«Алтын тобылғы» әдеби байқауы үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтайды. Бұл игі іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырып отыр. Дәстүрлі байқау биыл тоғызыншы рет өтеді. Басты мақсат – заманауи қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау, шығармашылығын насихаттау, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әдеби байқауға 18-35 жас аралығындағы жас қаламгердің қазақ немесе орыс тілдеріндегі шығармасы қабылданады. Автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Байқаудың бұрынғы жеңімпаздары қатыстырылмайды. Бір автордан бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған екі шығармаға дейін қабылданады.
Байқау номинациялары:
- «Жылдың үздік прозасы»; - «Жылдың үздік поэзиясы»; - «Жылдың үздік драматургиясы»; - «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»; - «Жылдың үздік киносценарийі»; - «Жылдың үздік фантастикалық шығармасы»;
Қор биыл ««Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы номинациясын да тағайындаған. Жеңімпаз «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атанып, 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық алады. Ал арнайы номинация жеңімпазына 3 млн теңге беріледі.
Қатысу үшін өтінімді (шығарманы) пошта арқылы Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 1А, Нұрсұлтан Назарбаев Қорына немесе at2022@fnn.kz электрондық мекенжайына жіберу керек. Өтінім 30 қазанға дейін қабылданады.
Толық ақпаратты fnn.kz сайтынан немесе 8 (7212) 767012 телефон нөмірі арқылы білуге болады.