Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Спорттың олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы», Астана қаласының тоғызқұмалақ федерациясы және «Asarume» қайырымдылық қоры бірлесе отырып, «Кең жүрек мың бала» акциясын жүзеге асырды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«Asarume» қайырымдылық қоры бастаған бұл акцияның басты мақсаты – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау, моральдық, материалдық тұрғыдан, білім, спорт салаларынан қолдан келгенше көмек көрсету.
Қалалық спорттың олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы атаулы акцияны назардан тыс қалдырмады. Акция аясында тоғызқұмалақтан Астана қаласы құрама командасының спортшылары мен мекеменің аға жаттықтырушысы Нұржан Қонарбаев «Asarume» қайырымдылық қорының тізімі бойынша шақырылған балаларға айтулы спорттың қыр-сырын және ойын барысын көрсетті.
Қалалық спорттың олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясының басшысы Дастан Жұмабайұлының айтуынша кейінгі жылдары елімізде түрлі жобалар мен акцияларды қолдаған жомарт жандар саны артып келеді. Елордада спорттың бұл түрімен 3500-ден астам спортшы айналысады, оның 51-і қала құрамасында, 10-ы Ұлттық құрамада. Спортшыларымыз Астана қаласында «Оқушылар сарайы», «Береке» аула клубы, «Ақшоқы» паралимпиадалық орталығы, «Арқа Алан» спорт клубы, «Темірлан» аула клубы, «Замандас» аула клубы, №87 мектеп-гимназияда тоғызқұмалақ спорт түрімен айналыса алады.