Қостанайда маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу барысында мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы серіктестік пен ынтымақты нығайту мәселелері талқыланған халықаралық азаматтық форум өтті. «Халықаралық серіктестік: өңірлік аспект» деген тақырып төңірегінде өткен алқалы жиынға Қазақстанның әр аймағынан және Ресейдің шекаралас өңірлерінен келген қоғам белсенділері, сонымен қатар, Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания, онлайн режімде Франция, Грузия, Украина елшіліктерінің өкілдері қатысты.
Жиында жылдан-жылға азаматтық сектордың белсенділігі күш алып келе жатқаны сөз болды. Мәселен, Қостанай облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың саны кейінгі 3 жыл ішінде 30 пайызға артып, бүгінде мыңның үстіне шыққан. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемінің де біршама өскені байқалады.
– Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қаржыландыру көлемі 1 млрд теңгеден асты. Бұл қаражаттың аясында азаматтық қоғамды ынталандыруға бағытталған жобалар қатары еселенді. Бүгінде, жалпы алғанда облыс бойынша 300 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қоғамдық-экономикалық, саяси даму жолында қазір елімізде өңірлерді дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Оны енді билікті орталықсыздандыру, инвесторлар назарын аймақтарға бұру, әсіресе, шекаралас өңірлерге бағыттау сияқты іс-әрекеттерден аңғаруға болады. Бұл ретте азаматтық қоғамға үлкен міндет артылады және халықаралық серіктестікті нығайтудың маңызы зор. Бұл енді екі жылда бір рет өтіп тұратын дәстүрлі форум болғандықтан, әрбір форумның нәтижесінде мемлекеттік органдарға үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға бағытталған ұсыныстар жіберіліп, ол екі жыл ішінде жүзеге асырылады. Бүгінгі форумның ең басты мақсаты – азаматтық қоғамды дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарды одан әрі ілгерілету, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов.
Жамбыл облыстық «Азаматтық альянсының» президенті Исламбек Дастанның айтуынша, жиын еліміздің әр аймағында жұмыс істеп жатқан қоғамдық ұйымдардың өзара тәжірибе алмасып, ынтымақтастығын арттыруға септігін тигізеді.
– Жамбыл облысы Қырғызстанмен, Қостанай облысы Ресеймен шекараласып жатыр. Біз форумда осы шетелдік әріптестерімізбен бірлесе отырып, тәжірибе алмастық, пікірлестік. Олардың қалай жұмыс істеп жатқанын және мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруда қандай аспектілерге, қандай тәжірибелерге сүйенетінін көңілге түйдік, – дейді И.Дастан.
Форумда сөз алған Нидерланд Корольдігінің Орталық Азиядағы елшісінің орынбасары Наут Ван Вауденберг көпшілікке осыдан екі жыл бұрын Қостанайдағы полиция академиясы және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жеке басқа қатысты ақпаратты жариялауды демократиялық негізге келтіру бағытында біраз шаруа атқарғанын және ол жобалардың сәтті шыққанын айтты.
Бүгінде қостанайлық үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық өмірдің негізгі 20 бағыты бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың қызметі сан саланы қамтиды. Азаматтық сектордың белсенділігі ауылдық аймақтарда да байқалып отыр.
– Жүйелі жұмыстардың арқасында үкіметтік емес ұйымдардың саны ауылдық жерлерде артып келеді. Мысалы, 2018 жылы олардың үлесі небәрі 25 пайызды құраса, бүгінде 40 пайыздан асқан, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов.
Алқа отырысынан кейін жиынға қатысушылар халықаралық ұйымдар арасындағы серіктестікті дамыту, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс жүргізу және үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруды ілгерілету, сан салаға бөлініп жатқан мемлекет қаржысына қоғамдық бақылау, мониторинг жасау, жергілікті жерлерде бөлініп жатқан бюджеттің қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын қадағалауды жүзеге асыру бағытындағы үш секцияға бөлінді.
Форум аясында қоғам белсенділері өзара пікір алмасып қана қоймай, әлеуметтік әріптестік бағытында іскерлік байланыс орнату туралы уағдаласып, алдағы уақытта Астанада өтетін азаматтық форумда айтылатын ұсынымдарын тиянақтап алды.
Қостанай облысы