Абай күні Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы ғылыми әмбебап кітапханада кеңінен аталып өтті. Жиналғандар данышпан ақынның мәңгі өлмейтін өлеңдері мен қарасөздері туралы әңгімелер мен ғылыми баяндамаларды ғалымдар, әдебиетшілер, мектеп мұғалімдері, колледж ұстаздары ғана емес, әскери бөлімнің тәлімгерлерінің аузынан қызыға тыңдады.
Соның ішінде 6637 әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бөлімшесі бастығының аға көмекшісі Бақыт Сәдуақасов «Абай – ұлт ақыны» атты баяндама жасады. Баяндамада ақынның ұлт тәрбиесіне қатысты даналықты ойлары туралы айтылды. Абай қажымай, талмай еңбектенудің адам өміріндегі маңызына назар аударған. «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» дейді данышпан. «Әуелi Құдайға сыйынып, екiншi өз қайратыңа сүйенiп, еңбегiңдi саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де бередi, құр тастамайды, жемісін береді» деген Хакімнің даналықтары жиналған жастарға оң әсер етіп отырғаны байқалды.
Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асыл Ысқақова «Абай жолы» романындағы Абай образына тоқталды. «Тарихи дәуір келбеті және көркемдік шындық» деп аталған баяндама бүгінгі көзқарастағы Абай образына тереңдеп бойламаққа ұмтылған. «Соцреализмнің» құрсауымен Абайды өз заманының озық ойлы адамдарынан, ел билеген ақылдылардан алыстатуды ойлаған солақай сыншылардың әдістерінен адаланған баяндамашы басқаша, жаңаша ойлауға ұмтылып, Абайдың өз әкесі Құнанбайдан, елдің атқамінер басшылары Бөжей, Сүйіндік, Байдалы, Байсалдан алған үлгілерін, өнегелерін алып, ақылман сөздерін ұққандарынан бастап, азамат ретінде қалыптасу жолдарына тоқталып өтті. Облыс орталығындағы Абай орта мектебінің мұғалімі Перизат Молдағожина «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында Абай шығармаларын оқып үйрету» деген тақырыпта баяндама жасап, данышпанның өлеңдерін талдау, қарасөздерінің даналық қырларын ашудың бүгінгі талаптарына тоқталып өтті.
Жергілікті ақындар өздерінің Абайға арнаған өлеңдерін де оқыды. Соның ішінде жазушы Зейнелғаби Иманбаевтың қызы Марал Оспанова өзінің «Абайға тағзым», жазушылар одағының мүшесі Күлайхан Рахмет «Абай жаққан сәуле сөнбейді» атты өлеңдерін оқып берді. Ардагер ұстаз, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жангелді Тәжин домбырамен Абайдың «Көзімнің қарасы» және «Сегіз аяқ» әндерін шырқады. Күйші Серікбай Құсайынов Абай өлеңдері мен күйлерінің тарихынан әңгіме шертсе, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы Бәйімбет Құбайдолла ақынның бірнеше күйін тартып берді.
Сөйтіп, Абай күні – руханият мерекесі ретінде кеңінен аталып өтті. Оған қатысқан студенттер, курсанттар, оқушылар мен ата-аналар, өнерсүйер жас-кәрі бір серпіліп қалды.
ПЕТРОПАВЛ