• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 15 Тамыз, 2023

Ауылды өркендетуге арналған агрофестиваль

132 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында «Agrofest Batys-2023» атты егін­жай күні мерекесі өтті. Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылы маңында өткен іс-шараға еліміздің әр өңірінен және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан 500-дей қонақ қатысты.

 

«АгроСервис-Батыс» ЖШС мен «AlemAgro» компаниясы ұйымдастырған агрофестивальге Бәйтерек ауданы әкімдігі, Agro ауыл шаруашылығы техникасы және қазақтың ақбас сиыры республикалық палатасы қолдау білдірген. Агрофес­тиваль­дің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологияларды таныс­тыру, тәжірибе алмасу. Іс-шара меймандарын құттықтай сөйлеген Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Нариман Төре­ғалиев мұндай басқосудың маңызы зор екенін айтады.

– Біздің облыс аграрлы ай­мақ болғандықтан, жыл сайын агро­өнеркәсіп кешенін дамытуға қомақты қаражат бөлініп келеді. Биылдың өзінде аталған салаға 30 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Бұл – былтырғыдан 1,4 есе көп. Соның ішінде ауыл шаруашы­лығы тауарын өндіру­шілердің шығындарын субси­диялауға 16 млрд теңге қарас­тырылған. Ал бұл салаға тартыл­ған инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрап отыр. Бұл да – былтырғы көрсеткіштен 33%-ға артық. Сонымен қатар аталған саланы дамыту үшін жаңа технологияларды қолдану біз үшін басты басымдық екені рас. Бүгінгі кездесуде шетелдік алдыңғы қатар­лы техникалармен бірге ТМД елдерінде шығарылған құрал-жабдық көрсетіліп, мал азығын сапалы дайындау жолында ғылыми жаңалықтарды қалай пайда­ла­ну керек екені сөз болды. Біз бұл жерде эксперимент ретінде егіл­ген дәнді дақыл түрлерін көрдік. Негізгі мақсат – өңіріміздің климатына бейімделген, ғылыммен дәлелденген, өнімділігі жоғары мал азығын шығару. Осының нәтижесінде ең сәтті шыққан дәнді дақыл түрлерін жергілік­ті шаруаларға ұсынамыз, деді Н.Төреғалиев.

Өңір басшысы жаңа технология саласын игеруге қызығу­шы­лық білдірген жастардың бастамасына ризалық білдірді. Заманауи технологияларды жетік меңгерген жастар үшін өзге өңірлерден, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген шаруа­лардың қатысуымен өткен осындай пікір алмасу алаңы өте қажет деп ойлайтынын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жа­ңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында атқарушы билік ор­гандары алдына ауыл­ ша­руа­­­шылығы кешенін дамыту бо­йынша соның ішінде ауыл ша­руа­шылығы тауарларын өндіру­шілерді мемлекеттік қол­дау жө­нінде бірнеше міндет жүк­те­ген еді. Салаға құйылған қаржы, көр­сетілген қолдаудың нәтижесі де кө­рініп келеді. Мысалы, өңірде биылғы бірінші жарты­жыл­дық­та 95 млрд теңгенің ауыл ша­руа­шылығы тауарлары өн­дірілген. Өңір шаруалары осы уақыт ішінде 14 млрд тең­гелік жеңілдетілген несие алып үлгерді, мұның 5 млрд теңгесі 376 дана техниканы лизингке алуға жұмсалған. Осының нәтижесінде өңірде биыл 429 мың гектар алқапқа тұқым себілді. Мұның 3,6 мың гектары дәнді дақыл болса, 113 мың гектары – майлы дақылдар.

Айта кетейік, «Agrofest Batys» фестивалі осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Былтыр оған 300-ден аса өкіл қатысса, биыл қатысушылардың саны 500-ге жеткен. Фестиваль қонақ­тарының арасында Парла­мент депутаттары да бар.

– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен олар­дың өз алаңында, дәл осындай егіс даласында кездесудің маңы­зы зор. Бұл жүздесулерден біз қолданыстағы заңдарға қан­дай өзгерістер қажет екені жөнінде нақты кеңес аламыз. Ауыл шаруашылығы – еліміздің жетекші саласы. Сондықтан бұл жерде фермерге ғылым да, заң да, мемлекет те көмек қолын созуы керек, дейді «Республика» пар­тия­сынан сайланған Мәжіліс депутаты Ди­нара Шүкіжанова. Ол агрофес­тивальге әріптесі Айдарбек Ход­жаназаровпен бірге келген екен.

