• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 25 Тамыз, 2023

Қызылжұлдыздың бағы қашан жанады?

297 рет
көрсетілді

Облыс орталығынан төрт шақырым жерде шағын ғана Қызылжұлдыз ауылы бар. Ауыл кішкентай болғаны­мен мәселесі үлкен.

Көкшетау қаласының іргесінде Краснояр ауылына дейін жол сайрап жатыр. Ауыл іші де көзтартарлықтай, төрт құбыла тегіс көрікті. Абаттандырылған, жол бойы тазартылған, тротуар төселген. Қызылжұлдызға жету үшін селолық округтің орталығы Краснояр селосын басып өту керек. Әрі қарай төрт шақырым жүрсең, Қызылжұлдыз ауылына табан іліктіресің. Бірақ бір бел асқанша белің үзіледі. Жұмырдықтай қиыршық тас төселіпті. Көз ұшынан жалғыз жолаушы көрінді. Асыға басып келеді. Қара жолдың бойындағы қарсы кездескен жолаушыдан жөн сұрастық. Ауыл тұрғы­ны Анастасия Доронина бо­лып шықты. Жас қыз Көкшетау қа­л­а­­сындағы дүкендердің бірін­­де сатушы болып жұмыс істей­ді екен. Ауылға автобус қаты­на­мағандықтан, селолық округтің орталығына жаяу жетпек.

– Қазір күн жылы, ертең қыс келгенде қайтесіздер? – деп сұрадық біз.

– Ауылға автобус қатына­мағалы екі жылдың жүзі болды, – дейді Анастасия. Амал жоқ, жаяулап-жалпылап жетеміз де, жұмыс істеуіміз керек қой. Ауылда тұру қиын болып кетті. Ауыз суды аптасына бір-ақ рет әкеледі. Көктемде Ша­ғалалы өзені тасыған кезде қатынас мүлде болмай қалады. Кішкентай көпіріміз бұзылып су астында қалады. Сол кезде ауыл тұрғындарының кейбіреуі теміржол бойымен жүреді. Бірақ олай жүруге болмайды ғой, қауіпті. Ұстап алса, айыппұл салады.

Аз ғана жүрген соң жаңағы Анас­тасия айтқан өзен аңға­рындағы шағын көпірге жеттік. Анау айтқандай күрделі құрылыс емес, амалсыздан лаждаған шаруа. Астына түйенің беліндей үш-төрт темір тұрба өткізіп, үстін қиыршық таспен нығарлап бітеп тастапты. Сұрастырып көрсек, сонау 2010 жылы село­лық округтің бұрынғы әкімі Базарбай Әбуевтің тұсында салынған өткел екен. Бұрынғы әкімді де тауып, тілдестік. Айтуына қарағанда, кәдімгі көпір салуға қаражат болмаған. Амалсыздан жергілікті кәсіпкер Абай Құсайыновтың көмегімен қияметтің қылкөпірі тәрізді осы өткелді салған. Өткел салынған соң, автобус та жүрген. Әйтсе де, көктемдегі қызыл су біраз жерін шайып кете берсе керек. Ерте көктемде темір тұрбаның ішіндегі мұз ерігенше өзен бойлап кілкіп келген сең өтер саңылау таба алмай тура осы сағаққа кептеледі. Су көлемі көбейген соң өткелді бұзып кетеді. Жылда жамаумен әлек. Көкшетаулық жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар осы көпірдің жайын уәж етіп, көлік қатынасын орнатқы­сы келмейді. Әйтпесе, Краснояр ауылына дейін №12 бағыт бар. Тек соны төрт шақырымға ұзарт­са жетіп жатыр.

Ауылдағы бас көтерер азаматтың бірі Жастілек Рама­занов ауыз су, көлік қатынасы, лажсыздан салынған өткел мәселесін айтып күйзеліп отыр. Ерте көктемде аз уа­қыт қана мінез танытқаннан ке­­­йін арнасы тар Шағалалы өзені қалыпқа түседі. Тіпті, жаз ай­­ларында кеуіп те қалады. Өзеннен келер анау айтқандай қауіп жоқ.

