Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік шәкіртақы өседі.
2022-2023 оқу жылындағы деректерге сәйкес, елімізде жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі 116 білім беру ұйымы бар. Оның 105-і – магистранттарды, 73-і – докторанттарды, 18-і резиденттерді даярлайды. Аталған білім беру ұйымдарының 72,4 пайызы – жекеменшік, 25,9 пайызы – мемлекеттік, 1,7 пайызы – шетелдік меншікте. Ел бойынша 578,2 мың студент бар. Олардың 213,4 мыңы немесе 36,9 пайызы мемлекет бөлген грантпен оқиды. Ал магистранттар саны – 35,7 мың, докторанттар саны – 6,2 мың. Магистранттардың 19,1 мыңы немесе 53,7 пайызы мемлекет тапсырысымен даярланып жатыр.
Жыл сайын гранттар саны кемінде бес мыңға артып отырады. 2023-2024 оқу жылына 88 мың білім гранты бөлінген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, гранттардың көбі – 18 744 грант «инженерлік өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарламаларына берілген. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына 7 388 грант бөлінген. Жалпы, мемлекет тарапынан 73 мыңнан астам бакалавр, 13 мыңнан астам магистр, 1800-ден астам докторонт даярлауға тапсырыс берілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл бакалавр дәрежесіндегі студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің шәкіртақысы 50 пайызға дейін өседі.
Соған сәйкес педагогикалық дайындық бағыттары мен «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша оқитын студенттерді қоспағанда, жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақысы 36 660 теңгеден 41 898 теңгеге, жоғары оқу орындарында педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша оқитын студенттердікі 58 800 теңгеден 67 200 теңгеге, интерндердің шәкіртақысы 66 403 теңгеден 75 890 теңгеге, магистранттардыкі 86 987 теңгеден 97 024 теңгеге, Назарбаев университетінде оқитын магистранттардың шәкіртақысы 162 500 теңгеден 181 250 теңгеге, докторанттардың шәкіртақысы 195 000 теңгеден 217 500 теңгеге, «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша резидент дәрігерлер мен магистранттардың шәкіртақсы 100 036 теңгеден 111 579 теңгеге өседі.
Ал Жоғарғы сот жанындағы мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген сот төрелігі академиясының магистранттарының шәкіртақысы кейінгі жұмыс орнындағы жалақы деңгейінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендиядан төмен емес мөлшерде төленеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктілігі бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысы 21 787 теңгеден 32 681 теңгеге, техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің шәкіртақсы 20 948 теңгеден 31 422 теңгеге көтеріледі.
Бұл өзгерістер 1 қыркүйектен бастап заңды күшіне енеді.