• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Тамыз, 2023

Музыкалық субұрқақ

295 рет
көрсетілді

Қостанайда мың құбылып әуе­ге шапшығанда түрлі-түсті бояу­ға малынып, Батыстың клас­сикалық симфониясы мен Құрманғазы күйлерінің ырғағы­на ілесіп билей жөнелетін музы­калық субұрқақ іске қосылды. Ерекше субұрқақ ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ескерт­кіші тұрған орталық сая­бақ­та орналасқан.

Әдетте, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары бала-шағасын ертіп, көбіне осы саябақтағы аттрак­циондарға мініп, балмұздақ кафе­лерінде отырып, бір ауық серуендеп кетіп жатады. Демалыс күндері жұрт аяғы түн жарымға дейін толастамайды. Ал күн ұясына қонып, қас қарайған соң басталған ғажайып субұрқақтың алғаш рет іске қосылу сәтін тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың болды.

– Көптен күткен субұрқақтың ашылу салтанатына отбасымызбен, балаларымызбен келіп отырмыз. Өте қуаныштымыз. Қаламызда бұрын-соңды мұндай әуенді субұрқақ болмаған. Бұрын мұнда келіп жай ғана серуендеп, балмұздақ жеп, балаларды қыдыртып кетуші едік, енді осы фонтанның жанындағы сәкіге отырып музыка тыңдап, мұндағы керемет көріністі тамашалап, бір ауық демалып, тіпті жүйкені тынықтырып алуға да болады, – дейді қала тұрғыны Сәуле Көпжасарова.

Құрылысты жүргізген мердігер де ерекше нысанның аса жоғары талғаммен салынғанын айтты. Әуен таңдауға да аса мән берілген.

– 20 әуен іріктеліп алынды. Ұлттық музыка, әлемдік классика, заманауи саз кезектесіп отыратындай 3 топтама жасалды. Одан кейін тағы бір жинақ жасаймыз. Жұртты мезі қылмайтындай, тұрғындардың көңілінен шығатындай композиция құрастыруға тырыстық. Мұндай көпәуенді субұрқақ басқа жерде жоқ, – деді мердігер компанияның басшысы Эдуард Петушко.

Музыкалық субұрқақты салуға жер­гі­лікті бюджеттен 130 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. 350 бүріккіштен, соншалықты жарық шамнан тұратын тұтас жүйе автоматтандырылған орта­лықтан басқарылады.

– Мұның бір ыңғайлы тұсы – субұрқақтың өзінің тазарту тетігі бар. Яғни қажет кезінде суды толтырып немесе кері ағызып жіберіп отырады. Тасымалдап әуре болмайсың. Басты артықшылығы – осы. Биыл Қостанайда 6 субұрқақ қайта жөнделеді. Қазір соның төртеуі жұмыс істеп тұр. Қал­ған екеуі жақын күндері іске қосылады. Келер жылы да қаладағы субұрқақтардың біразын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр, – дейді қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Сәбитов.

Таяуда ғана іске қосылған жаяу жүргіншілер субұрқағы да бүгінде қала тұрғындары жиі баратын демалыс орнына айналды. Енді қала күні мерекесі қарсаңында А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университет пен Француз орталығының алдынан тағы екі субұрқақ іске қосылмақ.

 

Қостанай