• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 10 Тамыз, 2023

Балаларға аудиологиялық скрининг жүргізу қажет - педиатр

506 рет
көрсетілді

Алматылық педиатр-маман жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балалардың есту қабілетінің бұзылуын дер кезінде анықтау үшін, сондай-ақ мүгедектікке әкеп соқтыратын ауруды ертерек емдеу-оңалту және алдын алу мақсатында аудиологиялық скрининг жүргізілу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

№36 қалалық емхананың педиатр дәрігері Мөлдір Досжанның айтуынша, барлық жаңа туған нәресте мен 6 жасқа дейінгі бала аудиологиялық скринингтен өтеді.

«Есту патологиясы баланың сөйлеу мен тіл дамуының кешігуіне, әлеуметтік, эмоционалдық және коммуникациялық дағдылардың қалыптасуының бұзылуына, когнитивті дамудың кешігуіне және төмендеуіне әкеледі. Есту патологиясының теріс әсерінің ауырлығы есту қабілетінің бұзылуының түрі мен дәрежесіне, есту қабілеті жоғалуының басталу жасына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Есту қабілеті нашар балаларды есту ортасына біріктірудің сәттілігі көбінесе есту қабілетінің жоғалуы қаншалықты ерте анықталғанына байланысты. Егер түзетілмеген есту қабілетінің жоғалуы тілді меңгерудің маңызды кезеңінде орын алса, онда балалар қабылдау және экспрессивті сөйлеудің терең бұзылуын, өрескел даму кешігулерін бастан өткеруі мүмкін. Есту қабілетінің бұзылуын дер кезінде диагностикалау және көмек көрсету бағдарламасын бастау есту қабілетінің жоғалуының жағымсыз салдарын барынша азайтудың қажетті шарты болып саналады», деді маман.

Педиатрдың айтуынша, есту қабілеті бұзылған балалардың шамамен жартысында есту қабілетінің жоғалуы мен кереңдіктің дамуы үшін айқын қауіп факторы жоқ.

Есту қабілетінің жоғалуы ата-ана мен мамандардың назарын аудармастан, бірте-бірте орын алуы да мүмкін. Сондықтан бұл фактор неонатальды кезеңнен бастап балаларды жаппай тексеру қажеттілігін айқындайды.

Жаңа туған нәрестеге арналған аудиологиялық скринингтің бірінші кезеңі дүниеге келген нәресте өмірінің алғашқы 24-72 сағатында жүзеге асырылады. Аудиологиялық скринингтің екінші кезеңі емхананың балаларды дамыту кабинетінде 3 ай, 1 жас, 2 жас, 3 жас, 6 жаста жүргізіледі.

«Емхана қызметкерлері тіркелген тұрғындарға аудиологиялық скрининг қажет екенін үнемі хабарлайды. Зерттеу кезінде жедел респираторлық және жұқпалы аурудың болмауы міндетті шарт болып табылады. Есту қабілетінің бұзылуы анықталған жағдайда баланы одан әрі тереңдетілген тексеруге сурдологиялық кабинетке, тереңдетілген педагогикалық тексеруден өтуге және түзету әрі дамыта оқыту мәселелерін шешу үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жібереді», деп түйіндейді Мөлдір Досжан.