• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Тамыз, 2023

Қазақ пен қырғызды өзімізден басқа ешкім қолдамайды - Садыр Жапаров

4306 рет
көрсетілді

Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жуырда Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевты сынға алған еді. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында осы сынға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аманжол Әлтаев әлеуметтік желіде Қырғызстан Президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевты сынап, жазба жариялаған еді. Онда ол Біржанның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді дейді.

«Қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ. Мәселе бұл жігіттің танымал болмағанында емес. Егер кесек ой айтса, көркем өлең өріп нақышын келтіре сөйлесе, тіленіп ат сұрамаса, тілеуін тілеп тек қуанар едік. Қырғыз елінің ыстық пейіліне рақмет! Бірақ, кім көрінгенді көшеден тауып алып, қазақ елінің ақыны деп ел алдына шығармауын сұраймыз. Қазақ елінің айтыс ақындары мен жыршы - термешілер одағының төрағасының бірінші орынбасары ретінде мәлімдеймін. Қазақ халқының бекзат өнерінің құнын олай түсірмеулерін талап етемін.

Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді. Ендігі жерде қырғыз бауырлар екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумғы ережені сақтауды, біздер ұсынған ақынды ғана халық алдына шығаруларын сұраймыз. Құстың қос қанатындай бауырлас елдердің достығын жалған өлеңшілер емес, нағыз құрметке лайық дарынды ақындар жырласын. Біржан бауырымыз елге жеткен соң халықтан, барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды ұмытпасын», деп жазды Аманжол Әлтаев.

Қырғызстан Президенті «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында Аманжол Әлтаевтың осы сынына жауап берді.

«Аманжол Әлтаевтың әлеуметтік желідегі үндеуін мен де оқыдым. Әрине, бұл ыңғайсыз үндеу болды. Ең алдымен «Елшіге де, әншіге де өлім жоқ» дейді. Елшілер өз жұмысын жасайды. Әншілер, тіпті, ақындар өздеріне ыңғайлы жерде ән салады. Сын айтып ән салады, мадақтап ән салады, бірдеңе сұрау үшін ән салады. Одан кемшілік, саясат іздеудің қажеті жоқ. Екіншіден, ақын Біржан Қалдыбаев қырғыздың жиені. Мен қазақтың жиенімін. Біз туысқанбыз. Бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Нооча қазақтың қызы еді. Үшіншіден, біз қырғыз-қазақша сөйлейтін халықпыз. Сол сәтте арғымак сыйға тартпасам, ол маған бір кезде ән шырқайтын еді. «Нағашым жаяу жіберді деп айтар еді. Ол жерге қатыспасам, сол ақынның әнін естімесем, әңгіме басқа болар еді. Сондықтан Аманжол мырзаға айтарым, сіз ешқашан жайсыз жағдайға тап болған жоқсыз», деді ол.

Садыр Жапаров бұл жерде ешқандай саясат жоқ екенін және айтыскер ақынның сөзіне түсіп қалмас үшін ғана арғымақ сыйлағанын айтты.

«Мен Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін де білмеймін. Мен оны бұрын да танымайтынмын. Оны көше ақыны деп атаған. Қазір көше ақыны болса, кейін қазақ-қырғыз халқына танымал ақын болып кетер. «Бесіктегі бала патша бола ма, кім білсін, құрсағындағы бала патша бола ма, кім білсін» дейді. Ол жас бала екен. Қолдау болса ақыры атақты ақын болып шығар. Қазақ пен қырғызды бізден басқа ешкім қолдамайды. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Қазіргі әлемдік жағдай өткір. Қазақ пен қырғыздың арасына от салғысы келетін үшінші күштер әлі де жоқ емес. Біз мұндай адасушылықтан аулақ болуымыз керек. Арамыздағы тыныштықты сақтайық. Онсыз да ат төбеліндей ғана елміз», деп жауап берді Қырғызстан Президенті.