• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 21 Тамыз, 2023

Зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі

185 рет
көрсетілді

17 тамыз күні «АрселорМиттал» компаниясына тиесілі «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, оқыс оқиға болды. Сол уақытта жер астында 227 адам болған. Кеніштегі 222 жұмысшы жер бетіне дереу шығарылғанымен, 5 кеншіні құтқарып қалу мүмкін болмады. 5 кеншінің де денесі табылды. Ал өрт әлі басылмады. Мемлекет басшысы Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде шұғыл тапсырма берді.

Жан-жақты қолдауға әзір

Өрт фактісіне байланысты Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі бойынша «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Өрт тұтанған конвейер таспасы бір күн бұрын ғана ауыстырылған. Температураның жоғары болуына, шахтаны түтін басуына және сәйкесінше, өндіріс орнының қолжетімсіздігіне байланысты өрт ошағы әлі де оқшауланбаған. Қазіргі уақытта шыққан өртті шахтаның өзге жағынан сөндіру бойынша шаралар жүргізіліп жатыр.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағандыдағы профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханасындағы зардап шеккен кеншілерге келіп, тезірек сауығуларын тіледі. Шахтерлерге компания есебінен еңбекке жарамсыздық кезеңінде орташа еңбекақының 100 пайыз мөлшерінде төлем жүргізетіні, дәрілерді төлейтіні, санаторий-курорттық ем берілетіні және моральдық зиян өтелетіні айтылды.

Апат салдарынан 13 адам зардап шеккен. Олардың тоғызы улы газдармен у­ланып, оның ішінде ауыр дәрежеде иіс тиіп, ауруханаға жеткізілді. Бүгінде екі шахтер жансақтау бөлімінен ауыстырылды. Науқастардың жағдайы орташа дәрежеде, тұрақты. Есін біледі. Ауыр интоксикация синдромы мен энцефалопатия жағдайды ауырлатып тұр. Гемодинамикалық көр­сеткіштер тұрақты. Тағы төрт адам Шах­тинск қаласының орталық ауруханасына же­т­кі­зілді. Екі адам амбулаториялық емделуге жі­беріл­ді, тағы екі адам стационарлық ем қабыл­дап жатыр, олардың жағдайы  орташа.

Үкімет басшысы қаза тапқан кеншілердің отбасымен кездесіп, қайғыларына ортақта­сып, көңіл айтты.

– Жауапты тұлғалардың барлығы жазаланады. Өткен жылы да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанып отыр, қажетті көлемде қаражат бөлінбей отыр. Сондықтан қазір бұл компанияның иесі бойынша қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталып келеді. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. Мұның соңына жететініміз анық, – деді Премьер-министр.

Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасына жұмыс беруші кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде моральдық зиян үшін біржолғы өтемақы төлеп, сондай-ақ жерлеу және еске алу шараларын өткізу шығындарын өтейді. Тұрғын үй болмаған жағдайда Қарағанды облысынан пәтер беріледі, балаларын жоғары оқу орнында тегін оқытады. Компания отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және ипотекалық несиелерді өтеу бойынша шаралар қабылдайды. Осы міндеттемелердің барлығын орындау «АрселорМиттал Теміртау» АҚ меншік иесі ауысқан жағдайда да жалғасады.

Премьер-министр атап өткендей, қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртауда» халықаралық компанияларды тарта отырып, экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталып отыр. Тексеріс нәтижесі қыркүйек айында белгілі болып, тиісті шешімдер қабылданады.

Кездесу барысында кеншілер үшін зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі көтерілді. Ә.Смайылов қазіргі уақытта шахтерлерге ертерек – 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.

Қаза тапқан кеншілердің аты-жөні: Стешин Денис Геннадьевич 1978 жылы туған, 4-разрядты жерасты үңгушісі, еңбек өтілі – 21 жыл; Халиков Артур Рина­тович 1994 жылы туған, 4-разрядты жерасты электр­шебері, еңбек өтілі – 10 жыл; Бур­гун Виктор Сергеевич 1966 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі – 39 жыл; Слюньков Виталий Влади­мирович 1965 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі – 39 жыл; Старовойт Илья Александрович 1996 жылы туған, 3-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі – 4 жыл.

 

Алпауытқа алаңдауға негіз бар

2016 жылдан бері «Арселор­дың» көмір шахталарындағы апат қатары азай­май тұр. Мәселен, 2016-2022 жылдары 18 апат болып, соның салдарынан 19 кен­ші қаза тапқан, тағы 45 жұмысшы түрлі жара­қат алған. 2021-2022 жылдары 4 апат тір­келіп, 21 адам зардап шегіп, 12 жұмысшы қаза тапты.

