Қытайдың Ченду қаласында ұйымдастырылған XXXI Жазғы универсиада мәресіне жетті. Жер-жаһанның 118 елінен келген 7 500 атлет спорттың 18 түрі бойынша 269 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Бір аптадан аса уақытқа жалғасқан студент спортшылардың сайысында ел құрамасының өкілдері 20 медаль (2 алтын, 7 күміс, 11 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте 20-орынға табан тіреді. Атап айтар болсақ, универсиада бәсекелерінде гимнаст Милад Карими мен таэквондошы Рита Бәкішева топ жарса, күміс жүлдеге Милад Карими, Нариман Құрбанов, мерген Диана Тұрсынбек, гимнаст Элжана Таниева (екі рет), мылтықтан 50 метрден оқ атудан ерлер құрамасы және жекелей сында Никита Чирюкин ие болды.
Ал М.Карими, Э.Таниева, таэквондодан, семсерлесуден және 10 метрден мылтықпен оқ атудан еліміздің ерлер ұлттық құрамалары, дзюдошылар – Бекарыс Сәдуақас, Сұңғат Жұбатқан және Асқар Нарқұлов, жүзу спортынан Әділбек Мусин, сонымен қатар ушу сайысынан Бексұлтан Қаскенов пен Әйгерім Төреханов қола жүлдегерлер атанды.
Жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы жеңіске жетті. Олардың еншісінде универсиаданың 178 медалі (103 алтын, 40 күміс, 35 қола) бар. Екінші орынға 93 жүлдемен Жапония спортшылары жайғасса (21+29+43), үздік үштікті Оңтүстік Корея құрамасы түйіндеді – 58 (17+18+23).