• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Тамыз, 2023

Риддер: шешімін таппаған түйткілдер

221 рет
көрсетілді

Риддер қаласында жылу қазандығынан басқа да мәселелер жетіп артылады. Жуықта ШҚО «Amanat» партиясы филиалы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы Батыс Алтай қойнауындағы қаланың бірқатар әлеуметтік нысанын аралап, шешімі табылмай келе жатқан проблемаларды назарға алып қайтты.

 

Әсіресе, қазақ мектебінің ата-аналары мен оқушыларын алаңдатып отырған үлкен мәселе – «Шаңырақ» мектеп гимназиясының ғимараты. Қос ғимараттың бірі 1937 жылы салынса, екіншісі 1960 жылы бой көтерген. Осыған дейін білім ордасының ескілігін айтып бір емес, бірнеше рет жаздық. «Шаңырақ» деп шырылдамаған қазақтілді тілшілер кемде-кем шығар. Алайда нәтиже жоқ. Әйтеуір, жөндеуге 50 млн теңге қаржы бөлініпті.

– «Шаңырақ» мектебін жөндеуге 50 млн теңге бөлінді. Ол қаржыға мектеп ғимаратына жапсарлас са­лын­ған шағын спортзалды бұз­дық. Себебі, ол апаттық жағдайда тұр­ған. Сонымен қатар бастауыш сы­нып оқитын корпустың жылу жүйе­сін, терезелерін ауыстырдық. Спортзалының еденін цементпен тар­тып шықтық – дейді аталған білім мекемесінің директоры Лаура Абраимова.

Ата-аналар болса, мектеп ғима­ратын жөндеуді емес, жаңа мектеп сұрап жүр. Ескі дүние есіңді шы­ғарады дегендей, қаусаған ғимаратты әктей бергеннен жаңарып шыға келмейді. Ал Қала құрылысы және сәулет бөлімі мамандарының айтуынша, жаңа қазақ мектебінің орны белгілі болған.

– Қазіргі уақытта «Мичурин 1» аумағында 3 гектар бос жер қа­зақ мек­тебінің құрылысы үшін рәсім­дел­­ді. Жобалау жұмыстары жү­ріп жа­­тыр. Мектеп 300 орынға лайық­тал­ған. Құрылыс 2024 жылы баста­ла­ды, – дейді Қала құрылысы және сәу­­­лет бөлімінің бас маманы Наталья Долгова.

Бірақ қала әкімі Дәулет Батырбаев бас маманның пікірін жоққа шы­ғарды. Әкім жаңа мектептің орны әлі де нақты шешілмегенін тілге тиек етті. Демек, «Шаңырақ» мек­те­бінің оқушылары әлі де 1937 жыл­ғы ғимаратта білім алмақ. Айта ке­тер­лігі, қаланың қақ ортасына «Жай­лы мектеп» бағдарламасы аясында «Самұрық Қазына» қорының қол­дауымен 600 орындық мектептің құ­ры­лысы басталған. Өкініштісі, ол да «Шаңырақ» мектебінің оқушыла­рына арналмаған. Жергілікті бас­шылық берген ақпаратқа сенсек, аралас мектеп болатын секілді. Құрылыс басталса, үмітпен қарап жүрген «Шаңы­­­рақ» мектебінің ата-аналары ба­­ла­­­ларын аралас мектепте оқытудан бас тар­тып отыр. Таза қазақ тілінде білім беретін мектеп керек екенін айтады.

– Балам бірінші сыныпқа барады. Мектеп ғимараттары болса апаттық жағдайда. Бізге жаңа мектеп керек. Мынау заманда бір мектептің ғимараты екі жақта деген сұмдық ғой. Не дұрыс спортзалдары жоқ, – дейді қала тұрғыны Әсем Кәбекова.

Ата-аналардың «жаңа мектеп керек» деп бармаған басшысы, қақпаған есігі қалмаған. Қыл аяғы Риддердегі тіл жанашырлары Оқу-ағарту министрлігіне дейін барысқан. Нәтиже жоқ әзірше. Партиялық бақылау комиссиясы да мәселенің назарда тұрғанын айтты.

Ескіні ғана емес, жаңаның өзін жамап-жасқап жүрген жұмыс­шы­- ларды көрдік. Осыдан бес-алты жыл бұрын ғана қолданысқа берілген Жасөспірімдер спорт мектебінің сапасы сын көтермек емес. Төбесінен тамшы тамып, қабырғалары қоп­сып кеткен. Қыстың күні спорт­залдардағы температураны айтпай-ақ қояйық. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінбегендіктен, спорт мектебінің қызметкерлері өз күшімен әрлеп, сырлап қойған. Тамшы тамып тұрған шатырға дейін ешкімге алақан жаймай жөндеген. Спорт мектебіне қатысты тұрғындар арызданып, шағымданып жүрген мәселе, әуесқойлар жаттығу жасауға келгенімен, спорт залға басшылық кіруге рұқсат бермейді екен. Оның да мән-жайын сұрастырдық. Спорт мектебінің директоры Нұрболат Қуандықұлының айтуынша, мекеме негізінен жасөспірімдер мен балаларға арналған.

– Тұрғындар сабақ уақытында келіп, балалармен қатар жаттыққысы келеді. Бұл дегеніміз – балаларға, жаттықтырушыға кедергі. Ал кешкі жетіден кейінгі уақытта мекемедегі қызметкерлердің жұмыс уақыты аяқталады. Әуесқой спортшылар залды жуып-шаймайды, керісінше ластап кетуі мүмкін. Оның үстіне жарақаттанып қалса кім жауап береді?! Десе де, балалардың сабақ кестесі бекітілген соң тұрғындардың ұсынысын қарастырып көреміз, – дейді Нұрболат Мағзұмов.

Тұрғындар демекші, Риддердегі тұрғын үй кезегінде тұрған азамат­тардың кезегі жуықта жылжымайтын секілді. Себебі 60 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй құрылысының жұмысы созбалаңға салынғаны былай тұрсын, тоқтап қалған. «СК Нұр-групп» мердігер компаниясы бастаған істі жол ортадан тастапты.

– Келісімшарт үзілді. 192 млн теңге қаржы төленіп қойған. Ол қаржыға олар құрылыс материалдарын сатып алған. Бейбіт жолмен шешейік деген мердігер компания басшылығы ол қаржыны 1 шілдеге дейін қайтарып береміз деген. Қайтқан қаржы жоқ. Енді экспертиза жасап, жобаны өзгертеміз. Егер қаржы бөлінсе, келесі жылы жұмысты жалғастырамыз, – дейді Қала құрылысы және сәулет бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Көккөзов.

Жалпы, тұрғын үйге кезекке тұр­ғандардың кезегі кешіккені­мен, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен салынып жатқан екі пәтерлі 10 үй қыркүйекте көп балалы отбасыларға беріле бастайды.

Құрылысы тұралап қалған үйді айтпағанда, Риддер қаласында қар­­қынды жүріп жатқан құрылыс жұ­мыстары жоқ емес. Қала ортасында 140 төсектік көпсалалы аурухана бой көтерген. Қазір ішкі әрлеу жұ­мыстары жүріп жатыр. Мұндағы ме­дициналық құрал-жабдықтар да соң­ғы үлгіде болмақ.

Кезекті жұмыс сапары соңында партиялық бақылау комиссиясы Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаевтың қабылдауында болып, орын алып жатқан өзекті мәселелерді шешу жолын талқылады. Бұл орайда күні кеше ғана тағайындалған қала басшысы бір айдан кейін нақты жауап беретінін айтып сендірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы