Футболдан Конференция лигасына қатысып жатқан еліміздің екі командасы өткен аптада аталған турнирдің үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчтарын өткізіп, келесі кезеңге шығу мүмкіндігін қарымта ойынға қалдырды. Былтырғы ел чемпионатының күміс жүлдегері «Ақтөбе» сырт алаңда 12 жылдық тарихы бар Румынияның «Сепси» клубымен тең ойнаса (1:1), қола жүлдегер «Тобыл» Қостанайда Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» командасынан бір доп айырмасымен басым түсті – 1:0.
Бір доп айырмашылығы жетер ме екен?
Кейінгі жылдары Еурокубок ойындарына тұрақты қатыса бастаған «Тобыл» мен «Дерри Сити» осы турнирдің екінші кезеңінде үлкен сенсация жасап, жарыстың үшінші айналымына жолдама алды. Қостанайлық ұжым екінші кезеңде Швейцарияның атақты «Базель» командасын екі ойынның қорытындысы бойынша 4:3 есебімен жарыс жолынан ығыстырса, «Дерри Сити» біздің жанкүйерлерге жақсы таныс Финляндияның КуПС клубынан басым түсті. Өз алаңындағы бірінші ойында 2:1 есебімен жеңіске жетсе, сырт алаңдағы кездесуде 3:3 нәтижесімен тең ойнады. Естеріңізде болса, 2021-22 жылғы Конференция лигасының үшінші кезеңінде КуПС елорданың «Астана» командасын екі ойында 5:4 (1:1, 4:3) есебімен тізе бүктірген еді.
Осылайша, футбол мамандарының назарын өздеріне аударған екі клуб арасындағы ойын көпшілік күткендей тартысты өтті. Бірінші таймның алғашқы бөлігінде қонақ команданың ірі денелі футболшылары біздің қақпаға жарытып шабуыл ұйымдастырмаса да, «Тобыл» ойыншыларын жиі тәртіп бұзуға итермелеумен болды. Ирландиялықтардың дөрекі ойынына біздің жігіттер де дәл солай жауап береміз деп төреші тарапынан ескерту алып қалды. Алғашқы 45 минуттың ішінде үш футболшымыз «сары қағазбен» жазаланды. Матч алдындағы баспасөз конференциясында «Тобылдың» бас бапкері Милич Чурчич дәл осы жағдайды ескеріп, ирландиялық футболшылардың айласына түсіп қалмау маңызды екенін, біз өз ойынымызды, олар өз ойындарын ойнауы керек деп айтқан еді. Бірақ «Тобыл» футболшылары көп жағдайда «Дерри Ситидің» құрығына түсіп қала берді.
Екінші таймда ойын қарқыны біршама бәсеңдегенімен, қостанайлықтардың шабуылы бірінші таймға қарағанда, өткір бола бастады. Бәлкім, үзіліс уақытында Чурчич шәкірттеріне шабуылды аяқтау кезіндегі қателіктерін ескерткен болар. Мәселен, екінші 45 минутта «Тобыл» футболшылары қарсыластардың қақпасына төрт соққы жасаса, соның үшеуі қақпаға дәл бағытталды. Оның біреуін голға айналдыра алды. Ойынның 65-минутында «Тобыл» клубының тәрбиеленушісі әрі қорғаушысы Роман Асранқұлов сол қапталдан ирландиялықтардың қорғанысын бұзып-жарып, сол аяғымен әдемі гол соқты. «Дерри Ситидің» қақпашысы да, қорғаушылары да бұл соққының алдында дәрменсіздік танытты. Сөйтіп, 90 минут бойы «Тобылдың» шабуылшылары соға алмаған голды қорғаушы соғып, алғашқы ойында командасына басымдық сыйлады – 1:0.
Енді екі ұжым арасындағы қарымта матч 17 тамыз күні Солтүстік Ирландияда өтеді. «Дерри Ситидің» Еурокубоктағы биылғы ойындарының статистикасына қарайтын болсақ, олар сырт алаңдағы кездесулерге қарағанда, өз жеріндегі матчтарда тәуір ойнайды екен. Конференция лигасының алғашқы екі іріктеу кезеңінің өз алаңында өткен екі ойынында да олар қарсыластарынан басым түскен. Дегенмен «Тобыл» да сырт алаңда тәуір ойнайтынын өткен матчта көрсетті. Сондықтан қарымта кездесуде бізді қызықты матч күтіп тұр.
Сырт алаңдағы тең ойын үміт сыйлайды
Румынияда матч өткізген «Ақтөбе» клубы алғашқы ойында қолда тұрған жеңісінен айырылып қалды. Дегенмен бірінші матчтың сырт алаңда өткенін ескерсек, өз алаңында жеңіске жетудің мүмкіндігі көбірек. 8 400 жанкүйерге арнап салынған Сфынту-Георге қаласындағы «Сепси Арена» стадионындағы матчта екі ұжым да әу бастан тең нәтижені көздеген сияқты.
Өйткені екі клуб та матч бойы жарытып шабуыл ұйымдастырған жоқ. Тек кездесудің соңында ғана алаң қожайындары есепті теңестірген соң шабуылдарын үдете түсті. Ал бірінші таймда екі клуб футболшылары тек бір-бір мәрте ғана қауіпті жағдаймен көзге түсті. Ойынның 15-минутында Мариуш Стефанескудың қақпаға еніп бара жатқан допты Стас Покатилов қолымен қақшып жіберсе, 28-минуттағы Максим Самородовтың алыс бұрышқа тепкен добын «Сепси» қақпашысы қайтарды. Бірінші таймда бұдан басқа ауыз толтырып айтарлықтай шабуыл болған жоқ.
Екінші таймның басында алаң қожайындары ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысып, допты жиі бақылауында ұстай бастады. Кездесудің 55-минутында Стефанеску тағы да «Ақтөбе» қақпасына қарай бағыттаған жойқын соққысымен көзге түсті. Абырой болғанда Стас Покатилов өз орнынан табылып, қауіптің бетін қайтарды. Арада 10 минут өткенде жерлестеріміз бұл шабуылдың қарымтасын қайтарып қана қоймай, «Сепси» қақпасына гол соғып, ойынның есебін ашты. 65-минутта Максим Самородовтың бұрыштамадан әуелете көтерген добына бірінші Элдер Сантана жетіп, басымен қақпаға дәл соққы жасады – 1:0.
Гол өткізіп алған соң алаң қожайындары есепті теңестіру үшін бар күш-жігерімен алға қарай ұмтылып, «Ақтөбе» қорғаушылары мен қақпашысын қиын жағдайға салып қойды. «Сепси» футболшыларының дүркін-дүркін шабуылы матч соңында ғана өз нәтижесін берді. Ойынның 89-минутында Роланд Варганың айып алаңы ішінде қақпаның сол жақ бұрышына қарай тепкен добы жол-жөнекей бір ойыншымызға тиіп, қақпаның оң жақ бұрышының торынан табылды – 1:1. Таразы басы теңескеннен кейін «Сепси» жеңіс голын соғуға ұмтылды. Алайда жерлестеріміз қорғаныста сауатты ойнап, алаң иелеріне екінші голдарын соғуға мүмкіндік бермеді.
Екі ұжым арасындағы қарымта ойын 17 тамыз күні Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өтеді.