Қазақта ел басқару ісінде де, адамдық биік парасатымен де өз заманының қайраткер тұлғасы ретінде есімі ел ішінде аңыз болып айтылып, бүгінге жеткен Тана Тілемісұлының туғанына биыл 220 жыл толып отыр. Құнанбай Өскенбайұлының замандасы һәм құдасы болып сыйласқандығын тарихи деректер растайды. Яғни Құнанбайдың бір баласы Ысқақ Тана бидің немере қызы Тектіге үйленіп, одан Кәкітай дүниеге келген.
Ел ішінде «Тана мырза» атанған тұлғаның Тарбағатай өңіріндегі 17 болыстың ішінде ең танымалы, ықпалды болуының себебі оның дарқандығына қатысты екені күні бүгінге дейін айтылып келеді. Тағы бір айтарлығы, әкесі Тілеміс ұлы дүниеге келгенде сол дәуірдің атақты билерінің бірі Сасан биге барып, есімін қоюын өтінеді. Сол кезде Сасан би: «Аты Тана болсын, халқына пана болсын! Бәрін ақылмен шешетін дана болсын!», деген екен. Аузы дуалы бидің тілегі қабыл болыпты.
Жуықта Тарбағатай баурайындағы Ақсуат ауылына барған сапарымызда Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты Ақсуат тарихи өлкетану музейіне барудың сәті түсті. Музейде жәдігерлер баршылық екен. Соның ішінде мақаламызға түрткі болған Тана Тілемісұлының шапаны ерекше көз тартты. Көкейде бірден «Екі ғасыр бұрын ғұмыр кешкен әйгілі тұлғаның шапанын алмағайып заманда аман сақтап, бұл музейге кім әкеліп тапсырды екен?» деген сұрақ туды.
Қызығушылығымызды арттырған шапанның музейге табысталуына қатысқандардың арасында тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімовтің де болғанын естіген соң, Семейге келгенде арнайы хабарластық.
– 2019 жылдың қыркүйек айы болатын. Қаладағы қоғамдық істерге белсене араласатын, руханиятқа да жаны жақын Кәкімжан Қойгелдин деген азамат бар еді. Кәкең Райымжан Мәрсеков әулетінің жиені болып келеді. Яғни Райымжанның інісі Шериазданның қызынан туады. Зобалаң жылдарда Қытайға қоныс аудармағанымен, кеңестік дәуір саясатының біраз қиыншылығын көрген адам. Сол Кәкімжан маған хабарласып, Алматыда тұратын әпкесі Тұрдыханның қолында Тана мырзаның шапаны сақтаулы екендігін айтты. Ол шапанды Қытай жеріне өткенде де аман сақтап, елге оралғанда өзімен бірге ала келіпті. Енді соны бір музейге табыстағанды жөн көріпті. Бұл туралы біраз уақыт бұрын ғана Тұрдыхан Шериазданқызының өзі де маған айтқан болатын. Тіпті денсаулығы сыр беріп жүргендіктен, шапанның ары қарай кімнің қолында қалатынына алаңдайтындығын жасырған жоқ. Мен оны Тана мырзаның туған топырағы – Ақсуаттағы музейге апарған жөн болатынын айттым. Өйткені Тана мырзаның өз дәуірінің зиялысы, Ақсуат, Көкпекті, Зайсан бойында ізі қалған қайраткер адам болғаны тарихтан белгілі. Міне, біз осыны екшеп, ақылдаса келіп, осынау ерекше жәдігерді Ақсуат өлкетану музейіне табыстауымыздың мәнісі осы, – дейді Мұхтарбек Кәрімов.
Профессор М.Кәрімовтің айтуынша, Тана Тілемісұлы – патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауына қарсы шыққан тұлға. Ел билеу ісінде жан-жақты саяси-дипломатиялық ұстанымды меңгерген көрнекті қайраткер. Қазақ жерінің кереметін тануға келген Потанин, инженер Влангели сияқты зерттеушілердің еңбектерінде де Тана мырзаның есімі құрметпен аталады.
– Қазақ даласы туралы ерекше зерттеу қалдырған Адольф Янушкевич те би-болыстардың ішінде Тана мырзаға кеңінен тоқталады. Шоқан Уәлиханов еңбектерінде де бар. Ал өзім бала жастан әкемізден, одан үлкен адамдардан Тана мырза алдына келген адамның жайын түсініп, қажет болса қол ұшын беретін адам болғанын сан мәрте естіп өстім. Инженер Влангели Тана мырзамен бірге Алтай жаққа барғанда оны елдің даулы істерді шешіп беруі үшін арнайы күтіп отырғанына куә болады. Ол кезде Ресей мен Қытай шекара бөліспеген кез екен. Тана мырза патшалық Ресейдің түбі қазақ даласын отарлау пиғылы бар екенін ерте бастан аңғарып, алдын алуға да барын салған көзі ашық, сұңғыла адам болған, – дейді Мұхтарбек Кәрімов.
Расында да, Тана мырза Тілемісұлының зиялыға тән болмысын танытатын тарихи деректер, зерттеу еңбектер жетерлік. Әйгілі тұлға 1868 жылы Ақсуат өңіріндегі Сұлутал ауылының маңында дүниеден өткен. Ең бастысы, Тана мырзаның шапаны Ақсуаттағы өлкетану музейінде екі ғасырлық тарихы бар құнды жәдігер болып сақталып тұр.
Абай облысы