Алматы қаласындағы балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасында кішкентай науқастың анасы мен медицина қызметкері арасында жанжал туындады. Оқиға бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әйел мен дәрігер арасындағы даудың соңы медицина қызметкеріне күш қолданумен аяқталғаны байқалады.
Аурухана әкімшілігінің мәліметінше, 31 мамыр күні түнгі сағат 00:07-де екі жасар бала қабылдау бөліміне жеткізілген. Дәрігер тексеруден кейін баланы ауруханаға жатқызу қажет деген шешім қабылдаған. Алайда сол кезде баланың қасында заңды өкілі емес, кәмелетке толмаған әпкесі болған.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмаған баланы ауруханаға жатқызу үшін заңды өкілінің келісімі қажет болғандықтан, медицина қызметкерлері анасының келуін күткен.
Астанада фельдшерге шабуыл жасаған ер адамға үкім шықты
Ауруханаға келгеннен кейін баланың анасы мен медицина қызметкері арасында түсініспеушілік туындап, жанжалға ұласқан. Бейнебақылау жазбалары мен куәгерлердің айтуынша, дәрігерге қатысты күш қолдану әрекеті болған.
Оқиға орнына полиция шақырылып, тиісті арыз қабылданған. Аурухананың ішкі тексеруі нәтижесінде дәрігердің әрекеті қолданыстағы заң талаптары мен медициналық мекеменің ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес болғаны анықталған. Сондай-ақ баланы ауруханаға жатқызудан бас тарту немесе медициналық көмек көрсетпеу фактілері тіркелмеген.
Ерлікпен қаза тапқан фельдшерге туған жерінде ескерткіш тақта орнатылды
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған оқиға бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта екі тарап та полицияға арыз берген.
Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, әр тараптың әрекетіне заң аясында баға берілетінін мәлімдеді.