Өткен жексенбі күні, яғни 13 тамызда еліміздің 7 облысында 17 ауылдың әкімі сайланды. Бұл жөнінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram каналында арнайы жазба қалдырды.
«Кейінгі екі жылда Президенттің саяси реформалар бағдарламасы аясында ауыл әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлайтын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Үміткерлердің 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы – өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің жартысынан астамы (57,4%) бұрын мұндай қызмет атқармаған. Бұл – ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды деген сөз», деп жазды Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, жергілікті әкімдердің құрамы да біршама «жасарған». Бұл жөнінде ол: «Бүгінде сайланған әкімдердің орташа жасы 45 жасты құрайды. Алдағы жексенбіде, 20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтеді. 2023 жылдың соңына дейін барлығы 199 елді мекенде жаңадан әкімдер сайланады. Солайша, ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды», деп жазды.