• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Тамыз, 2023

Ауылда қоқыс қалмайды

263 рет
көрсетілді

Биыл мамыр айынан бастап Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, шағын бизнесті дамытуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жарақтандыруға, «Жасыл белдеу» және «Сүт белдеуі» жобаларына бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырыла бастады. Бұл үшін республика бюджетінен 6,4 млрд теңге бөлінді. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына 5-7 жыл мерзімге жылдық 2,5% жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді.

«Осы уақыт ішінде біз­дің облыс бойынша 1 106 өті­нім ке­ліп түсті. Оның ішін­де жалпы сомасы 1 млрд 852 млн теңгеге 272 өті­нім мақұлданды. Қал­ған өті­німдер әзірге қара­лу­­­да. Ақ­жайық, Теректі, Сырым, Қаз­талов және Бәйтерек ­аудандары тұрғындарының белсенділігін атап өту керек. Бұл бағдарлама – өсімдік пен мал шаруашылығынан басқа техникаға сервистік қызмет, жартылай фабрикаттар өндіру, тігін цехы сияқты бағыттар­ды дамытуға жақсы мүмкін­дік», дейді «Aqjaiyq» әлеумет­тік кәсіпкерлік корпорация­сы» акционерлік қоғамының бас­қарма төрағасы Бақдәулет Ибраимов.

«Ауыл аманаты» жоба­сын­да белсенділік танытқан өңірдің бірі – Теректі ауданы екенін айттық. Шынымен де теректілік кәсіпкерлердің алды жеңілдікті несиені алып, шаруасын бастап та кеткен.

«Теректі ауданынан «Ауыл аманаты» жобасына 832 млн теңге сұраған 127 өтініш түсті. Оның 14-і – кәсіпкерлікті да­мытуға, екеуі – құс, біреуі – егін шаруашылығына, ал 110 өтініш – сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға ар­­нал­ған екен. Қазіргі таң­да осы жобалардың 30-ы ма­құл­данды, 20-сы 133,5 млн тең­ге несие алып та үлгерді. Бұл аталған 20 адам жеке кә­сіп­керлік нысанын ашып, не­сиені игеруде. Олардың ішін­­де қос кәсіпкер құс шаруашылығын дамыту бойынша жоба ұсынса, соның бірі бройлер мен жұмыртқалағыш тауық сатып алып, карантинге қойды. Енді бірі 4 инкубатор, құс азығы және т.б. қа­жетті заттарды алды», дейді Теректі аудандық кәсіпкер­лік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азат Әубәкіров.

Үкіметтің ауыл кәсіп­кер­леріне бағытталған көмегіне алдымен қол жеткізгендердің бірі – Теректі ауданының тұрғыны Саржан Ибатов. Ол ауылда қатты тұрмыстық қал­дықтарды жинақтау үшін ар­найы құрылғы сатып алған. Болашақта қайта өңдеу кәсібін де ашқысы келеді екен.

«Біз осы несиеге үш станок сатып алдық. Оның бірі тұрмыстық қатты қалдықтар – макулатура мен пластик бұйымдарды сығымдап, та­сы­малдауға ыңғайлы етіп бе­­реді. Одан бөлек, қой мен ешкі жүнін тазартып, түтіп бере­тін станок, құс мамығын тазартатын аппарат та қолға тиді. Қазірдің өзінде шағын цех ашып, ұлттық нақыштағы көрпе-төсек тігуді бастадық», дейді Саржан.

Теректілік кәсіпкердің бо­лашақ жоспары ауқымды. Мысалы, ол қазір тұрмыстық қал­дықтарды Орал қаласына апа­рып тапсырып жүр. Ал бо­лашақта шағын цехтар ашып, полиэтиленнен өрнектас, қа­ғаз­дан дәретхана қағазы се­кілді дайын өнім шығаруды қолға алмақ.

Шыны керек, қазір тұр­мыстық қалдық, әсіресе, ауыл­дық жерде үлкен мәселеге айналып бара жатыр. Соның ішінде табиғатқа ыдырап ке­туі қиын пластик бұйымдар эко­логиялық апатқа айналған. Міне, осындай қалдықтарды жинайтын, сөйтіп елді мекен­дерді қоқыстан тазалайтын бастаманың мәні үлкен. Эко­логияны сауықтыратын мұн­дай кәсіппен айналысатын кәсіп­керге мемлекет тарапы­нан субсидия берсе де артық емес сияқты. Алайда қазір тұрмыстық қалдықтарды жи­нап тапсыру өте тиімсіз. Ма­кулатура мен пластиктің ба­ғасы ішкі нарықта тым арзан. Жинаған, тасымалдап жет­кізген шығынды өтемей қа­ла­тыны рас. Мысалы, макулатура орташа есеппен 20-30 теңгеге, пластик қал­дықтар 5-10 теңгеге ғана баға­ланады. Ал кәсіпкер қыз­меткерлеріне жалақы төлеуі керек, кәсібін дамытуы қажет.

«Дегенмен «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруалары үшін өте тамаша бастама болды. 2,5 пайызбен ғана бе­рілетін несиеге бір жыл каникул қарастырылған. Несие аларда корпорация маманда­ры мән-жайды толық түсінді­ріп, барынша көмектеседі. Егер кә­сіпкердің құжаты дұрыс бол­са, ешқандай кедергі жоқ. Өз басым 4,6 млн теңге не­сиені оңай алдым. Бұйырса 5 жыл­дың ішінде қайтаруым ке­рек», дейді С.Ибатов.

Көп кешікпей Теректі ауда­нының елді мекендерінде тұр­мыстық қалдықтарды ірік­теп жинайтын арнайы жәшік­тер қойыла бастамақ. Бүгінде өркениеттің бір өлшемі тұр­мыстық қалдықтарды өңдеу, қалдықсыз технологияға көшу десек қателеспейміз. Ендеше, Теректі ауданы өркениеттің табалдырығынан аттады дер едік.

 

Батыс Қазақстан облысы