Өткенде қаламыздағы «Океан» базарында «Тайынша сүті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдерін алуға кезекке тұрғанда құлағыма шалынған әңгіме.
– Екі келі сарымай, тоғыз пәшке сүт алу керек.
– Қазір майдың бағасы масқара!
– Иә, айтпа! Үш жүз шақырым қашықтықта орналасқан ауылға ерімей жетсе жарар еді, қаншама ақша далаға кетпей.
Елдегі жеңгелерім жалқау ма, ағаларым шалағай ма? Ауылда тұрып, қалаға келіп, базар аралап, сарымай, сүт сатып алу – ақылға сыймайтын дүние. Кәсіпкерлерге жақсы болғанымен, өз үйінің берекесін кіргізе алмаған әйелден қайыр шамалы-ау!
Мен – Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылының қара топырағында аунап-қунап өскен баламын. Әкем шаруа малын баққанымен, тапқан ақшасының кірісінен шығысы көп болатын-ды. Шешем үй шаруашылығымен айналысты. Көршілес жатқан Благовещенка ауылындағы дүкендерден, кейде аудан орталығы – Пресновтағы сауда үйінен, жол түсе қалған жағдайда қаладан азық-түлік ретінде тұз, күріш, қарақұмық, макарон, сарымсақ, қант, шай ғана алатын, ақшасы артылып жатса ғана азын-аулақ кәмпит пен тоқаш бұйыратын. Оның өзі келімді-кетімді кісілерге сақталып, сандық түбіне тығып тасталатын.
Бұрын әйелдер сиыр сауып, қаймақ айырды, май шайқап, айран ұйытты, қазіргі кейбіреулердей емес, мал сойғанда ішек-қарын тазалады. Одан қор болған жоқ, үйдің берекесін арттырды. Отбасын химикат қосылған өнімдерден сақтап, табиғи тағамдармен асырады. Ауырғанда да дәрі-дәрмекке жүгінбей, қойдың майын сүтке салып, қайнатып ішетін едік бала кезімізде.
Уақыт өтті. Өзіміз де қалаға бет түзедік. Сағыныш сезімі жетелеп елге жол түскенде, сәлем бере барған шаңырақтың дастарқанынан қаладағы секілді маргарин, пакеттегі сүт, дүкеннен алатын бөлке нан, өздерінің тілімен айтқанда, «магазинский» өнімдерді көремін. Қысқасы, кейінгі үш жылда барған ауылдарымнан не қаймақ жей алмадым, не айран іше алмадым. Содан болар, қазір ауылда туып-өссем де ауыл мені өзіне тартпай қойды. Кезінде жерлес жазушымыз Герольд Бельгер: «Мал ұстамаған соң, ауылда тұрудың не керегі бар?! Баяғы апаларымыз күмпілдетіп пісіп жататын қымыз, май-қаймақ қайда? Әр үйдің шошаласында жайылып тұратын құрт қайда? Мен мұны өз тамағымды ойлағандықтан айтып отырған жоқпын, ауылдағы ағайынның жағдайы жақсарса екен деген тілек қой менікі», деп бекерге ашына сөз саптамаса керек.
Бір аға-жеңгемді іздеп, үйіне кіріп-шығуға ыңғайланып отырғанда, мен түскен үйдің иесі баратын үйімнің әйеліне хабарласты. «Бүгін келмесін. Бір жағдайым болып тұр. Оның үстіне, кісі күтетін көңіл-хошым да жоқ. Ертең келсін!», депті. Біз ауылда тұрғанда кез келген кісі ескертпей-ақ үйге бас сұғатын. Көршілес жатқан ауылдарда тұратын туыстарымыз бен достарымызға құдайы қонақ болып баратынбыз. Қазір басқаша, ауылдағы ағайын пейілден айырыла бастаған сыңайлы. Жеңгемнің жауабынан кейін ұнжырғам түсіп, қалаға қайтып кеттім.
Су үйге кіргізілген, дәретхана да үй ішінде, байланыс істеп тұр. Құдды қаладағыдай өмір дерсің. Бірақ елдегі аға-жеңгелеріміз өз жағдайларын өздері қиындатып отыр. Ұлт қайраткері Дінмұхамед Қонаев «Ақиқаттан аттауға болмайды» естелік-эссесінде: «Есігінің алдында сауын сиыры, қора-қопсысы, бау-шарбағы бар адам кімнен кем? Әңгіме байлықта емес, барлықта. Оны біреу жасап бермейді. Қолы қимылдамағанның аузы қимылдамайды. Бар пәле қолымыз алдымызға сыймай жүрсе де қомағайлықпен ауыз ашып, дайын асқа тік қасық болғымыз келеді. Жалқаулық, масылдық дертіне ұшырадық. Барымызды базарлай алмайтын халге жеттік. Ауылда отырып, бала-шағамызды аузын ағарғаннан, алты ай жаз көкөністен қақтық. Бұрын елдегілер қағанақ жасап, уыз көжесін үзбейтін, шелек-шелек айран ұйытып, күбі-күбі қымыз пісіп, қарын-қарын май алып, кісі қолына қарау дегенді білмейтін. Бал татыған қаймақ дейсіз бе, жесең – ас, шөлдесең сусын болғандай ежегей, құрт дейсіз бе – бәрі ішкені алдында, ішпегені артында тұратын. Енді ауызды қу шөппен сүрткен келіндеріміз ат арытып, тон тоздырып қала базарына жүгіретінді шығарды. Көпке топырақ шашуға болмас, бірақ бұл қазақтың қанында жоқ, маңдай терін төгіп жүріп ішкен асын, жеген дәмін бойға құт санаған халықтың жалқаулық, жатыпішерлік жат мінезден арылар мезгілі әлдеқашан жетті», деп айтқанындай, түсіне білсе, қала маңындағы 10 сотық жер емес, 50 сотық жерге иелік етіп отырған ауыл тұрғындары байлықтың астында жатыр-ау! Әттең-ай, түсінбейді. Аз айлығын жұлмалап, азық-түлік алу үшін үлкенді-кішілі дүкендерге сабылады.
Ауыл – жұмақ. Сол жұмақты тозаққа айналдырып отырған өзіміз. Біз қаладан келген баланың шүдірлеп орысша сөйлегеніне таңырқап қарайтын едік. Қазір ауыл балаларының орыс тілін өз ана тіліндей көріп сайрағанын үйреншікті жағдай деп қабылдап жүрміз. Тіпті жаңа туған нәрестелер де бесікке бөленбейді. Бесікке бөленбеген, өз тілінде сөйлемейтін, жеті атасын білмейтін перзенттер өсіп-өнген ауылдар көбейіп барады!
Ауылдың «Кісі келсе – құт, кісі кетсе – жұт!» деген баяғы ата-әжелерін аңсаймын. Ұлттық болмысты қалыптастыратын ауылдықтар Шығыстың даналығын Батыстың ағымынан төмен қойып, жомарттығы мен шынайылығынан қол үзсе, қаланың ақсаусақ тұрғындарына үміт арта алмайтынымыз анық.
Самрат ҚҰСКЕНОВ
ПЕТРОПАВЛ