• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 22 Тамыз, 2023

Қоржында – екі жүлде

156 рет
көрсетілді

Бұл күндері Хорватияның Загреб қаласында дзюдодан Гран-при турнирі өтіп жатыр. Қазір Қазақстан құрама командасының қоржынында екі жүлде бар.

Жарыстың алғашқы күні 66 кг салмақ дәрежесінде күш сы­насқан  Айболат Ыстыбай қола ме­даль олжалады. Бастапқы бә­се­келерде украиналық Никита Гол­бородько мен латвиялық Эн­тони де Анжелистің осал тұсын еш қиналмай тапқан ол үшінші кезеңде Израильдің танымал ба­луаны, әлем және Еуропа чемпио­наттарының жүлдегері Таль Фли­кермен әбден тіресті. Негізгі уақыт тең аяқталып, «голден скорда» қандасымыздың мерейі үстем болды. Ширек финалда Гранд Слэм мен Гран-при жарыстарының жеңімпазы испаниялық Давид Гарсия Торнға жол берген Айболат жұбаныш белдесуінде әлем жә­не құрлық біріншіліктерінің қола жүлдегері, әзербайжандық Карамат Гусейновті иппонмен жеңіп, үшінші орын үшін тартыста Кипрдің туы астында өнер көрсетіп жүрген грузиялық Георгиос Ба­лард­жишвилиден басым түсті. Кезінде жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған Айболат Ысты­бай үшін бұл – ересектердің халықаралық додасындағы алғаш­қы жүлдесі.

Өзге жерлестеріміз жайында айтар болсақ, дәл сол салмақта кү­рескен Есет Қуанов тұсаукесер кездесуінде украиналық Багдан Ядовқа жол берді. 60 кг сал­мақтағы жігіттеріміздің де жолы болмады. Дамир Болатбеков алғаш­қы айналымда швейцариялық Сэм­юэл Вайзенеггерден ұтылса, Мерей Мархамбетов нидерландтық Эмиэль Джарингтен жеңілді.

Жарыстың екінші күні 73 кг салмақта сынға түскен Бақыт­жан Әбдурахманов қола медаль иеленді. Ол мажарстандық Да­ниэль Сегеди, франциялық Ор­ландо Касорла, түркиялық Билал Чилоғлы және косоволық Акил Гякованы жеңгенімен, испа­ния­лық Хорхе Гарсия Каноға әлі жетпеді. Бұл да Бақытжанның дү­бірлі додалардағы алғашқы жүл­де­сі.  Ал Дархан Қойбағар (73 кг) мен Айбар Мұқышев (81 кг) алғашқы айналымдарда сүрінді.

Әйелдер арасында жалғыз Әбиба Әбужақынова жарыс кө­рі­гін қыздырды. 48 кг сал­мақ­та белдескен ол франциялық Аймард Вирджинияны жеңгені­мен, испа­ниялық Мирейя Лапуэр­та­ға есе жіберді. Жұбаныш бел­де­суін­де америкалық Мария Селия Лабор­денің аяғын көктен кел­тір­гені­­мен, қола медаль үшін бәсекеде Ис­па­нияның тағы бір өкілі Лаура Мартинес Абелендадан айласын асыра алмады.