Өткен жылғы агрофести­­валь кезінде «AlemAgro Holding» мен «Агро-Сервис-Батыс» компаниялары тың баста­ма­ны қолға алған еді. Яғни қос компания бірігіп, ауыл шаруа­шылығы дақылдарының будан тұ­қымдарын өсіретін тәжі­ри­бе орталығын іске қосқан. «AlemAgro Holding» компаниясы батыс филиалының директоры Берік Жұмин осы тәжірибе орталығында өсірілген жүгері мен күнбағыстың будан сорттарын таныстырды.

– Қазір біз егіп жүрген дақыл тұқымдарының көбі Кеңес заманынан қалған, сондықтан да олардың өнімділігі – төмен. Сол себептен біз бұл дақылдардың жаңа сорттарын жасау арқы­лы үлкен жұмысты қолға ал­дық. Мұның тиімділігі сол – тіпті қуаң­шылық жылдары да мол өнім алуға болады, – дейді Б.Жұмин.

Жалпы, агрофестивальдің Бәйтерек ауданында өтуі де тегін емес екен. Топырағы құнарлы бұл аймақтың атағы әуелден ди­қан­шылықпен алысқа кеткен. Егінжай күні жергілікті ша­руа­лардың жетістігіне алыс-жақын­нан келген қонақтар куә болды.

– Өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы саласына 4 млрд теңгеден артық субси­дия берілді. Қаражат негізі­нен жаңа техника сатып алуға және мал шаруашылығы мен өсім­дік шаруашылығын дамы­туға жұмсалды. Мемлекет қол­дауы арқылы ауданда шаруа қожа­лықтары жылдан-жылға жақсы дамып келеді, – дейді Бәйте­рек ауданының әкімі Марат Тоқжанов.

Агрофестивальге арнайы қа­тысқан мәртебелі мейманның бірі – Парламент Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов. Ол бұл іс-шараның әу баста жергілікті агроуниверситет жанынан шағын конференция ретінде бастау алғанын айтып, кейін егіс даласында ұйымдастырылатын ауқымды шараға айналғанына ризашылық білдірді.

– Ұйымдастырушылар осы фес­тиваль арқылы көршілес Ресей­­дің аграрлық озық техно­ло­гия­сын елге әкелуде. Ол біздің ша­­руалардың алға дамуына септігін тигізеді, – деді Арман Кәрімұлы.

Фестивальді ұйымдастыру­шылар болашақта еліміздегі фермерлік қозғалысты одан әрі дамытып, бұл салаға еліміздің ғана емес, жақын шетелдерден ғалымдарды тартуды да жоспарлап отыр екен.

– Келер жылы фестиваль тақы­рыбына қой шаруашы­лы­ғын, сүт өндірісін және құс шаруа­шылығын да қосуды ұйғарып отырмыз. Яғни болашақта біздің агрофестиваль агроөнеркәсіп кешенін толық қамтиды. Біздің миссия – Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту. Фермер ең мәртебелі мамандық еке-нін дәлелдегіміз келеді, – дейді «АгроСервис-Батыс» ЖШС басшысы Армат Бисенов.

Шынында да ашық аспан астында өткен агрофестиваль шаралары жан-жақты әрі мазмұнды болды. Іс-шара аясында «2024 жылы не егеміз? Жаңа дақылдардың экономикасы мен технологиясы», «Инновациялық техника және соңғы жетістіктер», «Егіс алқабындағы сынақ сәт­тері» атты секциялар ұйымдас­тырылып, «Батыс Қазақстан облысындағы ірі қара малының абсолютті чемпионы» байқауы өтті. Келушілерге тәжірибе алаң­дарында өсірілген күнба­ғыстың 25 сорты, жүгерінің 11 тұқымы, сорго дақылының үш түрлі сорты ұсынылды. Сондай-ақ диқандар өсімдікті қорғау құралдарының жүйесімен танысты. Ауыл ша­руа­­шылығы техникалары көр­месінде жаңа үлгідегі тракторлар, тұқымсепкіш техникалар, топы­рақ өңдегіш құралдары қойылды.

Қазақтың ақбас сиырын өсіретін шаруашылықтар арасын­дағы сайыс өте қызықты өтті. Көрмеге арнайы Теректі ауданынан «Айсұлу» және «Бақыт» шаруа қожалықтары, Бәйтерек ауданынан «Шонайбеков» шаруа қожалығы, Ақжайық ауданынан «Сәбит» қожалығы асыл тұқымды бұқаларын алып келген екен. Осылардың ішінен үш бұқа үздік деп танылды. Оның екеуі «Сәбит» қожалығынан, біреуі «Айсұлу» қожалығынан таңдалды.

Қазақтың ақбас сиыры 1950 жылы КСРО Министрлер Кеңесі бекіткен сиырдың жаңа тұқы­мы болатын. Бұл тұқым­ның ерекшелігі – күй талғамай­­ды, еркін жайылып жүріп те ерек­ше семіре алады. Қазақ­стан­ның табиғи жағдайына әбден бейімделген етті тұқым. Бүгін­де елімізде 16 мыңнан аса ша­руа­шылық зеңгі бабаның осы тұқымын өсіреді екен. Елімізде ақбас сиырдың саны 425 мыңға жетеді. Ғалымдар мен маман­дар селекция жұмысын жалғас­тырып, шаролез, абердин-ангус және қазақтың ақбас сиырынан алынған буданға «Әулиекөл тұқымы» деген атау беріпті. Шаруалар бұл тұқымның бола­шағынан үмітті.

Дегенмен агро саланың көңілді күпті қылған мәселелері де аз емес. Мысалы, іргедегі Ресейде егін шаруашылығына көрсетілетін түрлі көмек біздің елден гөрі көбірек. Сондықтан да егіннің өзіндік құны шаруалар үшін арзанға түседі. Міне, сондықтан олар бидайды біздің елге төмен бағамен экспорттауда.

«Шаруаларымыздың шығын­дары ресейлік бидай бағасымен кел­мейді. Біздің шаруалар шығы­нын өтеу үшін тоннасына 90 мың теңгеден саудаласа, ресейліктер тоннасын 40 мың теңгеге дейін өткізуге дайын. Бұл біздің агро салаға қатты соққы болғалы тұр. Бұған тосқауыл қоймаса болмайды. Үкіметке ұсыныстар жіберіп жатырмыз», дейді Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов.

Қазір Батыс Қазақстан облысында да егін ору науқаны басталып кетті. Алқаптың гектарынан орташа 13,5 центнер өнім түсуде. Жалпы, облыс бойынша 78 мың тоннаға жуық астық жиналған.

– Біз жоғары бағаға сеніп отыр­мауымыз қажет. Қазір назары­мыз ең жақсы тұқым түрлерін­де, үз­дік техника мен техноло­гияда, тиім­ді тыңайқыш пен өнімді қор­ғау әдістерінде ғана болуы керек деп есептеймін. Бұл іс-шара со­ған тәжірибе алаңы, бастама бол­сын деп ұйымдастырдық. Бүгін бағасы жоғары, өлкемізде өсі­ру­ге, жақсы өнім алуға бола­тын зығыр, жасы­мық, ноқат, қатт­ы бидай сияқты ­дақылдарды тал­қы­л­адық. «AlemAgro» ком­па­ния­сының өкілдері еліміздің бар­лық аймағы­нан келді. Қыр­­ғыз­станнан жүгеріге ма­ман­дан­ған, Омбыдан минерал­ды ты­ңайт­қыштарға, Көкшетау­дан жаңа технологияны егінде пай­да­ланатын, Ақмола облысы­нан қатты бидайға мамандан­ған мамандар тәжірибелерімен бө­лісті. Мұның бәрі жергілікті ша­руа­лардың алдағы жұмысына пайдасын береді деген ойдамыз, – дейді шараны ұйымдастырушы «АгроСервис-Батыс» ЖШС-ның басшысы Армат Бисенов.

Бір сөзбен айтқанда, өңірде ғылымды, жаңа технология мен озық тәжірибені қолдана отырып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында қадам жасалып отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы