Биыл маңғыстаулық түлектердің дүбірі жер жарды деуге болады. Мектеп бітірген 7 436 түлектің 2 660-ы оқу гранттарына, оның ішінде 347 түлек нысаналы грантқа ие болды. Қазіргі таңда облыс әкімінің грантына байқау жүріп жатқанын ескерсек, грант иегерлерінің саны арта түспек.
Биылғы жаңалық Маңғыстау облысындағы 4 мектептің 11-сынып оқушыларының түгелдей мемлекеттік грантқа қол жеткізуі болды. Ақтау қаласындағы физикаматематика пәндерін тереңдетіп оқытатын №11 лицейдің 11 «А» сыныбының 23 оқушысы білім грантына қол жеткізді. Сыныптағы 19 түлек еліміздің университеттеріне, қалған 4 оқушы шетелдің жоғары оқу орындарына грантқа оқуға түсті. Сондай-ақ Мұнайлы ауданындағы №13 мектеп-гимназиясының 13 түлегі, Қызылтөбе лицейінің 15 түлегі, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі 11 «А» сыныбының 14 оқушысы мемлекеттік грант иегері атанды. Ақшұқыр мектеп-лицейі – өңірдегі айтулы білім ордаларының бірі. Түлегі түгел білім грантын иеленген сыныптың екі оқушысы «Алтын белгі» иегері атанса, бір оқушысы «Үздік атестатты» иеленді. Оқу жылының қорытындысы бойынша «Жыл оқушысы», «Жыл өнертапқышы» және «Жыл жас ғалымы» аталымдарының жүлдегерлері де осы сыныпта. Сыныптың 91 пайызы ҰБТ-дан 100-ден жоғары ұпай жинап, жақсы көрсеткіш көрсетті. Енді сыныптың барлық оқушысы 100 пайыз мемлекеттік грант иегері атанып, сенімді ақтады.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – оқушының 11 жыл бойы алған білімінің нәтижесі, қорытындысы. Сондықтан да әрбір бітіруші түлек үшін ҰБТ-ның маңызы зор. Маған да өзге түлектер секілді қорқынышты әрі қиын көрінді. Мектеп тарихындағы алғашқы «Алтын белгіге» үміткер болғандықтан жауапкершілік еселей түсті. Мемлекеттік емтиханды естен шығармай, көңіл бөліп дайындалу қажет еді. Грантқа түссем деген арман кейде уайым сыйлаған кездері болды. «Орынды қарекет орынсыз уайым-қайғыны сейілтеді» деп Абай атамыз айтқандай, мен де құр уайымдағаннан гөрі әрекетке кірісейін деп дайындықты бастап кеттім. Дайындықты ерте бастағанның артықшылықтары өте көп. Білмей жүрген тақырыптарыңды үйренесің, тіпті таңдаған пәніңнің кіріспесінен бастап оқуға мүмкіндік бар. Дайындық арасында түрлі сайысқа, облыстық олимпиадаға қатысып үлгердім. Өйткені бас көтермей ҰБТ-ға дайындала берсең қорқынышың еселене береді. Сондықтан көңіл көтеру мақсатында дебат турнирлеріне, шешендік өнер сайыстарына қатыстым. Жуырда біз асыға күткен конкурстың қорытындысы жарияланды. Тізімнен өз есіміңді іздеп отырған кездегі толқу, қобалжуды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Шүкір, тізімнен өз есімімді таптым. Мен мұны тынымсыз еңбектің нәтижесі деп білемін. Аз-аздан үздіксіз дайындалып, қарыс қадаммен үлкен мақсаттарға жол ашылды. Бір кезде сыныбымыздың барлығы, яғни 13 оқушы да грантқа түсті деген сүйінші хабар келді. Бұл, тіпті қуанышымызды еселеп жіберді. Ата-аналарымызға, сүйікті ұстаздарымызға алғыс айтамын, – дейді Мұнайлы ауданы №13 мектеп-гимназиясының түлегі Базарбай Бекарыс.
Бекарыстың қуанышты сөзін анасы Раушан Авезова «Ұлым кеше ғана мектеп табалдырығын аттап еді, міне енді үлкен өмірге қадам басқалы отыр» деп жалғады. «Аллаға шүкір мектептегі емтихандарын жақсы тапсырып, ҰБТ-дан да ойдағыдай ұпай жинап, жоғары оқу орындарына конкурсқа қатыстық. Күні-түні тілеп, балам өз ойындағы армандаған жоғары оқу орнына түссе екен деп дұға жасап жүрдім. Баламның «грантқа түстім» деген қуанышты хабарын естігенде қуанғаннан жылап жібердім. Бұл – қуаныштың көз жасы. Балам өзі армандаған жоғары оқу орнына түсті, бала күнінен жақсы көретін математика пәнінің мұғалімі болмақ. 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берген ұстаздарына мың алғыс», дейді ол.
Маңғыстауда түлектер мен ата-аналар, ұстаздар қуанып, халық сүйсініп жатыр. Бір емес бірнеше сынып түлектерінің тұтастай мемлекеттік грантқа қол жеткізуі – тосын жаңалық. Бұл – маңғыстаулық ұстаздар еңбегінің нәтижесі. Ұстазының сенімін ақтаған түлектер үшін, түлегінің томағасын сыпырып биікке ұшырған ұстаздар үшін қуандық.
Маңғыстау облысы