Ақтөбеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі салааралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда облыстағы экология, жолаушылар тасымалы және құрылыс салалары сынға алынды.
Атап айтқанда, экология мәселесінде қала тұрғындарының шағымын тудырып жүрген қала шетіндегі бұрынғы ет комбинатының аумағынан келетін жағымсыз иістің себептері сөз болды. Ол жердегі алкоголь қалдықтарын микробиологиялық зерттеуге 2019 жылы облыс бюджетінен 23,5 млн теңге бөлінгенімен, одан ешқандай нәтиже шықпаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдікке осы жерлерді топырақпен көміп тастауды ұсынып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сынына ұшыраған тағы бір мәселе – ауданаралық жолаушылар тасымалын субсидиялауға қатысты. Мониторинг барысында ауданаралық автобус рейстерінің жартысына жуығы нақты кесте бойынша жүрмейтіні және жолаушылар толғаннан кейін ғана кешігіп жолға шығатыны анықталған. Мысалы, Ақтөбе қаласы мен Байғанин ауылы арасында күн сайын екі бағытқа екі рейс қатынауы керек. Бірақ шын мәнінде, автобустардың кей күндері жүрмей қалатыны өз алдына, жүрген күннің өзінде бір ғана рейс қатынап келген. Автобустардың тозуы, яғни жолаушылар өмірі мен денсаулығына қауіптілігі өз алдына бөлек мәселе.
Сонымен қатар құрылыс саласы да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ауыр сынына ұшырады. Ақтөбе облысында салынып жатқан 75 нысанның 23-і, яғни 30 пайызы әртүрлі себептермен тоқтап немесе тежеліп тұр. Соның бірі – Шалқар қаласында 2018 жылы құрылысы басталып, 2019 жылы аяқталуға тиіс болған мектеп ғимараты. Жобалау қателіктерінің жиынтығы, мердігердің жұмыстарды адал атқармауы және тапсырыс берушінің келіспеушілігі құрылыс мерзімдерінің 5 жылдан астам уақытқа созылуына және жобаның құны 900 млн теңгеден 1,3 млрд теңгеге дейін қымбаттауына әкеліп соққан.
Осы және өзге де көптеген проблемалар бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақтөбе облысының әкімдігіне қызметтік тексеру жүргізуді және барлық кінәлі лауазымды адамдарды атқаратын лауазымдарынан босатуға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарауды ұсынды.