• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қыркүйек, 2023

Қоныстойға ұласты

180 рет
көрсетілді

Еліміздің ең ұлық мерекесі – Конституция күні қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында 120 тұрғынға баспана кілті табыс етілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға беріліп отыр.

Бұқараның қуанышы есе­ленген бұл күні 26 адам көп­балалы отбасылар қата­рынан, 35-і ха­лық­тың әлеуметтік жағы­нан әлсіз топтағылар болса, 20-сы жетім және ата-ана қамқор­лығынсыз қалған бала мен 24-і мемлекеттік қы­з­меткер санаты бойын­ша пәтермен қамтылды.

«Президентіміз Қасым-Жо­март Тоқаев халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету­ді күн тәртібінен түсірген емес. Бүгін мерейлі мереке қар­саңын­да «Капстройгрупп-Т» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі салған көпқбатты тұрғын үй ке­шенінің пәтерлері өз иеле­рін тапты. Жаңа баспанала­рыңыз жанға жайлы болып, өсіп-өркен­дей беріңіздер», деген облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен Еңбек­шіқазақ ауданының әкімі Алтай Досымбаев тұрғын үй кешенінің лентасын қиып, пәтер кілттерін иелеріне салтанатты түрде тапсырды.

Баспаналы болу бақытын сарыла күткен тұрғындардың қуанышында шек болған жоқ. «Өз үйім – өлең төсегім» демек­ші, сәні мен сапасы үйлесім тапқан тұрғын үйдің табалдырығын аттаған азаматтардың алғашқы қадамдарына шашу шашылып, ақ тілектер ақтарылды.

Тұрғын үйдің инфрақұрылы­мы толықтай ретке келтірілген. Жасыл желекпен көмкеріліп, жарық тартылған. Ауыз судан да тапшылық болмайды. Ең маңыздысы, жылу мәселесі де толық шешілген.

«Бүгін отбасымыз үшін зор қуаныш. 2012 жылдан бері тұр­­ғын үйдің кезегінде тұрып келе­міз. Басымызда өзіміздің баспанамыз болса екен деп армандаушы едік. Міне, бүгін тәуелсіз елдің азаматы ретінде баспаналы болу құқығына ие болып, пәтеріміздің кілтін алдық. Төл мерекеміз құтты болсын», деген жаңа қоныс иесі Руслан Мұсаұлы жүрекжарды ризашылығын білдірді.

Іс-шара соңы тұрғындардың қоныстойына ұласты.

 

Алматы облысы