• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Тамыз, 2023

Тұрағы – ауыл, тұрмысы – қала

273 рет
көрсетілді

Өткенде қаламыздағы «Океан» базарында «Тайынша сүті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдерін алуға кезекке тұрғанда құлағыма шалынған әңгіме.

– Екі келі сарымай, тоғыз пәшке сүт алу керек.

– Қазір майдың бағасы масқара!

– Иә, айтпа! Үш жүз шақырым қашықтықта орналасқан ауылға ерімей жетсе жарар еді, қаншама ақша далаға кетпей.

 Елдегі жеңгелерім жалқау ма, ағаларым шалағай ма? Ауылда тұрып, қалаға келіп, базар аралап, сарымай, сүт сатып алу – ақылға сыймайтын дүние. Кәсіпкерлерге жақсы болғанымен, өз үйінің берекесін кіргізе алмаған әйелден қайыр шамалы-ау!

Мен – Жамбыл ауданындағы Аман­гелді ауылының қара топы­ра­­ғында аунап-қунап өскен бала­­мын. Әкем шаруа малын бақ­­қа­нымен, тапқан ақшасы­­ның кірі­сі­нен шығысы көп бола­тын-ды. Ше­шем үй шаруашылы­ғы­мен айна­лысты. Көршілес жат­қан Бла­го­­вещенка ауылын­да­ғы дүкен­дер­­ден, кейде аудан орталығы – Прес­­новтағы сау­­да үйінен, жол түсе қалған жағдай­да қаладан азық-түлік ретінде тұз, күріш, қара­құмық, макарон, сарымсақ, қант, шай ғана алатын, ақшасы арты­лып жатса ғана азын-аулақ кәм­пит пен тоқаш бұйыратын. Оның­ өзі келімді-кетімді кісілерге сақ­та­лып, сандық түбіне тығып тас­та­латын.

Бұрын әйелдер сиыр сауып, қаймақ айырды, май шай­қап, айран ұйытты, қазіргі кейбі­реу­лердей емес, мал сойғанда ішек-қарын тазалады. Одан қор болған жоқ, үйдің берекесін арт­тырды. Отбасын химикат қосыл­ған өнімдерден сақтап, табиғи тағамдармен асырады. Ауыр­ғанда да дәрі-дәрмекке жүгін­бей, қойдың майын сүтке салып, қайнатып ішетін едік бала кезі­міз­де.

Уақыт өтті. Өзіміз де қалаға бет түзедік. Сағыныш сезімі жете­леп елге жол түскенде, сәлем бере барған шаңырақтың дастар­қа­нынан қаладағы секілді марга­рин, пакеттегі сүт, дүкеннен ала­тын бөлке нан, өздерінің тілі­мен айтқанда, «магазинский» өнім­дер­ді көремін. Қысқасы, кейінгі үш жылда барған ауылдарымнан не қаймақ жей алмадым, не айран іше алмадым. Содан болар, қазір ауыл­да туып-өссем де ауыл мені өзіне тартпай қойды. Кезінде жерлес жазушымыз Герольд Бельгер: «Мал ұстамаған соң, ауылда тұру­дың­ не керегі бар?! Баяғы апаларымыз күмпілдетіп пісіп жататын қымыз, май-қаймақ қайда? Әр үй­дің шошаласында жайылып тұратын құрт қайда? Мен мұны өз тамағымды ойлағандықтан айтып отырған жоқпын, ауылдағы аға­йын­ның жағдайы жақсарса екен деген тілек қой менікі», деп бекер­ге­ ашына сөз саптамаса керек.

Бір аға-жеңгемді іздеп, үйіне кіріп-шығуға ыңғайланып отыр­ған­да, мен түскен үйдің иесі баратын үйімнің әйеліне хабарласты. «Бүгін келмесін. Бір жағдайым бо­лып тұр. Оның үстіне, кісі күте­тін көңіл-хошым да жоқ. Ертең келсін!», депті. Біз ауылда тұрғанда кез келген кісі ескертпей-ақ үйге бас сұғатын. Көршілес жатқан ауылдарда тұратын туыс­тарымыз бен достарымызға құдайы қонақ болып баратынбыз. Қазір басқаша, ауылдағы ағайын пейілден айырыла бастаған сыңайлы. Жеңгемнің жауабынан кейін ұнжырғам түсіп, қалаға қайтып кеттім.

