26 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Астанадағы Beeline Arena орталығында теннистен «ATP 250 Astana Open» деп аталатын халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. Жүлде қоры 1 017 860 АҚШ долларын құрайтын жарыста әлемнің бірқатар белді ойыншысы бақ сынайды деп күтілген.
Қазірдің өзінде швейцариялық Стэн Вавринка, аустриялық Доминик Тим, америкалық Себастьян Корда және тағы басқа танымал теннисшілер Астанаға келетіндерін растады. Ал сол ойыншыларға қысқаша тоқталсақ, 33 жастағы Стэн Вавринка «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерді үш рет ұтқан. Атап айтсақ, 2014 жылы Аустралияның ашық біріншілігі, 2015 жылы Ролан Гаррос және 2016 жылы US Open додасында бас жүлдені олжалады. Сол жарыстардың финалында ол испаниялық Рафаэль Надаль мен сербиялық Новак Джокович (екі рет) сынды аттары аңызға айналған теннисшілерді тізе бүктірді. Стэн АТР жарыстарын 16 мәрте ұтты. Одан бөлек, 2008 жылы жұптық сайыста Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы атанды. Дәуірі жүріп тұрған кезінде Швейцарияның саңлағы әлемдік рейтингте үшінші орынға дейін көтерілді. Бүгінгі таңда Вавринка АТР рейтингінде 21-орынды иеленіп отыр.
29 жастағы Доминик Тим 2020 жылы US Open турнирінде топ жарды. Ақтық сында ол германиялық Александр Зверевті сүріндірді. Сол кезде Аустрияның сайыпқыраны әлемдік рейтингте үшінші сатыға жайғасты. Екі рет Ролан Гаррос және бір рет Аустралияның ашық біріншілігінің финалында ойнады. Париждегі жарыстың шешуші тұсында ол екі ретінде де Рафаэль Надальге жол берсе, Мельбурнде Новак Джоковичтен жеңілді. 2019 және 2020 жылдары АТР-дің қорытынды турнирлерінің финалында өнер көрсетіп, дүбірлі додалардың 17-сінде дара шықты. Жарақатына байланысты біраз уақыт кортқа шықпағандықтан, бүгінде Тим рейтингте 83-орында тұр.
23 жастағы Себастьян Корда – қазір нағыз бабында. АТР тізімінде 30-орынға тұрақтаған АҚШ-тың өкілі биыл Аустралияның ашық біріншілігінің ширек финалына дейін жетті. 2020 жылы Ролан Гаррос және 2021 жылы Уимблдонның төртінші кезеңінде сүрінді. Кезінде Корда жастар арасында Мельбурндегі «Үлкен дулыға» турнирін ұтып, әлемдік рейтингте көш бастады.
Жоғарыда есімдері аталған саңлақтардан бөлек, Қазақстанның да ең таңдаулы теннисшілері Астанадағы турнирде бақ сынайды. Солардың арасынан Александр Бубликті жеке-дара атап өтуге болады. 26 жастағы жерлесіміз биыл Уимблдонның төртінші кезеңінде ойнады. 2020 жылы жасыл құрлықтағы «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдің жартылай финалында және 2021 жылы Париждегі доданың финалында өнер көрсетті. Соңғы екі жылда Монпелье мен Галледегі АТР жарыстарының ақтық сынында германиялық Александр Зверев пен ресейлік Андрей Рублевтен айласын асырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұл күндері Бублик әлемдік рейтингте 27-орынды еншілеп отыр.