2024 жылдың 10-26 мамыр аралығында шайбалы хоккейден Чехияның Прага мен Острава қалаларында өтетін әлем чемпионатының кестесі жарияланды.
Элиталық топтың В тобына түскен еліміз құрамасы тұсаукесер кездесуін Францияға (11 мамыр) қарсы өткізеді. Одан кейін Словакия (12 мамыр), Латвия (14 мамыр), Швеция (16 мамыр), Германия (17 мамыр), АҚШ (19 мамыр) және Польша хоккейшілерімен (21 мамыр) шеберлік байқасады. А тобында Финляндия, Канада, Швейцария, Чехия, Дания, Норвегия, Аустрия және Ұлыбритания өнер көрсетеді. Ал Ресей мен Беларусь тағы да әлемдік додадан шет қалды. Әр топтың үздік төрт командасы ширек финалға жолдама алып, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болады. Ал ең соңғы екі сатыға жайғасқан құрамалар келесі маусымда мықтылармен күш сынасу құқынан айырылады.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы әлем чемпионаты Финляндияның Тампере және Латвияның Рига қалаларында ұйымдастырылды.