• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Теңге 17 Тамыз, 2023

Теңгенің нығаюы қай жағынан тиімді?

287 рет
көрсетілді

Таяуда еліміздің бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банк теңгенің нарық­тағы бағамы өткен айдың қорытындысы бойынша 445,89 теңгені құрап, 1,4%-ға нығайғанын мәлімдеді.

Ұлттық валютаның нарықта беки түсуі мұнайға белгіленген баға­ның өсуіне және бейрезиденттер қара­жатының мемлекеттік бағалы қағаздарға әкелінуіне байланыс­ты болған. Тамыз айының басына дейін еліміздің мемлекеттік бағалы қағаздарына бейрезиденттердің салым­дары жыл басынан бері 178 млрд теңгеге ұлғайып, 559 млрд теңге болды. Шілде айында ғана еліміз­дің мемлекеттік борышына жаңа қаражаттың әкелінуі шамамен 100 млрд теңгені құраған.

«Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансфертті қамтамасыз ету аясында сату көлемі 591 млн доллар болған. Осы айда Қаржы министрлігінің болжамына сәйкес, сату көлемі 750 млн доллардан 800 млн долларға дейінгі аралықта болады», дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры шілде айында 240 млн долларға валюта сатып алған. Осы айда да сол шамада 200 млн доллардан 250 млн долларға дейін сатып алу күтіліп отыр.

Сонымен қатар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз активтерінің валюталық үлесін бір­тіндеп 15%-ға дейін арттыруды көз­дейтінін, Ұлттық банк қордың ақша­сын басқарушы ретінде биржада жыл соңына дейін шамамен 140 млрд теңгеге, оның ішінде тамыз айында 50 млн доллардан 100 млн долларға дейін валюта сатып алуды жоспарлап отырғаны бар.

Квазимемлекеттік компаниялардың валюта сату көлемі өткен айда міндетті сату үлесі 30%-ға дейін төмендегеннен кейін 195 млн долларды құраған.

Отандық сарапшылар теңгенің шамадан тыс нығаюына, әсіресе рубль әлсіреген сайын теңгенің беки түсуіне алаңдап, орталық банкті жанама түрде болса да жағдайға араласуын сұраған еді. Бұған нарықта теңге бағамы бойын­ша түрлі позицияны ұстанатын қаты­су­шылардың көптігі, теңгенің нығаюы сияқты оның әлсіреуі де бір сала үшін тиім­дірек болса, өзгелер үшін тежеу­ші рөл атқаруы ықтимал. Егер бір кәсіпорын аясында өз өнімін экс­порт­қа шығару қажет болса, онда тең­генің әлсірегені тиім­дірек, ал өндірістік жабдық сатып ала­тын кезде теңгенің нығаюы қолайлы екенін түсіндіріп өтті Ә. Мейірбекқызы.

Бұл ретте Ұлттық банк айырбастау бағамын басқармайтынын ескерсек, айырбастау бағамы инфляциялық таргеттеу тәртібіне байланысты өзгермелі екенін ескерген жөн. Банктің басты мақсаты – баға тұрақтылығында. Ал валюта нарығына қатысты негізгі міндет, әсіресе қиын кезеңдерде де тұрақты әрі тиімді жұмыс істейтінін атап өту керек. Бүгінгі таңда бағам экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныс пен ұсы­ныс негізінде қалай қалыптасуға тиіс болса, дәл солай қа­лып­тасып отырған көрінеді. Бағам­ның еркін қалыптасуы айырбастау баға­мы­ның бір бағытта немесе өзге бағытта өзгеруі – экономиканың шаруа­шы­лық жүр­гізуші субъектілері үшін объективті үдеріс пен экзогендік фак­толар.

Сонымен қатар Ұлттық қордағы валюталық активтердің динамикасына тоқталған маман маусымда шамамен 413 млн долларға ұлғайып, шілде соңында 60,2 млрд долларды құраған.

«Қаржы нарығына қатысушылар эко­но­миканың орнықтылығына бай­ла­нысты биыл рецессияның бас­талмайтынын болжап отыр. Ал же­тек­­ші инвестициялық банк­тердің экономистері құлдырап жатқан инфляция аясында қыркүйек отырысында Федералды резервтік жүйесі мөлшерлеменің көтерілуін кідір­теді деп күтеді. Өткен айда инвесторларда оптимизм басымырақ болып, ол акциялар мен облигациялардың және алтын нарығының өсуіне әсер етті. Сөйтіп, шілдеде Ұлттық қордың ин­вес­тициялық кірісі шамамен 900 млн долларда қалыптасты. Ал маусым айын­да Ұлттық қордан республикалық бюд­жетке трансферт түрінде 284 млрд теңге аударылып, осы мақсатта ішкі валюта нарығында 591 млн доллар көлеміндегі шетел валютасы біркелкі сатылды. Бұл ретте шілдеде Ұлттық қордың шоттарына валюталық түсім 102 млн долларды құрады», дейді Ә.Молдабекова.

Сонымен қатар ол үшінші тоқ­санның басында жаһандық эконо­миканың өсу барысы баяулап, JPMorgan Global PMI индексі мау­сымдағы 52,7 индексіне қарсы шілдеде 51,7 болған. Бірінші кезекте баяулау үрдісі өндіріс пен қызмет көрсету секторындағы төмен көрсеткішпен байланыстырылады.

Fitch агенттігінің АҚШ-тың тәуел­сіз рейтингінің төмендеуі – нарық қатысу­шы­ла­рының назарында. Бірақ таяу аралықта айтарлықтай әсер ете қоймауы ықтимал. Өткен айда Ха­лықаралық валюта қоры жалпы ішкі өнімнің жаһандық өсу болжамын 2023 жылы 3,5%-дан 2024 жылы 3%-ға дейін төмендеуі әлемдік экономиканың келешегіне өз есебін жаңартты. Жалпы, әлемдік инфляция бойынша болжам 2023 жылы 6,8%-ға дейін және 2024 жылы 5,2%-ға дейін қайта қаралған.

Халықаралық энергетика агенттігі мұнайға әлемдік сұраныстың болжамын күніне 2,2 млн баррельге артып, мұндағы өсімнің 70%-ы Қытай тарапынан сұранысқа тиесілі екенін айтады. Сонымен бірге Сауд Арабиясы мұнай жет­кізілімін тө­мен­детеді деп күтіліп отыр, бірақ бұл нәтиже ОПЕК+тен тыс елдерден тасылымдардың ұлғаюымен теңестірілген. Goldman Sachs Brent маркалы мұнай бағасына болжам 2023 жылғы желтоқсанға қарай бар­реліне 85 доллар және 2024 жылғы сәуірде барреліне 87 доллар дең­гейінде қалды.

АҚШ Энергетика министрлігі 2023 жылдың шілдесінен бастап 2024 жылдың соңына дейін қорлар тәулігіне орташа есеппен 0,4 млн баррельге қысқарады деп болжайды. 2023 жылы ведомство Үндістан мен Қытайда мұнай мен сұйық отынды тұтыну көлемі тәулігіне тиі­сін­ше 0,8 және 0,3 млн баррельге өседі деп күтіледі.