– Көпірді су басқаннан кейін ауыл тұрғындары теміржолды бойлап қатынайтын еді. Бірер мәрте айыппұл салынғаннан кейін сап тиылды. Бірақ бала-шағаны көзіңнен таса етпей қарап отыра алмайсың ғой. Кейде тәртіп бұзатындар да табылып қалады, – дейді Жастілек ағай.

Ауылдық округ әкімдігінде үміт отын тұтататын ұмты­лыс бар тәрізді. Олар жол учас­кесін кеңейтіп, үйінді кө­пір­дің ені мен қоршауын стан­дартқа сәйкестендіру туралы жоба жасаған. Тіпті, осы істі жүзеге асыратын мердігер де анықталыпты.

Ал ауыз су мәселесі өте қиын. Бұрын ауылға ауыз су аптасына екі мәрте тасымалданса, қазір бір-ақ рет қатынайды. Ауыз суды тұрғындар темір немесе пластик ыдыстарға құйып алады. Биылғыдай қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта мұн­дай ыдыстарға суды сақтау­дың өзі оңай емес. Апталап жабық ыдыс­­та тұрған судың түсі өзге­ріп, дәмі бұзылады.

Ауыл тұрғындары қымбат болса да өз ұңғымаларын қазып алуға ұмтылуда. Бұл тарап­тағы тығырықтан шығар жал­ғыз жол – осы. Әйтсе де, ауыл қотанындағы ұңғыма қазып шығарған су ішуге жарамсыз, тым тұзды. Тұрғындардың айтуына қарағанда, онымен бақша суаруға да болмайды, мал да ішпейді. Ауыл тұрғыны Ирина Багапова осындай ұңғыманы қаздырып, 18 метрден су шыға­рыпты. Тіршіліктің түйткілі әб­ден қажытқанымен, бауыр басқан жерінен көшкісі кел­мейді. Әсіресе, 92 жастағы ана­сы қоныс аударуға қарсы. Еңбек ардагері Людмила Шмик те жайлы жер іздеп кете алмай отыр.

Кішкентай ауылдың түйінді мәселелері қалай шешілетінін Краснояр селолық округінің әкімдігінен сұрадық. Әкімдіктің айтуына қарағанда, шағын ауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Көкшетау су арнасы» кәсіпорны аптасына бір мәрте ғана көлік жібере алады. Бар мүмкіндіктері – сол. Егер кәсіпорынның машина паркі жаңартылса, тасымалдың көбеюі мүмкін.

Ал Көкшетау қаласының құрылыс бөлімінің мәлімдеуіне қарағанда, осы төңіректегі Элита, Автобаза, Чайкино және Қызылжұлдыз ауылдарын ауыз сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеп жатыр екен. Облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, өңірдегі Қызылжұлдыз тә­різді шағын ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін суды тазарту және тарату пункт­терін орнататын жоба әзірленіп жатыр. Бұл жоспар 2025 жылға қарай жүзеге аспақ.

Ауыл балалары Краснояр ауылына қатынап оқиды. Қысы қатты бұл өңірде боран жиі. Ал ондай кезде жолдың да тазаланбай қалатын күндері болады. Амал жоқ мектеп оқушылары қарға адым жер ұзап шыға алмайды. Көктемде тағы солай. Кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатқан Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданы иек астында. Қопа көлін жағалай салынатын айналма жол осы ауылды басып өтпек. Міне, сол кезде ақ түйенің қар­ны жарылмақ. Оған шейін тұр­мыстың тауқыметімен ауыл тұр­ғындары өздері ғана күресіп келеді.

Осы жылы ауылдық округ орталығынан ауылға дейінгі жолға қиыршық тас төселіпті. Әйтсе де, іргедегі карьерден ауыр көлікпен құм таситындар жалғыз жолды жиі бұзып тас­тайды екен.

13 тамызда ауылдық округ­тің жаңа әкімінің сайлауы өтті. Ендігі үміт – ел сенген жаңа әкім­де. Бәлкім, Қызыл­жұл­дыз­дың жұлдызы жанып қалар.

 

Көкшетау