Бірінші ауыр салмақта жұдырықтасатын отандасымыз Әли Балоев (12-1-1, 8 КО) кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы келесі жекпе-жегін Қытайда өткізеді.
Боксшылардың статистикасын жүргізетін BoxRec.com сайтының мәліметі бойынша, жерлесіміз өзінің 15-айқасын 10 қыркүйек күні Қытайдың Ухань қаласында өткізуі мүмкін. Әзірше Балоевтың қарсыласы кім екені белгісіз, бірақ ол ауыр салмақтағы WBO Global титулы үшін жұдырықтаспақ.
30 жастағы Әли Балоев кәсіпқой бокстағы ең кейінгі жекпе-жегін осы жылдың 18 наурызында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткізіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен ресейлік Курейш Саговтан (8-2-1, 4 КО) басым түскен болатын. Бір айта кетерлігі, екі боксшы бірінші рет 2022 жылдың қыркүйегінде Мәскеуде жұдырықтасып, сол айқаста ресейлік боксшы нокаутпен жеңіске жеткен еді.