Павлодарлық тәртіп сақшыларына облыс әкімі жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін тапсырды.
Павлодар қаласында «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» қанатқақты жобасы іске қосылған. Жоба аясында полиция жұмысына проблемалық-бағдарлау тәсілі енгізіліп, халыққа сервистік қызмет көрсетуді жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар басқа мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен әріптестікті нығайту жолға қойылуда.
Осы бағытта қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сапалы сервистік қызмет көрсету үшін облыс әкімі Асайын Байханов полицейлерге Chevrolet «Nexia» маркалы 20 қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті. Бұл көліктер учаскелік полиция инспекторларына және патрульдік полиция батальоны мен ротасының инспекторларына берілетін болады. Өйткені учаскелік полиция инспекторы көбіне халықпен тығыз қарым-қатынас жасайды. Өз әкімшілік учаскесі аумағында бір өзі көптеген істі атқарады, мәселен, отбасылық қиыншылықтарды, көршілер арасындағы жанжалдарды шешеді, сенімсіз азаматтардың есебін жүргізеді, көше абаттандырылуын бұзылу фактілерінің жолын кеседі.
Ал батальон инспекторлары тәулік бойы аулалар мен көшелерді патрульдеуді қамтамасыз етеді, «102» операторының пультіне келіп түсетін шақыртуларға шығады. Бұл қызметтерді автокөлікпен жабдықтау азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға септігін тигізбек.
– Кез келген қиын сәтте халық сіздерге жүгінеді, өйткені олар сіздерді әділеттіліктің тірегі ретінде көреді. Алдағы уақытта да Павлодар полициясы облыс тұрғындарының құқықтарын лайықты қорғайтынына, ал жаңа қызметтік автокөліктер қоғамдық тәртіпті одан әрі нығайтуға және қылмысқа қарсы күресті күшейтуге қызмет ететініне сенімдімін, – дейді өңір басшысы.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров облыс басшылығына ішкі істер органдарының мәселелеріне үнемі назар аударып, жәрдем беріп отыратыны үшін алғысын білдірді. «Бүгінгі таңда полицияның барлық учаскелік пункті «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» қанатқақты жобасы аясында жаңа форматта жұмыс істеп жатыр. Қазір олар күшейтілген, учаскелік инспекторлар жеке мекенжайларға бекітілмеген, бірақ әкімшілік учаскенің бүкіл аумағына қызмет көрсетеді. Қызметкерлеріміздің жаңа көліктермен қамтамасыз етілуі құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге өз ықпалы тигізеді деп сенемін», деді ол.