Су үйге кіргізілген, дәретхана да үй ішінде, байланыс істеп тұр. Құдды қаладағыдай өмір дерсің. Бірақ елдегі аға-жеңгелеріміз өз жағдайларын өздері қиындатып отыр. Ұлт қайраткері Дінмұхамед Қонаев «Ақиқаттан аттауға бол­майды» естелік-эссесінде: «Есі­­гінің алдында сауын­ сиыры,­ қора-қопсысы, бау-шар­ба­ғы бар адам кімнен кем? Әңгі­ме­ бай­­лықта емес, барлықта. Оны біреу жасап бермейді. Қолы қимыл­да­ма­ғанның аузы қимыл­да­майды. Бар пәле қолымыз алды­мызға сыймай жүрсе де қома­ғай­лықпен ауыз ашып, дайын асқа тік қасық болғымыз келеді. Жал­қаулық, масылдық дертіне ұшы­радық. Барымызды базарлай алмай­тын халге жеттік. Ауылда оты­рып, бала-шағамызды аузын ағарғаннан, алты ай жаз көкө­ніс­тен қақтық. Бұрын елдегілер қа­ғанақ жасап, уыз көжесін үзбей­тін, шелек-шелек айран ұйытып, күбі-күбі қымыз пісіп, қарын-қа­рын май алып, кісі қолына қа­рау дегенді білмейтін. Бал та­тыған қаймақ дейсіз бе, жесең – ас, шөлдесең сусын болғандай ежегей, құрт дейсіз бе – бәрі ішкені алдында, ішпегені артында тұратын. Енді ауызды қу шөппен сүрткен келіндеріміз ат арытып, тон тоздырып қала базарына жүгіретінді шығарды. Көп­­ке топырақ шашуға болмас, бірақ бұл қазақтың қанында жоқ, маң­дай терін төгіп жүріп ішкен асын, жеген дәмін бойға құт са­на­ған халықтың жалқаулық, жа­тып­­ішерлік жат мінезден ары­лар мезгілі әлдеқашан жетті», деп айтқанындай, түсіне білсе, қа­ла­ маңындағы 10 сотық жер емес, 50 сотық жерге иелік етіп отыр­ған ауыл тұрғындары бай­лық­­тың астында жатыр-ау! Әт­тең­-ай, түсінбейді. Аз айлығын жұл­­­малап, азық-түлік алу үшін үл­кенді-кішілі дүкендерге сабылады.

Ауыл – жұмақ. Сол жұмақты тозаққа айналдырып отырған өзі­міз. Біз қаладан келген бала­ның шүдірлеп орысша сөйле­ге­ніне таңырқап қарайтын едік. Қазір ауыл балаларының орыс тілін өз ана тіліндей көріп сай­ра­ғанын үйреншікті жағдай деп қа­был­дап жүрміз. Тіпті жаңа туған нәрестелер де бесікке бөлен­бей­ді. Бесікке бөленбеген, өз тілінде сөйлемейтін, жеті атасын біл­мей­тін­ перзенттер өсіп-өнген ауылдар көбейіп барады!

Ауылдың «Кісі келсе – құт, кісі кетсе – жұт!» деген баяғы ата-әжелерін аңсаймын. Ұлттық бол­мысты қалыптастыратын ауыл­­дықтар Шығыстың дана­лы­ғын Батыстың ағымынан тө­мен­ қойып, жомарттығы мен шы­найы­лығынан қол үзсе, қаланың ақсаусақ тұрғындарына үміт арта алмайтынымыз анық.

 

Самрат ҚҰСКЕНОВ

 

ПЕТРОПАВЛ