• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 22 Тамыз, 2023

Екі жауынгердің сүйегі елге жеткізілді

151 рет
көрсетілді

Астанада Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығын­да Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Қазақстанның 2 жауын­герінің сүйегі елге жеткізілді.

Іс-шараға Қорғаныс министр­лігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, «Atamnyn Amanaty» ҚБ, «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» РҚБ өкілдері, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери қызметшілері қатысты.

– Бүгін майданда қаза тапқан қа­зақстандық жауынгерлер ту­ған топырағына оралды. Хабар­сыз кеткендердің тағдыры олар­дың ұрпақтарын әлі күнге дейін алаңдатады. Олар аталары мен әке­лерінен қандай да болса хабар күтеді. Ұрпағы үшін өз өмір­ле­рін құрбан еткен барлық жауын­гер мәңгі есімізде, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс депар­таментінің бастығы, әділет пол­ковнигі Тілеухан Басқожаев.

Іздестірушілердің ерік-жігерінің арқасында екі қазақстандық қы­зыл­әскер – 1913 жылы туған Иван Сур­нин мен 1903 жылы ту­ған Филипп Парасенконың тағ­ды­ры белгілі болды. 117-жеке ат­қыштар бригадасының жауынгері Иван Филиппович Сурнинді «По­ко­ле­ние» іздестіру жасағының іздеушілері Тверь облысының Оленин муниципалды округіне қа­расты Дроничено елді мекенінен тапқан. Ол соғысқа Солтүстік Қа­­зақ­стан облысының Преснов аудан­­дық әскери комиссариатынан ша­қырылған.

Алматы облысының тумасы Фи­липп Лаврентьевич Парасенконың сүйегін аймақтық «Фронтовые дороги» әскери-патриоттық іздеу клубының іздеушілері іздеп тапқан. Ол Алматы облысының Алакөл ауданынан шақырылған.

Солтүстік Қазақстан облысында Иван Сурниннің немересі Галина Самсонова тұрады.

– Атамыздың Отанына оралғаны үшін Қорғаныс министрлігі мен ресейлік іздеушілерге шын жү­рек­тен алғыс айтамын. Атамыз қызының жанына жерленеді. Анам әкесінің ауыр шайқаста қаза тапқанын білетін. Ол бұл туралы соғыстан аман оралған атамның қарулас досынан естіп білген, – дейді Галина Тарасовна.

Өкінішке қарай, Филипп Лаврентьевич Парасенконың туыс­тары әлі табыла қойған жоқ. Марқұмды қайта жерлеумен Жеті­су облысына қарасты Алакөл ауда­ны­ның әкімдігі айналыспақ. Қайта жерлеу рәсімдері өңірлерде әскери құрметпен өтеді.