Әлемде уранға деген сұраныс жоғары. Уранның қоры бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда орналасқан. Жыл сайын елімізде 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі. Яғни әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығы біздің елге тиесілі. Сондықтан бұл бағытты барынша дамыту маңызды.
Осы орайда Satbayev University ғалымдары ұңғымалық деректер бойынша қабаттың ұңғымааралық литологиясын және оның сүзу қасиеттерін қалпына келтіруге, қабаттағы гидродинамиканы анықтауға және қабаттағы химиялық және масса алмасу үдерістерін есептеуге мүмкіндік беретін 3D компьютерлік бағдарламаларын әзірледі. Бұл бағдарламалар заманауи әдістермен өндіріске жұтаң кендерді тарту арқылы ресурстық базаны кеңейту және халықаралық нарықта өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды.
Мамандардың уранды ұңғымалық жерасты химиялық шаю әдісімен өндірудің геологиялық, гидродинамикалық және масса алмасу кезеңдерінің математикалық модельдерін әзірлеудегі және жасаудағы тәжірибесі зор. Деректерге сүйенсек, жерасты ұңғымалық шаю әдісімен игеруге жарамды әлемдік барланған уран қорының 65 пайыздан астамы Қазақстан аумағында орналасқан.
Уран өндіру технологиясының отандық ғалымдар ұсынған имитациялық моделі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының бөлімшелерінде толық көлемде қолданылып келеді. Әлемдік нарықта мұндай бағдарламалық қамтамасыз ету әзірге жоқ. Оның үстіне бактериялық сілтісіздендіру әдісімен алтын, мыс және тағы да басқа металдарды өндіретін кәсіпорындарда да имитациялық модельді пайдалануға мүмкіндік бар.
Жүргізілген ғылыми зерттеу барысында кен орнын игеруді жоспарлауға және өндіруді болжауға, өндіру үдерісін басқаруға және оңтайландыруға, бактерияларды пайдаланбай дәстүрлі сілтісіздендіру арқылы өндіруге тиімсіз кендерді өндіріске тарту жолдарын айқындауға мүмкіндік беретін математикалық негіздер салынып, бактериялық сілтісіздендіру әдісімен уран өндіру үдерісінің имитациялық моделі әзірленді. Жобаның жаңашылдығына келер болсақ, 3D талдау арқылы үдерістің дамуын болжауға және өндірудің барлық сатысын бақылауға мүмкіндік беретін уранды жерасты бактериялық шаю әдісімен өндіру технологиясының математикалық және имитациялық (цифрлық) модельдерін әзірлеу көмегімен бактериялық шаймалау технологиясын қолдануға арналған ғылыми негіз құрылған.
Ғылыми зерттеу жұмыстарына командамен жұмыс істеуді, құжаттаманы дайындап, пайдалану жолдарын үйрету мақсатында магистратура мен докторантура студенттері де тартылғанын еске сала кетейік.