• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Тамыз, 2023

Оралға жаңа автобустар келді

231 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы жолаушы тасымалы жүйесіне су жаңа 9 автобус қосылды. Олар облыс орталығындағы №5 және №12 бағыттағы ескі көліктерді ауыстырады.

 

Орал қаласында күн сайын 300-ге жуық қоғамдық көлік көшеге шығады. Былтыр 79 автобус жаңадан сатып алынса, биыл 50 көлік жаңартылады екен. Қала әкімдігі облыс орталығында жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелерден жыл сайын автопарктің кемінде 10 пайызын жаңартып тұруды талап етеді. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов «Осы жоспар орындалса, 5 жыл ішінде тозығы жеткен көне көліктен құтыламыз» деп отыр.

«Бүгінде Орал қаласындағы автобус парктерінің тозығы 35 пайызға жеткен. Ең қиыны – қаражат мәселесі. Кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерге кепіл қойып, несие алады. Был­тырдан бері бюджеттен бөлінетін субси­дияның мөлшерін көбейттік. Жыл сайын бұл салаға облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініп келсе, алдағы үш жыл бойы жалпы 15 млрд теңге беріл­мек. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін барлық жағдайды жасауы­мыз керек. Әрине, ең алдымен, сапалы жол салғанымыз жөн. Биыл қала­да 50-ден астам аялдама салынып жатыр. Себебі ша­һардағы 150-ге тарта орында ешқандай аялдама жоқ. Автобус жүргізушілерінің орташа жалақысы – шамамен 310 000 мың теңге. Ашығын айту керек, қазір көлік жүргізушілері тапшы. Ал тәжірибесіз мамандарды жұ­мысқа алу қауіпті», дейді Миржан Мұнайдарұлы.

«Оралавтотранс» ЖШС желіге қо­сып отырған су жаңа «Yutong» және «Вектор NEXT» маркілі автобустар –  жо­лаушыларға ыңғайлы, заманауи үлгі­де жасақталған көлік. «Yutong»-тің 8 бақы­лау камерасы, кондиционері, мүге­дектер арбасын көтеріп-түсіретін қон­дыр­ғысы бар. Бұл көліктердің баға­сы шамамен 80 млн және 40 млн теңге тұрады екен. Барлық автобус қалалық әкімдік бөлген субсидияға және екін­ші дең­гейлі банктердің несиесіне алынған.

 

Батыс Қазақстан облысы