Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың киелі Түркістандағы Ұлттық құрылтай жиынындағы сөзінің салмағы ауыр, қуаты рухты шықты. Алға қойған сегіз міндеті де хақымыздың үкілеп отырған асыл-мұраттарымен ұштасып жатыр. Өз басым ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға қатысты ой-тұжырымдарын бірден жүрек төріне ұялаттым.
Мына бейдауа мезгілде өркениеттер мен мемлекеттер, идеологиялар қақтығысы өрши түсті. Қарсы жақтың мысын басу жолында небір қитұрқы амал-әрекеттер түзіліп, пайдаланылып келеді. Соның ең бастысы – өзгелердің тарихи жадын тәрк ету, сөйтіп моральдық-адамгершілік, халықтық қалпын барынша солғындату. Осы ретте Президентіміздің: «Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі» деп қадап айтқан лебізі баршамызды қанаттандырып отыр. Иә, алтын өзегі – тарихи жады жұтаған халықтың қара тобырға айналып, сүйрегеннің қолында, айдағанның алдында кете бармағы бар.
Бұдан екі жыл бұрын қасиетті Семей өңіріне барып қайттық. Семейдегі әмбебап кітапханада зиялы қауым өкілдерімен жүздестік. Ғалымдар мен жазушылар, өнер, қоғам қайраткерлері кезек-кезегімен келісті әңгімені кестелей берген. Уәлі сөз иелері киелі Шыңғыстау жерін жаһандық өлшемдегі екінші мыңжылдық адамы Шыңғыс қаған есімімен етене байланыстырады әрі мақтан тұтатындықтарын да жасырып қала алмады. Әңгіменің бұл тұсы бізді де елең еткізген. Өйткені әулие Абайдың өзі елдің өткенінен сыр тарқата отырып: «... Маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят» (Абай. Екі томдық ш.ж., ІІ том, 165-б. «Жазушы» б-сы. 1986 ж.) деп бедерлеп берген-ді. Осы ауанда басқа-басқа, Абайға әлі жүгіне алмай жүргендігіміз жанға батады-ақ! Шәкәрім Құдайбердіұлы да «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты мақаласында Шыңғысханды түркілік тамырдан тарта моғол деп баяндайды.
Осы Шыңғыстауда Майқы би бастаған қазақтың он екі биі Теміршыңды ақ киізге отырғызып, хан көтерген. Сондағы отызға жуық ру-тайпаның бәрі дерлік күні бүгінге дейін еліміздің құрамында. Шыңғыстау өңіріндегі Үлкен Орда, Кіші Орда, Хан биігі, бәрі-бәрі жұртшылық жадында сайрап тұр. Әрі бұлар түгелімен «Абай жолы» эпопеясында көрініс тапқан. Абайдың күмбір сандық зердесі арқылы жазушы бұларды барынша мағыналы да терең жеткізген еді.
Құйын ойнаған құба жонда ылдидан шауып өрге озған көк сүңгі оғландарымыз асқақтағанды алдыртып, талтақтағанды талдыртып, танымасты тағдырдың дегеніне иілткен. Сонымен әдепкіде іргелі көршінің өңешінен өтіп кетуге шақ қалған шақта өзінің айналасындағы руластарының басын біріктіріп, тағдырдың күресінінде қалып қалмауды көздеген Теміршың (Шыңғыс қаған) туған жұртының айрықша алқауымен түгел түркінің – киіз туырлықтылардың баршасын бауырына тартуға бел буды. Байырғы түркі қағандарындай өзін Тәңірдің жердегі тікелей өкілі сезінген ол Қытай мен Сібір жұртшылығын, Мәуренаһрды бағындырып, Еуропаның шығысындағы елдерге еркін жетті. Осылайша, Шығыс пен Батыстың арасына алтын көпір салып, айтулы мәдениеттерді ұштастырды. Әскери-азаматтық, демократиялық арнада дамыған өзіне дейінгі түркілік жүйені жалаулата таратты. Кейінгі Еуропа ренессансының негізін қалады. Жойқын пассионарлық күш Алтын Ордадай алып мемлекетке алып келді. Еуразия кеңістігі бір жүйеге, темірдей тәртіпке бағынды. Елшілер мен саудагерлер емін-еркін қарым-қатынасқа көшті. Шығыс Түркістан, Қытай, Орта Азия, Таяу Шығыс, Мысырмен сауда жолға қойылды. Теріскей Кавказ, Еділ бойы қалалары жарыса бой көтерді. Бейбіт тіршілік орнады. Өнегелі іс өріс тапты, адамзаттың тарихында жаңа дәуір бел алды. Осынау жалаулы жасампаздықтың жарқылындай – алтын босағалы, ақ ордалы Қазақ елінің (Алтын Орданың тікелей мұрагері) дәл қазір жаһан төріне төтелей жол салуы тәлейлі де табиғи дер едік.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көптомдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім» деген сәулелі лебізіне жүрегімізбен жүгінеміз. Сол көп томдықта осы мақаламызға арқау болған көпшілікті көптен толғандырып жүрген «стратегиялық маңызды» дүниелер жалтақсыз кеңінен қамтыларына сенгіміз келеді.
Міне, сонда Ұлы даламызда қараңғылықтан алшақ, рухы атойлаған, жаны азат жайсаңдар шығады алғы шепке! Мемлекет басшысының пәтихасымен Құрылтайдың ендігі жиыны елдігімізді айшықтар Сарайшықта өтпек. Көңіл сарайымыз да көктем атып, көкке өрлеп тұр дәл қазір!
Әміре ӘРІН,
ғылым магистрі