• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Тамыз, 2023

Мергендер Бакуде бақ сынайды

227 рет
көрсетілді

Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде нысана көздеуден әлем чемпионатының жалауы желбіреді. 31 тамызға дейін созылатын бәсекелер барысында қатысушылар тапанша ату, мылтық ату, стенд ату және жылжымалы нысананы көздеуден сайысқа түсіп жатыр. Осы жарыста Париж Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынады.

Әлем чемпионатының ашылу салтанаты «Baku Crystal Hall» әмбебап кешенінде өтті. Оған спортшылар мен жанкүйер­лерден бөлек жергілікті билік басындағы азаматтар мен осы спорт түрінің мамандары қа­тысты. Алғашқы болып сөз алған Халықаралық ныса­на көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Рос­си: «Кейінгі жылдары Әзербай­жанда спорттың сан алуан түрі бойынша көптеген дүбірлі додалар аса жоғары дең­гейде ұйымдастырылып жүр. Мергендер жарысының дә­режесі де биік болатынына еш күмәнім жоқ. Алдағы екі ап­тада біз нысана көздеудің барлық бағдарламасы бойынша үздіктерді анықтаймыз. Париж Олимпиадасына дейін бір ғана жыл қалды. Сол себепті осы әлем чемпионатында жолдамалардың басым бөлігі сарапқа салынады», деп мәлімдеді.

Каспий теңізінің жағалауында еліміздің туы астында 26 спортшы өнер көрсетеді. Олар: Елдар Иманқұлов, Валерий Рақымжан, Максим Мазепа, Никита Чи­рюкин, Руслан Юнусметов, Артемий Кабаков, Алексей Лотарев, Сәуле Әлімбек, Ольга Аксенова, Ирина Юнусметова, Валерия Попелова (тапанша); Ислам Сәтбаев, Юрий Юрков, Константин Малиновский, Илья Федин, Арина Алтухова, Елизавета Безрукова, Александра Ле, Анастасия Григорьева (мыл­тық); Бақтияр Ыбыраев,  Андрей Худяков, Асадбек Назиркулиев, Илья Зотеев, Фатима Ирназарова, Зухра Ирназарова және Алек­сандра Сәдуақасова (жылжымалы нысана).

Нысана көздеуден еліміздің ұлттық құрамасы Бакудегі әлем чемпионатына тыңғылықты даяр­ланды. Жыл басынан бері олар Индонезия мен Әзербайжанда ұйымдастырылған Әлем кубогінің кезеңдік сайыстарына қатысты. Қазақстан Республикасының спартакиадасында бақ сынап,  Қытайдың Чэнду қаласында алауы тұтанған жазғы Дүниежүзілік универсиадада өнер көрсетті. Соңғы оқу-жаттығу жиынын құралайды көзге атқан мергендер Әзербайжанның Габала қаласында өткізіп, осы жақта шеберліктерін әбден шыңдады. Енді біз жерлестеріміз Бакуде барынша жақсы өнер көрсетеді деп үміттенеміз.