Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаланың тыныс-тіршілігі үшін маңызды нысандар жайлы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қаланың тіршілігі тоқтаусыз жүру үшін бірқатар маңызды нысан саламыз. Олар – «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары, сондай-ақ құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 нысанын аяқтаймыз. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысын тексерді», деп жазды бас қала әкімі.
Айта кетсек, елордада жылыту маусымы шамамен 7 айға созылады. Әкімнің жазуынша, газ жылу станциялары мен ЖЭО-3-ті алдағы жылыту маусымында кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Мәселен газ жылу станциялары мен ЖЭО-3 осы жылыту маусымында 1100 Гкал/сағ жылу береді, бұл бізге профицитке шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл үшінші газ жылу станциясының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», деп жазды Жеңіс Қасымбек.