Апаттардың негізгі себептері – техно­логия­лық үдерістерді өз деңгейінде ұйым­дас­тыр­мау, қауіпсіздік талаптарын біле тұра ескермеу, өндірістік бақылаудың тиімсіздігі, сонымен қатар негізгі және қосалқы жабдықтардың тозуы.

Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша «АМТ» АҚ көмір кәсіпорындарында 6 рет тексеру жұмысы жүргізілді. Онда 957 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары­ның бұ­­зылуы анықталды. Мамандандырыл­ған ауда­н­­­ара­лық экономикалық сотына 55 қауіп­ті өн­дірістік нысан мен қауіпті техника­лық құ­рыл­ғылардың жұмысын тоқтату туралы 7 та­лап арыз жолданды. Қазір сот шеші­мімен 25 нысанның жұмысы тоқтап тұр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев кейінгі жылдары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен өндірісті жаңғыртуға инвестициялар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы шаралар бойынша бірқатар стратегиялық құжатқа қол қойылғанын хабарлады. Алайда кәсіпорын бұған пысқырып та қарамаған.

Кокс пештерінің бірқатар батареялары мен химиялық өңдеу цехы апатты жағ­дайда тұр. Екі жаңа пештің құрылысына келісім­шарт­тар жасалған жоқ, пеш қоры бұзылып жатыр. Бұл өндірістің қысқаруына әкеледі.

Премьер-министр қайғылы оқиға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заң бұзушылықтармен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бұл – ең алдымен, кәсіпорын иесінің кінәсі. Олардың өздерін компанияның ты­ныс-тіршілігінен толықтай шеттетуі бірне­ше жыл бойы қайғылы салдарға әкеп соғып отыр. Көріп отырғанымыздай, жұ­мыс­шылар үшін тиісті қауіпсіздік дең­гейі сақ­талмай, кәсіп­орын жұмысының барлық кезеңінде бас­ты назар тек пайда табуға аударылған. Сондық­тан да апаттар жиі қай­таланып отыр. Ең қайғылысы, адамдардың өліміне алып келуде», деді Ә.Смайылов Шахтинск қаласында өткен кеңес кезінде.

«АрселорМиттал Теміртау» нысандарында кейінгі 15 жылда 100-ден аса адам қаза тапты. Бұл сан жыл сайын өсіп келеді. «АрселорМиттал» халықаралық компаниялар тобындағы әрбір екінші қаза қазақстандық дивизионға тиесілі болып отыр», деді Ә.Смайылов.

Теміртаудағы экологиялық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Темір­таудағы барлық зиянды шығарындылардың 88 пайызы осы алпауытқа тиесілі. Зардабын қала тұрғындары тартып отыр: онкология­лық ауру­лардың, тыныс алу жолдары ауру­лары­ның және басқа да сырқаттардың өсуі байқалады.

«Атап өткеніміздей, кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдамайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде біз комбинаттың күйреуін ғана көріп отырмыз. Жекешелендіру кезінен бері оның өндірістік көрсеткіштері жартысына дейін төмендеді. Болат шығару көлемі өткен жылы 6 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін – екі есеге қысқарды. Көмір өндіру төрттен бір бөлікке азайды», деп атап өтті Премьер-министр.

Ол аз десеңіз, лонжеронды және электро­техникалық болатты, басқа да жоға­ры маржиналды номенклатураларды шы­ғару бойынша құзыреттерінен айырылып қалған. Мұның салдары жұмыспен қамтыл­ғандар саны 72 мыңнан 30 мың адамға дейін қысқаруға алып келіп отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр «Қазақстан» шахтасын­дағы апат­т­ың себептерін жан-жақты тексеру үшін комис­сияның жұмысын сапалы қамтамасыз етуді және зардап шек­кен отбасыларға бар­лық қажетті көмекті көр­сетуді тапсырды. Ә.Сма­йылов тиісті ше­­шімдер қабылдау үшін ТЖМ мен Эко­ло­гия және табиғи ресурс­тар министрлік­теріне «АрселорМиттал Темір­тау» АҚ-да жүр­гізіліп жатқан өнеркәсіп және эко­ло­гия­­лық аудиттерді жедел аяқтауды талап етті.

 

Қарағанды облысы