• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 16 Тамыз, 2023

Жаңа оқу жылына дайындық пысықталды

207 рет
көрсетілді

Ел экономикасы 7 айдың қоры­тын­дысына сәйкес 4,8%-ға өсті. Бұл туралы Премьер-ми­нистр Әлихан Смайыловтың төр­ағалы­ғы­мен өткен Үкімет отыры­сын­да Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров айтты. Оты­рыста еліміздің әлеумет­тік-эконо­микалық даму қоры­тын­дылары мен республикалық бюд­жет­тің атқарылуы және өңірлердің жаңа оқу жылына дайындығы қаралды.

Бағаны тежеу амалы

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жыл­дың өткен есепті кезеңінде Қазақстан эконо­микасының өсу қарқыны 4,8%-ды құра­ғанын баяндады. Атап айтқанда, нақты сектор 4,6%-ға, ал қызмет көрсету саласы 4,7%-ға жетті. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалады. Әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсімді көрсеткен.

Негізгі капиталға салынған инвести­ция­лардың өсу қарқыны 12,4%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қой­малауда – 58%, білім беруде – 24,3%, саудада – 22,6%, ауыл шаруа­­шылығында – 21,3%, өнеркә­сіпте – 9%, оның ішінде тау-кен өнер­кә­сібінде 8,4% пайызға өсті.

Қаңтар-маусым айларында сыртқы сауда айналымы 4,3%-ға өсіп, 67,2 млрд долларды құрады. Экспорт 38 млрд долларға, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 12,1 млрд долларға жеткен. Тауар импорты 29,3 млрд долларға жетіп жығылған. Жалпы, республиканың оң сау­да балансы 8,7 млрд долларға тең.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн теңге кіріс түскен. Сөйтіп, жоспар 98,2%-ға орындалған. Атап айтқанда, республика бюджеті 6,8 трлн теңгеге, жергілікті бюджет 3,5 трлн теңгеге толығыпты. Сонымен қ­атар мем­лекеттік бюджет шығыстары – 98,8%-ға, республикалық шығыстар – 99,3%-ға, жер­гілікті шығыстар 98,8%-ға орындалған.

Премьер-министр өткен 7 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы дамуының оң динамикасына нақты сектор айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде өсім – 3%-ды, азық-түлік өндірісінде – 4,5%-ды, сусындар өндірісінде 6,4%-ды құрады. Жеңіл өнеркәсіп саласы 21%-ға өсті. Бұл тоқыма бұйымдары өндірісіндегі 37%-дан аса өсім есебінен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар пластмасса және дайын металл бұйымдарының өндірісі – 8%-ға, химия өнеркәсібі 4,1%-ға артты. Машина жасау саласы 29%-ға өсті. Оған автомобиль жасауда – 43%, электр жабдығы өндірісінде – шамамен 34,5%, локомотивтер мен вагондар жасауда 30% өсім есебінен қол жеткізілді.

Бұған қоса есепті кезеңде жиһаз өндірісі 15%-ға артты. Құрылыс саласы  12% тұрақты өсім көрсетті, 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету саласында сауда – шамамен 10%-ға, байланыс – 8%-ға және көлік саласы 7%-ға өскен.

Жалпы, 7 айдың қорытындысы бо­йынша Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс­тары мен Алматы қаласында барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша өсім бар. Ал Атырау, Алматы және Ұлытау облыстарының көрсеткіштері төмен.

«Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері негізгі макроэко­номикалық көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтуге тиіс», деді Ә.Смайылов.

Ол Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ортамерзімді кезеңде жыл сайынғы экономикалық өсімді 6% деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды.

«Экономиканың өсуін ынталандыру үшін жүйелі түрде пәрменді шаралар қабылдау қажет. Экономиканы әртараптандыру, өзіміздің отандық өндірісті одан әрі дамыту, инвестицияларды арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру шараларын күшейту керек», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, бағаның өсуін тежеу де Үкіметтің басым бағыты болып қала береді. Осы жылдың ақпан айынан бас­тап республикадағы инфляция біртіндеп баяулады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде оны 14%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік туды.

«Бұл ретте біздің алдымызда жыл соңына дейін инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендету міндеті тұр. Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік өнімдері жалғастырып отыр­ғанын ескере келіп, алдын алу шараларын уақытылы қабылдау қажет. Бұл үшін барлық қажетті мүмкіндік бар. Бұлар инфляция деңгейін бақылау және тө­мендету жөніндегі іс-шаралар кешенінде көрсетілген», деді Үкімет басшысы.

Солай деген Үкімет басшысы мемлекет­тің экономикадағы үлесін төмендету жұмы­сын күшейту қажет екенін тағы да атап өтті. Осылайша, Жекешелендірудің кешен­ді жос­­пары аясындағы іс-шараларды тиісті жол карталарына сәйкес бұлжытпай орын­дау керек. Сондай-ақ жекешелендіру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет екенін нақтылады.

