Жуырда Қонаев қаласында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ іс-шара аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушыларының көрмесі өтті. Орталық алаңда өткен іс-шараға 80-ге жуық кәсіпкер қатысты. Көрмені тамашалай келген қонақтар тауарларды өндірушілерден өз бағасына сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шараның салтанатты ашылуында Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Ержан Дүйсекенов байқаудың мақсаты кәсіпорындардың қызметін жандандыру, отандық тауарлардың сапасын арттыру және ел нарығын бәсекеге қабілетті өніммен толықтыру екенін атап өтті. Сондай-ақ ол осы көрме арқылы өңірдің жеке брендтерін құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру жолында тер төгіп жүрген отандық кәсіпкерлердің еңбегіне толағай табыс тіледі.
Келесі кезекте Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан осы байқау арқылы халық арасында сапа идеясы кеңінен танылып, еліміздің нарығы бәсекеге қабілетті өнімдермен толыға түсетінін тілге тиек етті.
«Кейінгі бес жылда кәсіппен айналысушылардың өңір экономикасын дамытуға қосқан үлесінің нәтижесінде өнеркәсіп көлемі екі есеге артып, өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,6 трлн теңгені құрап, 2021 жылғы көрсеткіштен 300 млрд теңгеге өсіп отыр. Бүгінде облыста 120 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы шеңберіндегі негізгі мақсаттың бірі – шағын және орта бизнестің үлесі елдің ішкі жалпы өнімінің кемінде 35 пайызын қамтамасыз ету. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін қолдау мақсатында «Кәсіпкерлікті дамытудың 2022 жылға арналған ұлттық жобасы» аясында 18,8 млрд теңгенің жобалары қаржыландырылды. Шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған қолдау 250 мыңнан аса адамды немесе экономикалық белсенді халықтың 26 пайызын жұмыспен қамтып отырған өңір экономикасының дамуына орасан зор мультипликативті әсер береді», деді облыс әкімінің орынбасары.
«Бір ауыл – бір өнім» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын және кәсіпкерлердің кірісін арттыру, бір ауылды бәсекеге қабілетті бір өнім шығара алатындай деңгейге жеткізу үшін қолға алынған жоба екенін атап өткен облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына қарасты іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Ботабекова өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынған кәсіпкерлерге сәттілік тілей отырып, кәсібін дөңгелетіп жүрген барша әйелдер қауымына қолдау білдіретінін ашып айтты.
Өз кезегінде өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Ерік Әбитов те мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуда бірқатар бағдарламаның барын атап, оған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің үнемі қолдау көрсететіні үшін ризашылығын білдірді.
Іс-шараға қатысқан қонақтар назарына Сүйінбай атындағы облыстық филормония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Отандық өнімдердің сан түрі таныстырылған көрмеде өзінше өрнегімен көзге түскен аудандар аз болмады. Айталық, Жамбыл ауданынан арнайы ат арытып келген көрме қонақтарын батыр жауынгерлер мен ұлттық киімдегі көрікті қыздар қарсы алса, Қарасай өңірінен келген қонақтарды қос ішекті домбыра шерткен дуэт жыр-шашумен қарсы алып жатқан көріністер көңілге қуаныш себеледі.
Құрамына жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, облыстың өңірлік кеңесі мен кәсіпкерлер палатасының мүшелері кірген арнайы комиссия үздік тауарларды «Үздік өнеркәсіп тауарлары» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша анықтады.
Комиссия құрамының шешіміне сәйкес «IT&M» компаниясы «Үздік өнеркәсіп тауарлары» аталымының жеңімпазы атанды. «IT&M» ЖШС – Қазақстан аумағында «Misot-Flex» маркалы синтетикалық пенопласт шығаратын желіні іске қосқан алғашқы компания.
Екінші орынды инновациялық молекулалық технологияларды қолдану арқылы әзірленген бірегей синтетикалық майларды шығаратын компания «ЛУКОЙЛ Лубрикант Центральная Азия» ЖШС иеленді.
Механикалық беріктіктің жоғарылауына және сәйкесінше кабельді қорғауға арналған жоғары сапалы құбырларға кепілдік беретін ТМД елдеріндегі бірінші спиральды құбырларды өндірудің инновациялық технологияларын пайдалануға негізделген «Беріктігі жоғары кәбілдік құбырлар зауыты» кәсіпорны үздік үшінші орынға тұрақтады.
Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында жалғыз жеңімпаз «AsiaAgroFood» АҚ атанды.
«Біз – Қазақстанда сироптар, мал азығы және нан ұнының өндірісі бойынша көшбасшымыз. Негізгі қызметіміз – бидай дәнін ұнға және жүгері дәнін глюкоза-мальтоза сироптарына өңдеу, сонымен қатар мал азығының барлық түрін өндіру. Барлық цех пен өндіріс Германияда, Швейцарияда, Италияда және АҚШ-та шығарылған ең жаңа, өнімділігі жоғары жабдықтармен қамтылған. Сондықтан еңбегіміздің жақсы бағаланғанына ризамыз. Біз облысымызды республикалық деңгейде мақтанышпен көрсетеміз», деп атап өтті компания өкілдері.
Сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» байқауы аясында алғаш рет «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың өнімдері ұсынылды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы – өз экономикасын жақсарту үшін әлеуетті табиғи ресурстарды пайдалану арқылы ауылдық жерлерде экономикалық өсудің құралы. Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру, сату және кірісті арттыруға негізделген.
Көрмеге қатысушылардың көпшілігі мұндай іс-шараларға алғаш рет қатысып отырғандарын атап өтті. Мәселен, Райымбек ауданынан келген кәсіпкер Күлпарқан Тоқтақын квиноадан емдік қара сабын жасаумен айналысады екен.
«Ежелден ата-бабаларымыз квиноадан жасалған қара сабынды күнделікті өмірде қолданған. Ал көне емшілер сабын арқылы ең ауыр жараларды емдеп, тіпті операция кезінде дезинфекциялаушы құрал ретінде пайдаланған», деп өз өндірісімен таныстырды кәсіпкер.
Сондай-ақ Кеген ауданында кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп отырған Саниязовтар отбасының саудаға шығарған таза табиғи сары майы мен кілегейіне, құрт-ірімшігіне сұраныс артты. 2012 жылы «Саниязов» шаруа қожалығын құрған Кеген ауданының құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болған Серік Саниязовтың ұлы Нұрбек пен келіні Альфия Мелісова байырғы технологиямен сүт өнімдерін шығаруда көш бастап тұр.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан қолдау тауып, жоғары сапалы аяқкиім тігуді жолға қойған Жамбыл ауданының ісмері Нұргүл Дәлелханқызының өнімі де көптің қызығушылығын тудырды.
Көрмеде жұмыс тобы үздік 10 қатысушыны таңдады. Әрі қарай осы кәсіпкерлер туралы толық презентациялар әзірленіп, олар бренд-комитетке ұсынылады. Комитет осы тізімнен үш жеңімпазды таңдайды. Олар бұл жобаның көптеген мүмкіндігіне қол жеткізе алады. Атап айтсақ, жылдың соңына дейін оқыту және маркетингтік қызметтер, ерекше маңызды сертификаттар, ішкі және әлемдік нарықтарда жылжыту, брендті дамыту, дизайн жасау және басқа да жеңілдіктерді пайдалануға қол жеткізеді.
Алматы облысы