Қазір қоғамда МӘМС жүйесіне қатысты сын-пікірлер аз емес. Рас, қаншама азамат медициналық әлеуметтік сақтандыруға ақша төлейді, бірақ өзі тіркелген емханаға дер кезінде емделе алмайды. Өйткені кезек күту керек. Алайда МӘМС жүйесімен күрделі операция жасатып, оңалып жатқан азаматтар да жоқ емес.
ӘМСҚ Астана филиалының қызметкерлеріне СITY клиникасының мүмкіндіктерін таныстырған бас дәрігер Қанат Дүйсенбаев емханада өте сирек кездесетін ерекше операциялар жасалатынын жеткізген. Осыған байланысты игілікті істің мән-жайын дәрігерлерден сұрап көрдік.
«CITY емханасында 2023 жылғы 16 мамырдан бастап осыған дейін МӘМС жүйесімен адам аяғында болатын артериялық қан айналымын қалпына келтіру бойынша 10 күрделі операция жасалды», дейді стационар және оперблок меңгерушісі Ғалия Әбежанова.
Елордадағы бұл емхана МӘМС жүйесі бойынша тегін ем алған алғашқы емделуші ұзақ уақыттан бері атеросклероздан зардап шеккен 82 жастағы қарт кісі аяғының тамырлары толығымен бітеліп, соның салдарынан аяғында қатты ауырсыну тудыратын трофикалық жаралар пайда болған. Тіпті ауырсынуды басатын дәрілер де әсер етпейтін көрінеді.
«Созылмалы қабынуға кез келген уақытта инфекция түсіп, адамның бүкіл ағзасына кері әсер етеді және сау ағзалардың жұмысын бұзуы мүмкін. Мұндай ауруларды емдеудің түрлі әдістері бар. Бірақ аяқты сақтап қалу мүмкін бола бермейді. Ал бұл науқастың жағдайында тіпті күрделі болды. Мұндай жағдайда көбінесе ауыр сырқатты ескере отырып, науқасқа операция жасаудан бас тартуды ұсынуы мүмкін», дейді дәрігерлер.
Қарттың науқасы қатты асқынып кеткендігіне және созылмалы сырқатына қарамастан, дәрігерлер жергілікті анестезия арқылы операция жасауға шешім қабылдаған. Осылайша, дәрігерлер аяқ тамырларының қан жүруін қалпына келтірген. Нәтижесінде, қысқа уақыт ішінде трофикалық жаралар толық жазылып, науқастың аяғын кесуден сақтап қалды. Яғни қарияны мүгедек болып қалудан аман сақтаған.
«Әкемнің ауырғанына 20 жылдан асты. Бұрын дәрігерлер көптеген дәрі-дәрмек тағайындайтын, онымен ауырсынуды басуға болатын. Бірақ кейінгі бірнеше жылда дәрілер әсер етпейтін болды. Ауырсыну басылмай, әкем ұйқыдан қалды. Бірнеше тексерулер мен консультациялардан кейін біз CITY емханасына бардық. КТ зерттеуін жүргізу кезінде ангиохирург Айдар Парманов әкемнің аурудан зардап шегуінің себебі неде екенін көрсетіп, түсіндірді. Бұл кезде аяғы қарайып кеткен еді. Дәрігер «бізде енді уақыт жоқ, аяқты аман сақтап қалу керек» деді. Себебі операция жасалмаса, дерті дендеп кетуі мүмкін екен. Біз әкеміздің аяғын сақтап қалуға мүмкіндік бар екеніне қуанып, дереу қан талдауларын тапсырып, тексерулерден өткізіп, хирургиялық емдеуге дайындай бастадық. Ауруханаға жатқызғаннан кейін дәрігерлер әкемізге МӘМС бойынша тегін операция жасады. Қазір әкеміз өзін жақсы сезінеді және біраз жылдан соң түнде тыныш ұйықтайтын болды. Бұл ретте ақ халатты дәрігерлерге алғысымыз шексіз!» дейді науқастың балалары.
Мамандардың айтуынша, мұндай операция қан тамырлары тәжірибесінде өте сирек жасалады. Бұл өз кезегінде елордада қан тамырлары хирургиясы әдістерінің одан әрі дамуына, қазіргі заманғы әлемдік деңгейде хирургиялық көмектің дамыған әдістерін игеруге және енгізуге сенімділік береді. Сондай-ақ аталған емхананың ангиохирург дәрігері 76 және 85 жастағы науқастарға да осыған ұқсас операция жасапты. Бұл операциялар да медициналық сақтандыру қоры есебінен жүргізілген.
«Бұл операциялар жергілікті анестезия арқылы жасалды. Операцияның негізі тәсілі науқастың қан ағымын қалпына келтіру үшін оның өз күретамырын қолданамыз. Ол дайындалғаннан кейін артерияларға тігіледі, нәтижесінде күретамыр шунт қызметін атқарады, одан кейін ол артерияланады да, ағзаларды қанмен қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда күретамырды толығымен оқшаулаудың қажеті жоқ, өйткені бұл операциялар классикалық түрінде жасалады», дейді ангиохирург Айдар Төлегенұлы.
P.S: 2018 жылы іссапармен Шымкент қаласында жүргенімізде сол жердегі бір қаламгер ағамыздың үйінде қонақта болдық. Көп тағылымды әңгіме айтып, шығарып салған еді. Арада алапат ковид індеті болды, сөйтіп былтыр Шымкентке тағы жолымыз түсті. Бұл жолы ағамызға арнайы сәлем бере кетуге өзіміз барғанбыз. Қазақ мәдениетіне елеулі еңбек сіңірген ағамыз бір аяғымен отыр, екінші аяғы санынан төмен жоқ. Біздің жүзіміздегі сұрақты оқып қойған ағамыз мән-жайды бірден түсіндірді. Аяқтағы қан тамырлардың бітелуі және жарылуы салдарынан башпайдан бастап қарайып, шіри бастаған. Бұл шіру екінші аяққа әсер етсе, екі аяғынан бірдей айырылады деген дәрігерлер бір аяғын кесіп тастапты. Жоғарыда айтылған операцияны естігенде оймызға осы қаламгер ағамыздың жағдайы еріксіз ойға оралып еді.