• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2010

Талқылау тағылымы

525 рет
көрсетілді

ТҰЖЫРЫМДАМА ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖАСАЛМАҒАН Құжат жобасын талқылаған депутаттар осындай қорытындыға келді Мал басын қалай өсіруге бола­ды? Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Б.Жылқы­шиев бастаған депутаттар 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында етті мал ша­руашылығын дамытудың салалық бағдарламасының тұжырым­дамасын талқылар кезде осы мәселеге ерекше ден қойды. Сенаторлар алдында аталған тұжырымдама бойынша баянда­маны “Мал өнімдері корпорация­сы” АҚ-тың басқарма төрағасы баяндама жасады. А.Солюлевтің мәліметіне қарағанда, етті мал шаруашылығының асыл тұқымды базасын дамыту үшін репродуктивті шаруашылықтарды құру және сиыр еті көлемін 2010 жылғы 405,9 мың тоннадан 2020 жылы 795 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр екен. Ол үшін асыл тұқымды етті мал шаруашылығының базасын нығайту, сұрыптау жұмыстарына мониторинг жүргізу, мал басын есепке алу, азық пен жемшөп өндірісін дамыту сияқты міндеттер жүзеге асырылатын көрінеді. Сондай-ақ басқарма төрағасы А.Солюлев ірі қара мал басы 2009 жылы 1990 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге азайғандығын көлденең тартты. Қазіргі кезде асыл тұқымды мал басы 76,68 мың болса, “Қазақтың ақ бас” тұқымы жалпы асыл тұқымды ет бағытындағы мал басының 77,7 пайызын құрайды екен. Егер шетелдік ірі мал басына келер болсақ, Ресейде бұл көрсеткіш 21,6 миллион бас, Канадада – 15,2, АҚШ-та – 99, Аргентинада – 51 және Бразилияда 51 миллион бас. Ауыл шаруашылығын бақылай­тын дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, 1990-2008 жылдары сиыр еті 1,8 есеге азайып кетіпті. Ірі қара малдың 82,2 пайызынан астамы жұртшылықтың қосалқы шаруашы­лықтарында шоғырланған. Сон­дық­тан да малды есепке алу жүйесі, жасанды ұрықтандыру, жемшөп базасы, фермерлік шаруашылықтар сияқты мәселелерде төмен деңгей қалыптасқан. Енді ірі қара мал басын қазіргі 77 мыңнан 2020 жылы 5 миллионға дейін көбейту жоспарланыпты. Қосымша 10 мың­дай жұмыс орнын ашу көзделген. Қаржыландыру мәселелері оң шешілген жағдайда валюталық пайда түсімі 2015 жылы – 300 миллион, ал 2020 жылы 900 миллион АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Бұл 1990 жылдың деңгейіне жету дегенді білдіреді. Осы ретте депутаттар бірқатар мәселелерге назар аудартты. Атап айтқанда, тұжырымдамада жылқы және қой шаруашылығы мәселесі ескерілмей қалған. А.Солюлевтің айтуынша, қазіргі кезде жылқы шаруашылығын дамыту тұжырым­дамасы әзірленіп, жылқы еті мен ұнтақ қымыз өндіру мәселелері пысықталуда екен... Осылайша талқыдан өткен 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасының тұжы­рым­дамасы толық қамтылмаған деп табылды. Мұнда жылқы, қой шаруашылықтарын дамыту со­нымен қатар, жемшөп мәселелері кешенді түрде шешімін таппаған болып отыр. Сонымен, бұл мәселе алда тағы да талқыға салынатын болып шешілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ЕСЕБІ НЕ ДЕЙДІ? Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында 2009 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есебі талқыланды. Осы мәселені Сенатта қарау ба­рысында Үкімет пен Есеп комитеті есептерінің таныстырылымы болды, жұмыс топтары мен палата-ның салалық комитеттерінің оты­рыстары өтіп, онда бюджет бағдарламалары нәтижелеріне қол жеткізе алмаған министрліктердің есептері тыңдалды. Талқылау қорытындысы бойын-ша депутаттар бюджеттік жоспарлау мен болжауды жақсарту, атап айтқанда, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын қалып­тастыру рәсімдерін жетілдіру, ұлттық холдингтердің қатысуымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ жарғылық қорларды толықтыру үшін қаржы бөлу және пайдалану рәсімдерін жетілдіру қажеттігі және ол қаржыны депозитке орналастырудан түскен кіріс түрінде қаржыны пайдалану тәртібін реттеу керектігі айтылды. Талқылау барысында сөз алған Есеп комитетінің басшысы О.Өк­­сікбаев, Қаржы министрінің орын­басары Б.Шолпанқұлов, Ұлттық банк төрағасының орын­басары Б.Тәжіяқов депутаттардың сауал­дарына жауап берді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.