Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылында 108 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді.
Кеңес Одағының батыры Ахмедияр Құсайынов атындағы білім ордасының көне ғимараты әбден ескіріп, апатты деп танылған еді. Шағын ауыл болса да шаруасы шашырамай, іргесі берік тұрған елді мекенге жаңа мектеп ғимаратын салуды аудан, облыс басшылары да, депутаттар да қолдады. Тіпті бұл бастама «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасына еніп, тиісті қаражат бөлінді. Сөйтіп 2021 жылы 108 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталған. Міне, Жұлдыз ауылының тұрғындарын шексіз қуанышқа бөлеген күн де жетті. 2023 жылдың жаңа оқу жылын батыр атындағы мектеп оқушылары жаңа ғимаратта қарсы алатын болды.
23 тамызда ауыл үшін маңызы зор нысанның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, мәслихат депутаттары арнайы қатысты. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын, мектеп ұжымын және оқушыларды қуанышты оқиғамен құттықтап, мектеп ұжымына теледидар сыйға тартты. Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайту керек» деген тапсырмасына сәйкес өңірде жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын айтып өтті.
Шынын айтсақ, өңірде қолға алынған мектеп құрылыстарының келісілген уақытында аяқталмай, кестеден кешігіп қалу оқиғасы жиілеп кетті. Жұлдыз мектебінің құрылысы да 2021 жылы басталғанымен, 8 айға жоспарланған құрылыс 2 жылға созылып, бітпей тұрған болатын. Жұлдыз мектебінің құрылысын әуелде «АлауҚұрылыс» ЖШС бастап, аяқсыз қалдырды. Н.Төреғалиев облыс тізгінін ұстағалы бері бұл мәселені жеке бақылауына алды. Сөйтіп өңірде осы салада тәжірибесі мол «Альтаир» ЖШС мектеп құрылысын толығымен сапалы түрде аяқтап шықты. Облыс әкімінің қадағалауымен өңірде «сақалды құрылысқа» айналған бірнеше нысанға жан бітті.
– Жұлдыз ауылында 40 жылдан астам уақыт тұрып жатырмыз. Еңбек өтілім де батыр атындағы мектеп қабырғасында өтті. Ауылымызда жаңа мектеп салу мәселесі көптен бері айтылып жүрген еді. Енді міне, бүгін жаңа ғимаратқа кіріп, қуанып жатырмыз. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысқан азаматтарға, құрылысшыларға алғысымыз шексіз. Мектеп құрылысы жақсы және сапалы жүргізілді деп нық сеніммен айта аламын, – дейді Жұлдыз ауылының сыйлы ақсақалы Өтеп Төлеуов ризашылығын білдіріп.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналғаны айтпаса да түсінікті ғой. Салтанатты шарада «Қыз Жібек» жас термешілер ансамблі өнер көрсетіп, үлкендердің батасын алды. Құрылыс жұмысын жүргізген мердігер «Альтаир» ЖШС директоры Нұрлан Қуанғалиев жаңа нысанның ашылуымен ауылдастарды құттықтап, мектеп директорына мектептің символды кілтін табыс етті.
Осы мектепті 1984 жылы бітірген түлектер атынан сөз алған Батыс Қазақстан облыстық «Aqjaiyq» телеарнасының тілшісі Ақболат Мұстажапұлы ауылдастарын жаңа оқу жылымен құттықтап, мектеп оқушыларына спорттық киімдер мен құралдар тарту етті.
Сарыөзеннің бойында қоныс тепкен Жұлдыз ауылы – болашағы бар елді мекендер қатарында. Орта мектеп пен оның жанындағы шағын орталықта 130 бала білім алып, тәрбиеленуде. Ауылдың дамуын, болашағын дәлелдейтін бір көрсеткіш құрылыс қой. Кейінгі үш жылда ауылда оншақты заманауи үй жаңадан салыныпты. Енді міне, су жаңа мектеп ғимараты ауылдың ажарын аша түсті.
Бұдан кейін облыс әкімі Н.Төреғалиев Қазталов ауданы орталығындағы 600 балаға арналған Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектептің құрылысымен де танысты. Бұл мектептің де құрылыс жұмысы түрлі себеппен бірнеше жылға созылып келеді. Құрылысқа жауапты мердігер «Жиенбай» ЖШС-ның директоры Александр Қарағойшиннің айтуынша, биылғы оқу жылының екінші тоқсанынан бастап оқушылар жаңа мектепте оқиды. Нариман Төреғалиұлы мердігер мекеменің басшысына құрылыс жұмысын уәделі мерзімде аяқтауды тапсырды.
– Аудан орталығындағы мектеп құрылысы білім күні – 1 қыркүйекте аяқталмайтыны анық. Біз қазір құрылысшыларға екі ай мұрсат беріп отырмыз. 1 қарашаға дейін барлық жұмыс тиісті деңгейде атқарылуы керек. Мердігер «Жиенбай» ЖШС-ның басшылығына мектеп құрылысын сапалы жүргізуді тапсырамын. Бұл нысан менің жеке бақылауымда болады, – деді Н.Төреғалиев.
«Қазталов ауданында қазіргі 20 орта, 8 негізгі және 7 бастауыш мектеп жұмыс істеп тұр. Осындағы 427 сынып-кешенде 5 216 оқушы білім алады. 1 250 балдырған 15 мемлекеттік және бір жекеменшік балабақшада тәрбиеленуде. 1 837 баланы қамтып отырған 4 қосымша білім беру ұйымы тағы бар. Барлық мектеп телефон байланысымен және интернетпен қамтылған. Сонымен қатар 22 мектеп жанында 351 оқушыны қамтыған шағын, орталықтар жұмыс істейді», дейді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.
Батыс Қазақстан облысы