«ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері» жобасы аясында Қостанай облысындағы делегация құрамында болған ҚР ПІБ МО ауруханасы Аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, бас аритмолог, профессор Аян Әбдірахманов 7 адамның жүрегіне күрделі ота жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сәтті аяқталған күрделі оталар жүрек қантамырларына біткен ақауларды қалпына келтіріп, өкінішті салдардың алдын алуға болатынын көрсетті. Бұл облыстағы дәрігерлер үшін де құнды тәжірибе болды.
«Қостанай облысында жүрек қантамырларына 7 операция жасадық. Соның ішінде Рудный қаласында алғаш рет 4 науқасқа Гис түйінінің сол аяқшасына екікамералы кардиостимулятор импланты қойылды. Қалған үш операция Қостанайдағы Кардиологиялық орталықта жасалды. Бірінші, жүрек жетіспеушілігін емдеу және кенеттен өліп кетудің алдын алуда үшкамералы кардиовертера-дефибриллятор аппаратын қойдық. Екінші науқасқа кеңейтілген кардиомиопатия диагнозы бойынша өмірге қауіп төндіретін аритмияны жою және жүректің тоқтап қалуын болдырмау үшін кардиовертер-дефибриллятор орнатылды. Үшінші операцияда науқасқа атриальды фибрилляция бойынша жүрек ырғағының коррекциясы жасалды. Өңірдегі әріптестер де операцияға қатысып, ҚР ПІБ МО ауруханасында жүрек қантамырына қолданылатын операция тәсілдерін үйренді. Операциядан кейін науқастардың жағдайы жақсы, дәрігер бақылауында болады», деді ҚР ПІБ МО ауруханасы Аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, бас аритмолог, профессор Аян Әбдірахманов.
Бас аритмологтің айтуынша, Рудный қаласында алғаш рет жасалған бұл операцияларды әрі қарай күн тәртібіне енгізуге болады, дегенмен тағы да бірнеше шеберлік сабағын өткізу өңір дәрігерлеріне пайдалы болмақ. ҚР ПІБ МО мен Қостанай облысы әкімдігі арасында орнатылып жатқан ынтымақтастық меморандумының арқасында өзара тәжірибе алмасу шараларын жалғастыру мүмкіндігі бар.
Айта кетсек, ҚР ПІБ Медициналық орталығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында бұған дейін Шымкент қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, Атырау облыстарында 70-ке жуық операция, 400-ге жуық дәрігерлік кеңес, 40-қа жуық дәріс оқылды.