Сөзін қорытындылай келе Премьер-министр алдағы 3 жылға арналған Көлең­келі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспа­рын және бюджет есебінен қаржылан­дырылатын іс-шараларды уақытылы орындаудың маңызды екеніне назар аудартты.

 

Бастауыш балаларына тамақ тегін

Еліміздегі бастауыш сынып оқушы­ларының барлығы мектепте тегін тамақ­пен қамтылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндады. Сонымен қатар ол 1 қыркүйектен бас­тап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алатынын, олардың 364 мыңы бірінші сыныпқа баратынын айтты. Сөйтіп, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биыл­дан бастап 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы (1-4) тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін жария етті.

Бірінші қыркүйекке қарай республикада 65,6 мың балаға арналған 52 жаңа мектеп, ал жыл соңына дейін 66,4 мың балаға арналған тағы 102 мектеп есігін аша­ды. Бұл 12 апаттық және 29 үш ауысым­мен оқытатын мектеп мәселесін шеше­ді. Бұған қоса жайлы орта құру мақсатында 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыс­тары жүріп жатыр екен.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында 3 103 мектеп ішкі істер орган­дарының жедел басқару орталық­тарына қо­сылған, 2 075 мектеп лицензияланған күзет агенттіктерінің қызметтерімен қам­тыл­­ған (жыл басынан бері өсім – 1,8 есе), 3 327 мектепте дабыл түймелері орна­тыл­­ған (өсім – 1,9 есе). Аталған бағыттар­дағы жұ­мыстар әлі де жалғасын тауып жатыр.

Аталған тақырыптағы Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев та білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы баяндама жасады.

Өңірлердегі жаңа оқу жылына дайындық туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Атырау облысының әкімі Серік Шәп­кенов, Түркістан облысының әкімі Дар­хан Сатыбалды аймақтарындағы салаға қатысты жағдайларды айтып берді.

Премьер-министр оқу жылы бастал­ғанға дейін 52 жаңа мектеп ашу жос­парланып отырғанын атап өтті. Жаңа білім ордасын мыңдаған оқушы асыға күтіп жүргеніне тоқталды. Сонымен қатар жаңадан салынып жатқан 15 мектеп уақытылы ашылмай қалуы мүмкін екеніне де назар аударды.

«Мұндай объектілердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, 180 мек­тепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқ­талуға жақын. Бірақ мұнда да жұмыс­тардың уақытында аяқталмай қалу қаупі бар. Ақмола облысының өзінде ғана шама­мен 7 мектеп жаңа оқу жылына дейін жөн­деу жұмыстарын бітіріп үлгермей қалуы мүм­кін. Павлодар және Солтүстік Қазақ­стан об­лыстарында осындай 2 мектептен бар.

«Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Нормаға сәйкес барлық құрылыс жұмысы жаңа оқу жылының бас­талуынан екі апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза әрі бояу исі жоқ сыныптарға келуге тиіс», деді Премьер-министр.

Бұған қоса Үкімет басшысының айтуынша, 54 мектеп ғимаратынан жылыту қазандықтары әлі күнге дейін сыртқа шығарылмаған. Мектептерді жаңғырту мәселесі бойынша да сұрақтар бар.

«Бүгінге дейін 948 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілді деп саналады. Алайда тек 290 мектеп қана заманауи роботтехника, химия, биология және физика кабинеттерімен жабдықталған. Бұл өте жеткіліксіз. Өңірлер әкімдіктері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық мектепте заманауи пән кабинеттерін ашу үшін кешенді жаңғырту жұмыстарын жүргізуі керек. Жұмысты есеп беру үшін ғана жүргізуге болмайды», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ Премьер-министрдің айтуынша, білім беру объектілерінің қауіпсіздігіне де немқұрайлы қарауға жол бермеу керек.

«Білім беру объектілерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Мектептердің 30%-дан астамы әлі күнге дейін полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Осы ретте жұмысты белсенді жүргізу қажет», деді Үкімет басшысы.

Оған қоса Премьер-министр 1 қыр­күйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушысы, яғни шамамен 1,5 млн бала тегін тамақпен қамтылатынын атап айтты.

«Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімі мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін бір балаға кемінде 40 мың теңгеден алады. Барлығы 500 мыңға жуық балаға осындай көмек көрсетіледі. Балаларды мектепке тасу үшін биыл 500-ден аса жаңа автобус сатып алынды», деді Ә.Смайылов.

Сонымен бірге Үкімет басшысы көмекке мұқтаж балаларды 100% мемле­кеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңке­лері мен көшпелі автодүкендерді ұйым­дастыру қажет. Әкімдіктер, Оқу-ағарту, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен «Атамекен» палатасы оқу құралдары мен мектеп формасының қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауға тиіс», деді Премьер-министр.

Сөз соңында Ә.Смайылов бейнека­мералар­ды жаңарту, бейнеба­қылау жүйе­лерін жедел басқару орталықтарына қосу, білім беру ұйымдарын лицензия­лан­ған күзетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды аяқтау қажеттігін айтты.