• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Пікір 14 Тамыз, 2023

Көптің күтері – нақты нәтиже

172 рет
көрсетілді

Осыдан бірер күн бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз мүлдем жаңа бағытқа көшу үшін Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін беруіміз керек... Халық бізден нақты шешімдер күтеді, өйткені ең өзекті мәселелерді шешу қажет», деп мәлімдеді. Осы арқылы ол мемлекеттік шаруашылық жүргізу ісінде ілгері өркендеудің жаңа үлгісі жасалатынын, алдағы ауқымды жұмыстарға баршаның жұмыла кірісуі қажет болатынын аңғартты. Мұндай маңызды үлкен істе Үкіметке де қолдау керек. Сондықтан қандай меншіктегі болмасын әрбір ұйым, кәсіпорын экономиканы ілгерілетуге қалай күш қосатынын өзі көре біліп, кем-кетігін түзеп, қажет етілетін жерге «қалана кеткені» саналық ілгерілеуімізді көрсетеді деп білемін.

Президентіміз әлемдік бәсе­кеге қабілетті және заманауи ин­новациялық технологияға арқа сүйейтін экономиканы орнық­тыру, бұл үшін мемлекеттік ша­руа­шылықтың барлық саласында өз ісін жетік білетін білікті маман­дар болуы қажеттігін бұ­рын да айрықша атап көрсеткен бола­­тын. Бұл ретте жоғары оқу орын­дарының бәсекеге қабілет­тілі­гін күшейтудің маңызы зор. Ал бәсекеге төтеп беру ең әуелі білім сапасын арттыруға, бі­лім алушыларға және білім беру­шілерге талаптарға сай жағдай жасауға байланысты.

Қазақстан мен Орталық Азия­дағы ең үздік жоғары оқу орын­дарының қатарындағы Алматы технологиялық унтверситеті та­ғам, өңдеу, тоқыма және жеңіл өнер­кәсіп салалары, инжиниринг және IT, бизнес, қызмет көрсету мен қонақжайлылық индустриясы үшін мамандар мен ғылыми кадр­лар даярлап келеді. Университет жаһандық білім беру кеңістігіне белсене кірігіп, халықаралық ау­қымда барған сайын таныла түсу үстінде. Мұнда таңдаған маман­ды­қтар бойынша өндірістегі прак­тикамен тікелей өзара байланыс­ты қамтитын осы заманғы ғылы­ми-білім беру үдерісі жоғары деңгейде құрылған. Мұның бәрі оның әлемдік, өңірлік және ұлттық рейтингтердегі көрсеткіштерімен қуат­талады. Мәселен, осы жы­лы QS Quacquarelli Symonds (Ұлы­бри­тания) Халықаралық рейтинг агенттігінің айқындауы бойын­ша, Алматы технологиялық универ­ситеті дүниежүзінің 100 елінің таңдаулы оқу орындары арасында 801-850 орынды иеленді. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп бағаланады. Сондай-ақ QS Stars халықаралық рейтингінің сарапшылары «Білім беру» және «Жұмысқа орналасу» санаттары бойынша АТУ-ды 5 жұл­­дызбен атап өтті. Қазақстан жоға­ры оқу орындарының Ұлттық рей­тингінде АТУ үздік жоғары оқу орындары бестігіне кіреді. Бұл білім сапасына қатысты дерек­тердің бір парасы ғана.

Ғылым және жоғары білім министрлігі білім сапасын арттыру, студенттерге қажетті жағдай жа­сау, әсіресе жатақханамен қам­та­масыз ету мәселесінде оқу орын­дарымен тығыз байланыста. Осы орайда айтар болсақ, АТУ-ды таңдаған мемлекеттік грант иелерінің саны жылдан-жыл­ға көбейе түсуде, соның өзінде жатынжайға мұқтаж студенттердің 75 пайызы жатақханадан орын алады, бұл қолданыстағы нормаға сай көрсеткіш. Өткен жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде студенттер санының арта түсуін ескере отырып, тағы бір жатақхана салынатынын айтқан едік. Міне, жаңа оқу жылы 300 орындық заман талабына сай жаңа жатақхана ғимаратының пайдаланылуға берілуімен басталмақ. Бұған қоса тағы бірлі-екілі жатақхана салу үшін жер телімін алу мақсатында Алматы қаласы әкімдігімен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар жатақха­на­лар­дың барлығында тиісінше күр­делі немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде бәрі де жаңа оқу жылына сақа­дай сай тұр. Университеттің бас корпусында да жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп, жылу жүйелері жаңартылды.

Қазіргі уақытта 8 мыңға жуық студент оқитын АТУ-дың ғылым-білім тұрғысынан айтарлықтай материалдық-техникалық базасы бар. Мұнда бес факультет, университет базасында құрылған Қазақстан-Швейцария қонақ үй бизнесі және туризм институты, 3 ғылыми зерттеу институты, 12 оқу-ғылым орталығы, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 13 ғылыми зерттеу зертханасы, шағын зауыттарға ие тағам және өңдеу өндірісі технопаркі, мейрамхана ісі мен қонақ үй бизнесі оқу орталығы, тамақтандыру комбинаты, 2 спорт залы мен стадион, 2 медпункт, баспахана, студенттерге қызмет көрсету орталығы бар. Материалдық-техникалық база ауқымы 70 мың шаршы метрді құрайды, оған 4 оқу корпусы, 5 студенттік жатақхана кіреді.

Гранттар арқылы және ақылы негізде білім алушылар санының артуына орай 9 қабаттан тұратын тағы бір жаңа оқу корпусының құрылысын бастау көзделіп отыр.

Университет жетістіктерінің барлығы – оның профессор-оқытушылар құрамы мен барлық қызметкерлері еңбегінің жемісі. Олардың жалақысы биыл 30 пайыз­ға көтерілді. Басқа да мате­риал­дық және моральдық тұрғы­дан қолдау шаралары әрдайым назарда тұр.

Сөз басында, Президент атап көрсеткендей, Қазақстанда экономикалық дамудың жаңа үлгісіне көшу қолға алынатынын айттық. Соған орай, елімізде тұрақты сұраныстағы, халық тұтынатын тауарлар шығаратын жеңіл өнер­кәсіп саласын жедел жаңғыртып, өркендету керек. Сонда мыңдаған адам жұмыс орындары ашылар еді, осы салада бәсекеге қабілетті отандық тауарлар кеңі­нен өндіріліп, ел ішінде және сыртта сұранысқа ие болатындай жағдайларды қарастыруды Үкімет назарына ұсынар едік. Алматы технологиялық универси­теті бұл іске белсене араласуға дайын, бұл үшін ғылыми білім және материалдық-техникалық тұрғыдан қажетті базамыз бар. 65 жылдан астам уақыттан бері жеңіл және тамақ өнеркәсібі үшін даярланып келе жатқан мамандар сапасын да, санын да арттыру – университет ұжымы үшін абыройлы міндет.

 

Талғат ҚҰЛАЖАНОВ,

Алматы технологиялық университетінің ректоры, академик