайып, түнде гуілдеп кетеді. Уыстап ұстап алуға болады», дейді ауыл тұрғыны Қадылбек Майбасов.
Ал Күршім аудандық әкімдігінің хабарлауынша, улау жұмыстарына биыл 40 млн теңге қаржы бөлінген екен.
«Жалпы, аудан көлемінде маса-шіркейді улау жұмыстарын атқаруға 2023 жылы бюджеттен 40 млн теңге қаражат бөлінді. Мердігер ұйым – «Зайсан аудандық дезинфекция станциясы» ЖШС. Аталған жұмыс 4 рет жасалады. 2023 жылдың 10 маусымынан бүгінге дейін ауданның маса мен шіркейі көп мекендейтін Боран (5 050 га), Қалжыр (4 300 га), Марқакөл (1 900 га), Күршім (5 200 га) ауылдық округтерінің батпақты, қамысты, орманды алқаптарының барлығы 16 450 га жерге дәрілеу жұмыстары жасалып жатыр», дейді Күршім аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ерасыл Әшімов.
Дәрілеу жұмыстары 60 метр қашықтыққа шашатын жылжымалы «Тұман» генераторымен және қол моторлы бүріккіш құрылғымен атқарылып жүр. Улау жұмыстарына қаржы бөлінгенімен, Боран мен Қалжыр ауылдарында бұл мәселе жылда қайталанады. Шешімін табу үшін арнайы ғалымдарды тартып, негізгі ошағын жою керек шығар, кім білсін?!
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы