• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Жәдігер 15 Тамыз, 2023

Абай бұйымдарына құрмет

1526 рет
көрсетілді

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде құнды жәдігер көп. Көне жәдігерлер топтамасының ішінде XIX-XX ғасырларда қолданылған ағаш және тері ыдыстар, ат әбзелдерінің жиынтығы бар.

Жұртшылықты қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының тұ­тын­ған бұйымдары ерекше қызық­ты­рады. Қазір музей қорында ақын­ның үш ішекті домбырасы мен тоғыз­құмалақ тақтасының көшірмесі тұр. Тоғызқұмалақ тақтасын салатын дор­ба­сы да бар. Дорба былғарыдан тігіліпті.

Үш ішекті домбыраның біраз ерекшелігі бар. Ұлттық аспаптың шанағы балқарағайдан сопақша етіп жасалыпты. Шырша ағашынан жасалған бет қақпағында үш тесігі бар. Жалпақ мойынының өлшемі – 75х12 см. Үш ішектің бұрауын келтіретін үш құлағы бар.

Ал тоғызқұмалақ тақтасы үш бөлек тақтайды бір-біріне жалғау арқылы жасалған. Екі жа­ғындағы тақтайдың әрқайсысында 9 отау бар. Ор­таңғы бөлігіндегі тақтайда сопақша пішінде иректелген гүл тәрізді екі қазан ойылған. Тақтайдың беті қоңыр, екі қазанның бірі көк, екіншісі қызғылт қоңыр түспен боялған. Отауларға ақ, көк, қоңыр секілді бірнеше түсті бояу жағылған.

«Абай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау мақсатында «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейімен жасалған келісім бар. 2020 жылы ақынның өзі тұтынған үш ішекті домбырасы мен тоғызқұмалақ тақ­тасының көшірмесі жасалып, ғылыми қорға алынған еді. Үш ішекті домбыраның қоңыр үні құ­лаққа жағымды ес­тіледі. Бұл домбыраны кезінде Абайдың өзі де, ұлы Ақылбай да жиі тартқан. Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақты шәкірттерімен бірге, екі-үш күнге дейін ойнайтын болған. Ойынды жақсы көргені сонша, қарсыласын жеңбей тынбайды екен», дейді музей қызметкерлері.

 

Атырау облысы